Ақ түс - пәктіктің нышаны

Ақ түс - пәктіктің нышаны

Ақ түс... Қар мен бордың, сүт пен қағаздың түсі... Иә, ақ түс туралы білетініміз осы ғана. Осы ағаттығымыздың орнын толтыру үшін ақ түс туралы шағын зерттеуді бірге жүргізейік.

Ақ түс – бейбітшіліктің нышаны

Оңтүстік американдық үндістерде ақ түс бейбітшіліктің, бақыттың нышаны. Ежелгі Перуліктерде де бірлестік пен татулықтың белгісі саналып келген. Жаугершілік заманда ақ түсті жалау – берілуді, татуласуға деген ниетті білдірген екен. Осыған дейін ақ көгершін – бейбітшіліктің нышаны екендігін де айтып өткен болатынбыз.

Әлеуметтік мағынасы

Француздық этнограф Виктор Тэрнердің теориясы бойынша, ақ түс–тұқымның, әйел мен еркектің нышаны екен. Ана сүтінің ақ болуынан оны ана мен баланың нышаны ретінде таниды.

Ал Ортағасырларда Еуропа халықтарында ақ түс жоғарғы биліктің, кейде кәрілік пен ұзақ ғұмырдың нышаны ретінде танылған.

Психологиядағы мағынасы

Ақ түс – таза парақ, онда әлі де талай тарих жазылады. Пәктік, тазалық нышаны. Ақ түс әділдікті білдіреді. Еш бояуы жоқ ақ түс кіршіксіз сезімді көрсетеді. Пәк қалыңдықтар ақ көйлекті осы себеппен де киеді.

Кішкентай балалардың ұғымында «ақ түс» бостандықтың белгісі. Өйткені, көптеген ертегілердің қаһармандары қиын кедергілерді жеңіп, ақ әлемге жетуге талпынып жатады.

Діндегі мағынасы

Шығыс халықтарында ақ түс – қазаның түсі. Егер қара түсті киім киілсе, қайтыс болған адамның жаны ештеңе көрмейді, сондықтан ақ киім киген дұрыс делінген. Сондай-ақ шығыстықтар ақ түсті ақыл мен тәкаппарлықтың нышаны санаған. Индуизмнің бір бағытында ақ – оттың түсі болса, өте ерте замандарда судың түсі болған.

Геральдикадағы мағынасы

Елтаңбаны жасауда ақ түстің орнына күміс қолданылады. Аталған геральдика ғылымында ақ тазалық пен пәктіктің нышаны саналады.

Сиқырдағы мағынасы

«Ақ сиқыр»- мейірімділікті паш етіп, зұлымдықпен айқас барысындағы негізгі құрал ретінде пайдаланылады. Ал алхимиктерде ақ түс ылғалдылықты білдіреді.

Соғыстағы мағынасы

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери қызметтен қашқан француздықтарға қорқақтың нышаны ретінде ақ түсті қауырсындар берген екен.

Сәндегі мағынасы

Ақ түс кез келген адамға жараса кетеді. Ақ түсті киім кисеңіз, ол ашуланшақтық қасиетіңізге тосқауыл қойып, қанағатсыздықтан құтқарады. Мұндай түсті киімдерді әдетте айналасына ұнағысы келетіндер киеді екен. Халық жадында қалыптасқан сенім бойынша, ақ түс – тіл-көзден сақтайды.

Сіз ақ түсті ұнатасыз ба?

Суреттер:voxpopuli.kz,wallspaper.ru,whiteinform.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева