Неге кинодағы скафандр ғарышкерлер киімінен өзгеше?

Айға алғаш аяқ басып, тарихта ізін қалдырған АҚШ ғарышкері Нил Армстронг киген скафандр Кейтлин Льюис атындағы Ұлттық авиация және ғарышкерлік мұражайында сақтаулы. "Аполлон-11" миссиясы үшін арнайы тігілген скафандр адамзаттың құнды жәдігеріне айналған.

Соңғы кездері ғарыш туралы, өзге ғаламшардағы өмір жайлы көптеген көркем фильмдер түсіріліп жатыр. Біз көріп үйреніп қалған скафандрдың шын өмірдегіден айырмашылығы бар ма? 

Фильм мен өмірдегі скафандрдың басты айырмашылығы - шлемнің көлемінде. Кинода ғарышкерлердің киетін шлем шын өмірдегіден әлдеқайда үлкен. Өйткені фильм авторлары кейіпкерлердің түрін толық көрсету үшін осындай шараға баруға мәжбүр. Негізі шлемнің диаметрі шамамен 30,5 сантиметрдей болады. 

- Егер "Аполлон" миссиясы кезінде қолданылған шлемдердің суреттерін анықтап қарасаңыздар, ғарышкерлердің басы әрең сыйып тұрғанын байқауға болады, - дейді Кейтлин Льюис атындағы Ұлттық авиация және ғарышкерлік мұражайының қызметкері Лиза Янг.

Бұдан бөлек фильмдерде ғарышкерлер апатты жағдайға ұшырағанда оның скафандры зақымданып, шлемінің әйнегі сынып кететін байқаймыз. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Скафандрды жасау барысында 20 түрлі берік материалдар қолданылады, оған қоса сыртын қосымша аса берік материалмен қаптайды.

Скафандрдағы кішкентай тесік ғарышкердің өміріне аса бір қауіп төндіре қоймайды. Өйткені адамның терісі ісініп, тесік жабылып қалады. Әрине, жанға батыра ауыратыны сөзсіз, дегенмен өміріңізді сақтап қалатыны анық. 

Сондай-ақ көркем фильмде ғарышкерлер бір-бірінің скафандрын әдейі зақымдайтынын көруге болады. Бұл да туынды авторларының фантазиясы. Өйткені скафандрды әдейі келіп бір құралмен зақымдай алмаймыз. Себебі оның материалы адам күші жетпейтіндей етіп жасалған.

Қазіргі скафандрлар өткен ғасырға қарағанда әлдеқайда жетілдірілген. Беріктігі жоғарылап, төзімділігі артқан. Скафандрлар модульді, түймесіз және барлық астронавттарға келе беретіндей универсал етіп жасалады.