- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Блефаропластика, интимді хирургия"....
"Блефаропластика, интимді хирургия". Қазақстандық ер адамдар қандай пластикалық оталарға құмар?
Пластикалық хирургия дамығалы адамдар сырт келбетінің кемшіліктерін түзетуге, жас ерекшелігі өзгерістерін реттеуге және қартаю процесін баяулатуға мүмкіндік алды. Пластикалық хирургия мен косметология клиникаларына, әдетте, әйелдер барады. Бірақ соңғы жылдары олардың көмегіне ерлер де жиі жүгінеді. Қазақстандық ерлер арасында қандай пластикалық оталар танымал? Бұл жайлы Massaget.kz тілшісіне Amira клиникасының пластикалық хирургі және 25 жылдық өтілі бар дәрігер Урмурзин Данияр Қайратұлы жауап берді.
Пластикалық хирург Данияр Қайратұлы соңғы кездері ер адамдар пластикалық ота көмегіне жиі жүгіне бастағанын растады.
"Ер адамдар пластикалық оталар көмегіне жиі жүгіне бастағаны рас. Егер бір жылда жасалатын оталардың бұрын 100%-дан 9%-ы ер адамдарға жасалса, қазір ол 13-15%-ды құрайды. Бұл біз бір жылда жүргізетін оталардың көрсеткіші", - деді ол.
Дәрігер ер адамдар жиі жасататын 5 пластикалық процедураны ұсынды:
1. Блефаропластика
Блефаропластика - қабаққа жасалатын пластикалық ота. Әйелдердегі секілді ерлерде де қартаюдың алғашқы белгілері көз айналасында пайда болады. Әжім, көз астының ісуі және қабақтағы артық тері - бұл проблемалардың бәрінен арылуға блефаропластика көмектеседі.
2. Отопластика
Бұл қалқаң құлақтан арылуға немесе құлақ жарғағын кішірейтуге арналған ота.
3. Липосакция
Артық салмақ - тек әйелдердің емес, ерлердің де проблемасы. Бұл ота арқылы артық майларды алып тастауға болады.
4. Интимді хирургия
5. Тыртықты алып тастау
Хирург емделушілердің пластикалық отаға жүгіну себебінің бірі - өзіне деген сенімділікті арттыру екенін атап өтті.
"Бізге емделушілер біріншіден, жас ерекшелігі өзгерістерін жою үшін келеді. Екіншіден - туа біткен немесе жүре пайда болған эстетикалық ақауларды кетіру. Үшіншіден, олар өмір сапасын арттыру және өзіне деген сенімділікті арттыру үшін жасатады. Себебі қазір ерлер де сырт келбеті мен ішкі сезіміне мән беріп, хирургиялық көмекке жүгінеді", - деді Данияр Қайратұлы.
Еске салайық, бұған дейін Желіде Мұхамеджан Тазабектің бет-әлпетіндегі өзгеріс қызу талқыға түскенін жазған болатынбыз.
А. Жапатова