- Негізгі бет
- LifeStyle
- Босанғаннан кейін 40...
Босанғаннан кейін 40 күн бойы не істеуге болмайды?
Қырық күнді қазақтар бекерден-бекер ерекшелемейді. Себебі қырық күн – сәби үшін де, анасы үшін де қауіпті әрі қатерлі кезең. Әйел адамға босанғаннан кейін 40 күн бойы не істеуге болмайды?
Алғашқы екі-үш күн көп жүруге болмайды
Жүктілік кезінде және босанғаннан кейін әйел адамның ағзасында релаксин гормоны көп бөлінеді. Сондықтан әйел ағзасындағы барлық орган босайды. Ол бала сыртқа еш кедргісіз шығу үшін керек. Бұл гормонның деңгейі өз қалпына бірден келмейді: оған біраз уақыт керек. Сол үшін де босанғаннан кейін көп жүретін болсаңыз, кіші жамбас органдары төмен түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан босанғаннан кейін алғашқы бірнеше сағат және бірнеше күн көбірек жатқан дұрыс.
Ауыр және қою тамақтар жеуге болмайды
Босанғаннан кейін 40 күн бойы тамақтануға аса мән беру керек. Себебі дұрыс тамақтану арқылы әйел ағзасы жылдам қалпына келеді. Босанған әйелге бастапқыда көбірек сұйық және ыстық тамақтар ішу пайдалы. Әсіресе, қойдың сорпасын ішу маңызды. Сондай-ақ қойдың бүтін омыртқасын мүжіп, сорпасын ішкен әйел белін тез көтереді.
Қолын салқын суға салуға болмайды
Босанған әйел омырауын суық тиюден сақтау керек. Ол үшін омырауын жылы етіп орап қойып, салқын суға жоламауға тырысуы керек. Тіпті, қолын салқын суға аз уақытқа салса да суық өтіп кетуі мүмкін. Босанған әйелдің иммунитеті түсіп кетеді, сондықтан ол кез келген суықты қаттырақ сезуі мүмкін. Аяқты да жылы ұстауға тырысыңыз.
Ауыр көтеруге болмайды
Жоғарыда айтқандай, босанған әйелдің ағзасы қырық күн бойы әлсіз әрі бос болады. Ауыр көтерсеңіз, бұл кіші жамбас органдарының төмен түсіп кетуіне ықпал етуі мүмкін. Сондықтан жақындарыңыздан көмек сұраудан ұялмаңыз.
Ұйықтамай жүре беруге болмайды
Босанған әйелдің ағзасы жылдам қалыпқа келу үшін ұйқы маңызды рөл атқарады. Оған қоса, күнде ұйқыңыз қанбаса, эмоциялық күйіңіз нашарлауы мүмкін. Ананың ашуланшақ болуы балаға да жағымсыз әсер етеді. Күндіз баламен бірге ұйықтап алыңыз. Үйдің шаруаларын жақындарыңызға қалдырыңыз.
Қатаң диета ұстауға және жаттығу залына баруға болмайды
Әдетте, босанған әйелдер жүктілік кезінде жинаған артық салмағынан жылдам арылғысы келеді. Сол үшін өзін қатаң диетамен қинауы немесе жаттығулар жасағысы келуі мүмкін. Алайда балаға ана сүті арқылы пайдалы элементтер барады, сондықтан қатаң диетаға отыруға болмайды. Ал жаттығулар органдарыңызға зиян келтіруі мүмкін. Артық салмақ біртіндеп кетеді. Арықтауға арналған шараларды қашаннан бастауға болатынын дәрігеріңізбен ақылдасыңыз.
Жыныстық қатынасқа түсуге болмайды
Босанғаннан кейін алғашқы бір-екі апта жыныстық қатынасқа түспеген жөн. Егер бұл жайлы сұрақтарыңыз болса, ұялмай, гинеколог дәрігеріңізден сұраған дұрыс.
Жүкті әйелдерге неге түйе етін жеуге болмайды?
А. Жапатова