Биыл жаз әдеттегіден ыстық бола ма?

Биыл жаз әдеттегіден ыстық бола ма?
Фото: depositphotos.com

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елімізде биыл жазда ауа райы қандай болатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маусымдағы ауа райы

Синоптиктердің болжамына сәйкес маусымда Қазақстанның басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы қалыпты деңгейде болады: солтүстікте және орталықта 17-20 градус, батыста 23-25 градус шамасында. Ал оңтүстік-батыс пен еліміздің қиыр оңтүстігінде ауа райы әдеттегіден ыстық болады: жазық өңірлерде орта есеппен 24-28 градус, ең жоғары температура 45 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Батыс пен солтүстік-шығыста жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады, басқа аймақтарда жауын-шашын мөлшері нормадан аз болады.

Шілдедегі ауа райы

Шілдеде ауа температурасы қалыпты деңгейде болады, тек шығыс пен оңтүстік-шығыста климаттық нормадан 1 градус жоғары болады. Жауын-шашын мөлшері негізінен көпжылдық норма шегінде болады, тек еліміздің қиыр солтүстік-батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында жауын-шашын мөлшері нормадан артық болады.

Тамыздағы ауа райы

Тамыз бен қыркүйекте мол жауын-шашын жаумайды. Ауаның орташа айлық температурасы еліміздің басым бөлігінде климаттық нормадан 1 градусқа жоғары болады.

Министр жазға арналған бұл болжам алдын ала жасалғанын, ол әлі де нақтыланып, толықтырылатынын мәлімдеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget