IQ немесе зияткерлік өлшемі қандай?

IQ немесе зияткерлік өлшемі қандай?
Фото: http://www.caltech.edu

Ақылды адамдар туралы сөз қозғаған сәтте міндетті түрде олардың «IQ» (ай кью) белгісі нешеге сәйкес келетіні туралы да ақпарат қосуды жөн санаймыз. IQ (Intelligence quotient) сөзі зияткерлік коэффициенті деген мағынаны білдіреді. Яғни, сіздің ойлау жүйеңізді есептейтін өлшем бірлігі. Оны анықтау үшін арнайы мамандандырылған тест жұмыстары жүргізіледі.

IQ ұғымы қалай пайда болды?

«Зияткерлік коэффициенті» алғаш рет 1912 жылы неміс психологы әрі философы Вильгельм Штерннің арқасында дүниеге келді. Арада төрт жыл өткен соң, бұл әдісті Стэнфорд-Бен зияткерлік өлшемі бойынша қолданып көрді. Оған деген сұраныс халық арасында күрт артқан соң, бұл тест қолданысқа енгізілді.

IQ  тексеруге арналған арнайы тесттер

Тесттердің барлығы орташа көрсеткіш 100-ге тең болатындай етіп құрастырылған. Адамдардың 50%-ы 90 мен 110 арасындағы балдық көрсеткішке ие болса, 50%-ы не 90-нан немесе 110 жоғары көрсеткішке ие болады. Егер, 70 балдан төмен көрсетсе, оның ақыл-есі кем деген тұжырымға келген.

IQ тесттердің барлығы – қиындық деңгейі жөнінен түрлі топқа бөлінген, бірнеше сатылы. Есеп пен жазу, ойлау мен сараптау жұмыстары деген қабілетін анықтауға арналған тесттерді қайта жасау адамның ойлау көкжиегін арттыра түседі.

IQ әсер етуші факторлар қандай?

–Тұқымқуалаушылық

Адамның зияткер болуы оның қанындағы генмен тікелей байланысты. Сонымен қатар, адамның ойлау жүйесінің дамуына бір ғана ген әсер етіп қоймайды, 17 мыңға жуық генді қамтитын генотип әсер етеді. Егер арғы тегіңізде тектіліктің белгісі болса, сіздің көрсеткішіңіз төмен болмасы анық.

– Қоршаған орта

Басқаларға қарағанда адамның санасының дамуы оның қоршаған ортасына тікелей байланысты. Әсіресе жаңа жетіліп келе жатқан баланың ойына тигізер әсері зор. Дегенмен гендік факторды да естен шығармаған жөн. Бір ата-анадан туған екі баланың ақыл көрсеткіші әртүрлі болады.

IQ дамытуға бола ма?

Әрине, өмірде ешнәрсе бір орында тұрмайды. Сол себептен түрлі жаттығулар, есептер тіпті ұйқыңыздың өзі сіздің IQ көрсеткішіңіздің жоғары болуына септігін тигізеді.

Т. Есқали