Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, ақын, драматург Бақыт Беделхан "Алғашқы" бағдарламасында жұбайы жол апатына түскен кезді еске алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бақыт Беделханның жұбайы, танымал актриса Айзада Сатыбалдиева ауыр жол апатынан кейін жан сақтау бөліміне түскен еді.
"Баланы қалай өбектеп өсіреміз, дәл сондай деңгейде болдым", - дейді актрисаның өзі бұл туралы.
Ал ақын мұны сынақ деп қабылдағанын жеткізді.
"Сондай жүкті көтеруді берген шығар Құдай. Құдайға күпірлік жасай алмайсың. Алтынды қайтадан алақаныма салып берген Құдайға шүкірлік етпегенде не істеймін?! Қиындығын көтермегенде?! 16 жасынан бір жағы бауырыңдай бір үйдің адамындай өскеннен кейін осы уақытқа дейін әйел де болды, еркек те болды. Ол ауырғанда мен де әйел де, еркек те болуға тиіспін деп ойладым. Бұл сынақта Жазушылар одағының төрағасының орынбасары едім. Халықпен күнде кездесемін, елдің алдында жүремін. Маған да күш, қолдау керек болды. Бірақ сынбауға уәде бердім. Айзадаға сөз келмесін, "әйелі осындай жағдайға түскен соң Бақыт осындай болып кетті" деп айтпасын деп сол 5 жылда жағамды кірлеткен жоқпын. 5 жылдан кейін спектакльге шықты, өзі жеке роль алды. Дәрігерлердің айтуы бойынша, оған тыныштық, таза ауа, жақсы сөз, жақсы орта керек. Соның нәтижесі шығар деп ойлаймын. Мен бөлек тұруға тура келген сәттер болды. Бір ай, екі ай, үш ай. Сол кезде қатты қиналдым", - дейді ақын.
Еске салайық, жантүршігерлік жол апаты 2018 жылы 29 желтоқсанда таңғы 05:00 шамасында болған. Жол апатының салдарынан актриса Шолпан Елгезекова мен оның құрбысы Динара Хамитова және көлік жүргізушісі қаза тапқан еді. Оқиға болған күннің ертесі жол-көлік оқиғасының бейнебақылау камерасына түсіп қалған видеосы пайда болды. Видео кадрларына қарағанда, Mitsubishi Galant бағдаршамның жасыл түсі жанғанда, Сейфуллин бойымен қозғалысты бастаған, осы сәтте Абайдың бойымен асқан жылдамдықпен келе жатқан Mercedes Gelandewagen оны соғып өткен. Жеңіл көлік соққыдан бірнеше метрге дейін ұшып кеткен.
Артынша жол апатына себепші болған Mercedes Gelandewagen автокөлігінің иесі көлікті мас күйінде жүргізгені белгілі болып, ол сот үкімі бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз