Болашақ президентке тұрмысқа шығуға отбасы қарсы болған: Орта Азия басшыларының жұбайлары туралы не белгілі?

Болашақ президентке тұрмысқа шығуға отбасы қарсы болған: Орта Азия басшыларының жұбайлары туралы не белгілі?
Фото: ашық дереккөз

Бұқаралық ақпарат құралдарында Орта Азия мемлекеттерінің басшылары, олардың жеке деректері туралы мәліметтер жиі жарияланғанымен, жұбайлары туралы жиі айтыла бермейді. Massaget.kz тілшісі Орта Азия елдерінің бірінші ханымдары кімдер екеніне шолу жасады.

Жұмбақ ханым: Түрікменстан президентінің жұбайы туралы не белгілі?

Түрікменстанда экс-президент Гурбангулы Бердымухамедовтың жалғыз ұлы Сердар Бердымухамедов 2022 жылы наурызда президент болып тағайындалды. Билікке келе сала қыздар мен әйелдер қауымына қатысты бірқатар қатаң тыйым, ереже енгізген Түрікменстан басшысы Сердар Бердымухамедовтың өзінің отбасы туралы ашық деректер жоқтың қасы. Дегенмен бұқаралық ақпарат құралдарында оның 2001 жылы 20 жасында үйленгені айтылады. Сондай-ақ, ашық дереккөз мәліметтерінше, Түрікменстан президентінің 4 баласы бар, ал экс-президент Гурбангулы Бердымухамедовтың сүйікті немересі Керимгулы - Сердардың ұлы. Деректерде Түрікменстанның бірінші ханымының есімі енесімен аттас екені, яғни Огулгерек екені айтылады.

Былтыр желтоқсанда Авазада (Түрікменстанда) Әзербайжан, Түрікменстан, Түркия арасында үшжақты саммит өткен еді. Осы саммитте Түркия, Әзербайжан басшылары жұбайларымен келді. Ал оларды Сердар Бердымухамедовтың жұбайы емес, анасы Огулгерек Бердымухамедова қарсы алған.

kaktus.media

Ал Сердардың әйелі туралы ақпараттар әзірге жұмбақ. Сондықтан өзі де жұмбақ ханым.

Күйеуі түрмеде отырғанда, акцияларға қатысқан: Қырғызстанның бірінші ханымы туралы не белгілі?

Айгүл Жапарова (Асанбаева - еск.) 1973 жылы дүниеге келген. Жасы 50-де. 2021 жылғы қаңтардан бастап Қырғызстанның бірінші ханымы болды. Деректерде төлқұжат бойынша есімі Гүлнұр екені де айтылады.

Ашық дереккөз

Ол Ыссық-көл облысында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң Қаракөлдегі медицина училищесіне оқуға түскен, ал кейін И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің педагогика факультетін тәмамдаған. Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, Жапарова сұхбаттарының бірінде күйеуі көрші ауылда тұрғанын, табиғатқа достарымен серуенге шыққанда танысқандарын айтқан. Ол кезде Садыр Жапаров 23 жаста, ал Жапарова 18 жаста болған. Олар 3 жылдан кейін үйленген. 

Деректерде олардың төрт баласы бар екені, енді бір деректерде бес баласы бары айтылады. Қырғызстанның бірінші ханымы сұхбаттарының бірінде негізі төрт баласы барын, Садыр Жапаровтың інісі жол апатынан қайтыс болғанын, сондықтан олардың ұлын қамқорлығына алғанын жеткізген. 2020 жылы олардың тұңғышы жол апатынан қаза тапқан.

2017 жылы Садыр Жапаров ұсталған болатын. Ал бұл кезде оның жұбайы балаларымен бірге Ресейде, Польшада тұрғаны айтылады. Ал сұхбаттарының бірінде Жапарова күйеуі қырғыз-қазақ шекарасынан ұсталған кезде ұлы Рустам да ұсталып, жарты жыл бойы уақытша ұстау изоляторында отырғанын айтқан. Сондықтан ол сол кезде Қырғызстанның бірінші ханымы болған Райса Атамбаеваға ұлын босату туралы өтінішпен жүгінген екен. Ал сол кездегі Қырғызстан президентінің әйелі мұндай істерге араласпайтынын жеткізген.

Садыр Жапаров ұсталған уақытта ол БАҚ пен қоғамдық акцияларда күйеуін қорғап, жиі көзге түскен болатын.

Ашық дереккөз

Сонымен қатар, 2021 жылы ол бірінші ханым ретінде Түркияға алғаш ресми сапармен барды.

© kaktus.media

Болашақ президентке тұрмысқа шығуға отбасы қарсы болған:

Өзбекстанның бірінші ханымы туралы не белгілі?

Өзбекстан президентінің әйелі, Өзбекстанның бірінші ханымы - Зироатхон Хошимова. Ол 1957 жылы дүниеге келген. Қазір 66 жаста. 2016 жылдан бері Өзбекстанның бірінші ханымы.

Зироатхон Хошимова Ташкент ирригация және мелиорация институтында оқыған. Негізгі мамандығы - инженер-экономист. Ол күйеуі премьер-министр болған кезде көпшілік алдына шыға бермегені айтылады. Ал Мирзиеев билікке келген соң Зироатхон Хошимова іссапарларға, Қырғызстан, Қытай, АҚШ, т.б. мемлекеттерге бірге барып, ел алдында көріне бастаған. 

Сонымен қатар, ашық деректерде Қырғызстанның бірінші ханымы "Замин" атты халықаралық қоғамдық қордың төрағасы екені айтылады.

Зироатхон Хошимова Өзбекстанның болашақ президентімен институтта оқып жүрген кезінде танысқан. Ол кезде Мирзиеев комсомол хатшысы, ал Хошимова студент болғаны туралы деректер бар. Алайда қыздың туыстары олардың қарым-қатынасына қарсы болған екен. Қазір олардың Шахноза мен Саида есімді қыздары және бір ұлы бар.

Жуырда Шавкат Мирзиеев 38 жастағы Саида Мирзиееваны көмекшісі етіп тағайындаған еді. Ол - өзінің үлкен қызы. 

instagram/shahnoza_mirziyoyeva

Жоғары білімі жоқ: Тәжікстанның бірінші ханымы туралы не белгілі?

Азизмо Асадуллоева - Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның жұбайы. Эмомали Рахмон билікке 1994 жылы келді. Демек, Азизмо Асадуллоева 30 жылға жуық уақыт Тәжікстанның бірінші ханымы болып келе жатыр.

Ашық дереккөз мәліметтерінде оның Дангара кентінде дүниеге келгені, жоғары білімі жоқ екені айтылады. Олардың 9 баласы бар. Кейбір балалары билікте шенді лауазымдар атқарған.

Сондай-ақ, кейбір деректерде халықаралық сапарларға да жұбайымен өте сирек шығатыны айтылады.

Эмомали Рахмон мен Азизмо Асадуллаева

Қазақстанның бірінші ханымы туралы не белгілі?

Ашық дереккөз мәліметтерінше, Қасым-Жомарт Тоқаев жұбайы Надежда Тоқаевамен ажырасып кеткен. Олардың Тимур есімді ұлдары бар. Ол 1984 жылы дүниеге келген.

Бұған дейін БАҚ-та Надежда Тоқаева болуы мүмкін әйелдің суреті тараған болатын. 

Ашық дереккөз

Ал aktobetimes.kz мәліметінше, Надежда Тоқаева Мәскеу мемлекеттік Тарих және мұрағат институтын бітірген. 2011-2012 жылдары ол Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының әйелдер гильдиясының құрметті президенті қызметін атқарған.

Еске салайық, бұған дейін Орта Азия елдері президенттерінің балалары қандай қызметте болғанына шолу жасаған едік.

Тағы да оқи отырыңыздар: Қазір қай шет тілін үйрену керек?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова