Аққала - сиқырлы сезімдердің себепкері

Аққала - сиқырлы сезімдердің себепкері

Қылышын сүйреп қыс келіп, өз патшалығын құрғалы аз уақыт өткен жоқ. Ақ көрпесіне орап, үскірік аязымен мезі ететін осы бір жыл мезгілі талайлардың көңілдеріне қуаныш ұялатып, ертегідегідей тәтті сезімдерге бөлеп үлгерді. Сиқырлы сезімдердің себепкерлерінің бірі – аққала.

Соңғы кездері ауыл мен қаланың көшелерінде, аулаларда мойындарына шарф оранып, бастарына шелек киіп, сәбіз бен картоп қадалған әдемі аққалалар көптеп пайда болып жатқанын өзіңіз де байқап жүрген боларсыз. Немесе оларды ақ қардан жасап, өмір сыйлап жүргендердің қатарында өзіңіз де барсыз.

Ал сіз бір емес, бірнеше ғасырлық тарихы бар аққалалардың тарихы туралы не білесіз? Қалай сонда? Балдәурен шақтың ең негізгі нышандарының біріне айналған аққаланың пайда болуы туралы деректерді расымен де білмейсіз бе? Мұныңыз ұят емес пе?! Жазбамыз сіздің қателігіңізді түзей алады деген сенімдеміз.

Ел аузындағы аңыздарға нанар болсақ, ХV ғасырдың аяғында, шамамен 1493 жылы итальяндық мүсінші, сәулетші, ақын Микеланджело Буонарроти ең алғаш болып қардан мүсін соққан екен. Ал аққала туралы жазба деректер XVIII ғасырда жарық көрген кітаптарда ұшырасады. Онда алып пішінді «әдемі аққалалар» туралы айтылады.


«Schneeman» («аққала») сөзі ең алғаш рет неміс тілінде пайда болған. Бір қызығы, алғашында аққалалар қорқыныш пен үрейдің нышаны болған деседі. Адамдар аққалаларды ұсқынсыз, қорқынышты етіп соғып, қыс мезгілінің адамдар үшін қауіпті екендігін жеткізгісі келген.

ХІХ ғасырда ғана аққалалар қыс пен Жаңа жылдың «мейірімді» нышанына айнала бастады. Махаббатпен жасалған күлімдеп тұрған қар мүсіндері -  құттықтау қағаздары мен көше жарнамаларында жиі бейнеленетін болды да, үлкен танымалдылыққа ие болды.

Көптеген халықтар аққалларды «періштелер» деп таниды. Өйткені мүсін жасалатын қар – аспаннан келген сый. Сондықтан адамдар өздері соққан аққалаларға тілектерін сыбырлап айтып, мүсін ери сала тілегіміз орындалады деп сеніп жатады.

Аққаланың негізгі киімдері – әдемі шарфтар мен шелек, сыпырғы. Сонымен қатар аққала дегенде көз алдымызға сәбіз, картоп, көмір елестейді. Мұның әрбірінің өзіндік сыры бар.

Сәбіз мен картопты келер жылы молшылық пен шұрайлылық болсын деген ниептен қоятын болса, басқа төңкерілген шелек үйде береке болсын дегенді білдіреді. Ал сарымсақтан жасалған әдемі аққалалар денсаулықтың нышаны (көбіне Румыняда жасалады) екен.

Алты ғасырлық тарихы бар аққала соғу дәстүрі - уақыт кемесінің жағдайына қарамастан, техника мен ғылым дамыған ала құйын заманда да, жас демей кәрі демей күллі әлем халықтарының сүйікті ісіне айналып отыр.

Айтпақшы, 2013-тің аққаласын жасап үлгердіңіз бе?

Суреттер:freeszone.in.ua,joyreactor.cc,gandex.ru,positiveland.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева