Африкадан адамның тағы бір түрі табылды

Африкадан адамның тағы бір түрі табылды

Археологтар осыдан 2 миллион жыл бұрын адамның тағы бір түрінің өмір сүргендігін айтты. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі BBC News-ке сілтеме жасай отырып хабарлады.

Nature ғылыми журналына басылған мақалада Кения елінің аймағында тасқа айналған 3 адамның бас сүйегінің табылғандығы айтылған. Бас сүйектерді зерттеп, талдағаннан кейін ғалымдар Homo habilis пен Homo erectus-тан (Тік жүретін) бөлек рудольфтық (Homo rudolfensis) түрдің де өмір сүргендігі туралы нәтижеге келді. Адам баласының бұл 3 түрі де Шығыс Африкада көрші тұрып өмір сүрген деп отыр ғалымдар.

Homo rudolfensis-тың өмір сүргендігі туралы ақпарат ең алғаш рет 1972 жылы, Африкада табылған сүйектерден соң айтылған еді. Сол жылы ғалымдар ғылымға белгісіз адам түрінің сүйектерін тауып, қайран қалған болатын. Дегенмен тек қазір ғана антропологтар бұл болжамның шындық екендігіне көздері жетіп отыр. Ендігі жұмыс - бұрын табылған сүйектер мен аталған бас сүйектерге салыстыра отырып анализ жасау. Бұдан соң ғалымдар Homo rudolfensis-тың дене пішіні туралы анық тоқтамға келеді.

Осы орайда зерттеу жұмыстарының авторларының бірі доктор Мив Лики: "Бұл зерттеу адамның "маймыл - примат - қазіргі адам" схемасы бойынша дамығандығы туралы теорияның қате екендігін дәлелдейді. Адам баласы басқа жануарлар секілді дамып отырған. Тастан бұйымдар жасап үйренгеннен кейін адамзат баласы дамудың жаңа дәуіріне аяқ басты", - деп сұхбат берді.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет:bbc.co.uk