Блогер Қайсар Қамзаға неге іздеу жарияланғаны белгілі болды

Блогер Қайсар Қамзаға неге іздеу жарияланғаны белгілі болды
Фото: instagram.com/qais_arr/

Блогер Қайсар Қамзаға неге іздеу жарияланғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Қаржылық мониторинг агенттігі 1995 жылы 18 қыркүйекте туған Қамза Қайсар Бақытжанұлына халықаралық іздеу жариялаған. Сот оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.

Ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілініп отыр.

"Күдікті 5 жыл бойы Instagram желісінде qais_arr атауымен (2,4 млн оқырман) белсенді блогерлік қызмет жүргізген. Сондай-ақ, Telegram-да "Қора энтертейнмэнт" жабық арнасын (368 мың жазылушы) басқарған. Күдікті әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларын пайдаланып, Pinco сайтында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға бағытталған тікелей сілтемелерді, графикалық элементтерді, видеолар мен жазбаларды жүйелі түрде жариялаған. Сонымен қатар, бейнероликтерде пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокодын көрсеткен", - деп жазылған хабарламада.

Криптоактивтері бұғатталды

ҚМА мәліметінше, ол азаматтарды құмар ойындарға тартуға бағытталған онлайн платформаны жарнамалап, ойын платформасынан сыйақы, бонус немесе пайыз түрінде табыс алып отырған.

"Заңсыз жолмен келген кірісті жасыру мақсатында күдікті криптоәмиян пайдаланған. Оған Pinco интернет казиносының ұйымдастырушыларынан төлемдер түсіп отырған. Сот санкциясымен 182 736,741 USDT көлеміндегі криптоактивке тыйым салынды", - деп жазылған хабарламада.

Агенттік іздеуде жүрген адам туралы қандай да бір ақпарат белгілі болса, мына нөмірге хабарласуды сұрады: +7 7172 70 84 78 - кезекші бөлім.

Еске салайық, жуырда блогер Қайсар Қамзаға іздеу жарияланды. Бұл ақпарат Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің интернет порталында пайда болды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget