НЗМ: Баланың бойындағы химияға деген қызығушылықты қалай оятуға болады?

НЗМ: Баланың бойындағы химияға деген қызығушылықты қалай оятуға болады?
Фото: НЗМ Атырау

Назарбаев Зияткерлік Мектептерінің негізгі мақсаты – болашақта елдің қамын ойлайтын, білімді, бәсекеге қабілетті балаларды дайындау. Еліміздің қойнауы – пайдалы қазбаларға бай. Ал, ол байлықты орынды қолдануды тек болашақ химия мен биология мамандарына тапсырамыз. Осы орайда, Атырау облысы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік Мектебінде химия пәнінің мұғалімі қызметін атқаратын Қосанов Рақымжан Пірлібайұлымен сұқбаттасқан болатынбыз.

– Рақымжан Пірлібаұлы, химия барлық бала сүйетін немесе бірден түсіне қоятын пәндердің қатарынан емес. Оған деген қызығушылық қана баланы химиямен байланыстырады. Баланың бойындағы химия пәніне деген қызығушылықты ояту үшін не істеуге болады?

– Химия пәнінің төркіні жаратылыстану ғылымында жатыр. Демек, бұл пән – біздің күнделікті өміріміз. Барлығы көз алдымызды өтіп жатыр. Егер сіз оқушыңыздың химия пәніне деген қызығушылығын арттырғыңыз келсе, онда сабағыңызда оқушылардың бойында белгілі бір дағдыларды қалыптастыруды мақсат етіңіз. Ол үшін сіз сабақтағы мақсатыңызға жету үшін мысалдар мен тәжірибелерді сол оқушылардың күнделікті өмірінен алған жөн. 7-сыныпта қышқылдар деген тақырыпты өткенде мысал ретінде жастар көп қолданылатын «Кока-кола» сусынын көрсетіңіз. Оқушылар сабақта алған білімін қолдана алатындай мысалдар келтіріңіз:

«Аш қарынға «Кока-кола» ішкен қаншалықты дұрыс немесе «Кока-кола» сусынын қай кезде ішкен тиімді болуы мүмкін?»

Егер әрбір сусынның сыртындағы этикеткасына назар аударатын болсаңыз, осы затты дайындау үшін қолданылған химиялық қоспалар мен қосылыстар көрсетіледі. Ал «Кока-кола» сусынының құрамында орто фосфор қышқылы бар. Қышқыл асқазандағы тамақты қорытуға көмектеседі. Егер ашқарынға ішсеңіз, керісінше, асқазанда қышқылдың мөлшері артуы мүмкін, себебі «асқазан сөлі» де қышқыл.

– Назарбаев Зияткерлік мектептерінде химия пәнін оқытудың ерекшеліктері қандай?

– НЗМ химия пәні немесе басқа да пәндер оқушыларда күнделікті өмірінде қолдануға қажетті белгілі бір дағдыларды қалыптастыру үшін жұмыс істейді. Жоғарыда айтылып өткендей, алған білімін қалыптасқан дағдысы бойынша тәжірибеде қолдана алуы. Бұл – ең бастысы!

– Пәнді ағылшын тілінде үйрету қандай қиындықтар тудырады?

– Пәнді ағылшын тілінде өтуде қиындық ол – тіл білмеу. НЗМ де пәндерде осы бір тіл мәселесін шешу үшін әрбір мұғалім сабақта сол тақырыпқа қатысты тілдік мақсаттарды қамтиды. Бұл, әсіресе, жаратылыстану пәндері үшін өте маңызды. Оқушыны сол пәннің тілімен сөйлету үшін, мысалы химия пәнінің тілімен оқушы химиялық терминдерді біліп, үйреніп қана қоймай, оны қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде түсіндіре алуы керек. Ол біз сабақта сол тақырыптың терминдері мен сөздік диалогтарды ағылшын немесе орыс тілінде оқушыларға беріп отырамыз. Ертеңгі күні оқушы Қазақстаннан басқа шетелдік оқу орнын таңдап, бастапқы түсу емтихандарын тапсырар сәтте, кейін оқу барысында сол терминдер мен диалогтар өзінің қажеттілігін өтейді.

– Балалармен жұмыс істеуде нені ескеру  керек?

– Өзің білесің, химия пәні өзінің тәжірибелерімен қызықты. Тәжірибе кезінде ең бастысы – ол оқушының қауіпсіздігі. Баланың аты бала болып қалады. Біз әрбір тәжірибенің немесе көрсетілімнің алдында оқушыға міндетті түрде қауіпсіздік техникасының ережесін айтып өтеміз. Екіншіден, оқушының өзі жұмыс жасау дағдысының қалыптасуы. Кейде мұғалімдер оқу жасай алмай қалуы мүмкін деп қорқып жатады. Егер мектеп жасынан бастап өз қолымен жасатып, белгілі бір дағдыларды қалыптастырмасақ, болашақта қиындықтарға тап болуы мүмкін. Сонымен қатар, балалар жедел жүзеге асатын реакцияларды, от-шашуларды жасағысы келеді немесе тәжірибелерді қарапайым деп ойлайды. Олай емес, үлкен-улкен ашылулардың негізі сол бір қарапайым тәжірибелерде жатыр.

– Сұқбатыңызға зор алғыс білдіреміз, күніңіз сәтті өтсін.

– Рақмет, қаламдарыңыз мұқалмасын.

Т. Есқали