Түс көру туралы

Түс көру туралы
Фото: www.tunnel.ru

Өңіңдегі нәрселердің «ксеро-көшірмесі» саналатын түс көру жайлы ғылым дәлелдеген бірнеше қызық дерек бар. Психикасы бұзылған кейбір науқастардан басқа бүкіл адам түс көру қабілетіне ие. Өкінішке қарай, көрген түсіміздің 90 пайызын ұмытып қалады екенбіз.

Әйгілі «Генриадасы» үшін Вольтер, бензол формуласы үшін Август Кекуленің ұйқыға «қарыздар» екенін екінің бірі біле бермес. Бұрын көрмеген бейтаныс жандарды түсіңде көрсең, еш таңғалмай-ақ қой. Ғалымдардың дәлелдеуінше, ол «кейіпкерлер» – шынайы өмірде кездесіп, бірақ есімізде сақталмаған адамдар. Түсіңде кемпірқосақ көрсең, қуануыңның жөні бар. Өйткені, адамзаттың 12 пайызы іш пыстырарлық ақ-қара түстер ғана көреді. Айтпақшы, шылым шегуді қойғандардың түсі тіптен керемет. Басқалармен салыстырғанда, бояуы қанығырақ түстер. Туа біткен зағип жандар түс көре ме екен деп ойлаған боларсыңдар? Олардың түстері дыбыс, әуен, иіс секілді сезімнен тұратын көрінеді. Ал кішкене сәбилер 3 жасқа дейін өз түстерінде өздерін көрмейді. Жапонның қорқынышты қуыршақтары жайлы фильмдерден де жаман сұмдық түстер кездеседі кейде. Ересектерден гөрі, 3-8 жас аралығындағы балаларды сондай түс жиі мазалайды.

Өзінен кейінгі ұрпағының ұсақталуын белгі қылатын Абылай ханның түсі, Бабырдың Самарқан қаласын алар алдындағы түсі, қайда барса өз көрін қазғандарды көрген Қорқыттың түсі бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда.

Саясат әлемінде де бұл белгілер өз «қолтаңбасын» қалдыруда. АҚШ президенті Авраам Линкольн дәм-тұзы таусыларын түсінде көрген. Ақ Үйдің төріне қойылған табытты көріп, оны күзеткен сарбаздан не болғанын сұраса, «Құрама Штаттардың президенті қасақана атылған оқтан қаза тапты» деген жауап алады. Айтқандай-ақ, алты аптадан соң Линкольнді Форд Театрында атып кетеді.

Шығармашылық адамдары үшін де ұйқы – толассыз идея-лардың сандығы тәріздес. Жер-жаһанда бұрын-соңды өмір сүрген астрологтар мен көріпкелдердің ең әйгілісі Мишель Нострадамус 1549 жылы түс көреді. Өзінің болашақты болжаған атақты «Центуриялар» («Ғасырлар») атты еңбегін жазуға отырған. Француз философы Рене Декарт болса, түс көру арқылы ХVІІ ғасырдың ұлы ғалымына айналған. Ол 1619 жылдың 10 қарашасы күні болжамын дәйектей алмаған күйі төсекке құлайды. Түсінде ғылыми жұмысы үш жүз жыл бойы әлем ғалымдарына қызмет еткен. ХVІІ ғасырда өмір сүрген Италия композиторы Джузеппе Тартини түсінде скрипкада ойнап отыр-ған шайтанды көреді. Шошып оянған композитор скрипкасын қолына алып, құлағында қалған әуенді қайталап тартып, қағазға түсіреді. Бұл кейін оның ең үздік шығармаларының қатарына қосылады. Ағылшынның ұлы жазушысы Чарльз Диккенс те көп туындыларының сюжетін өз түстерінен «ұрлаған» екен. Вагнер, Бетховен, Моцарттар да шығармаларын алғаш түсінде естіген. Сыбырлап жеткізгендей екен. Пушкинге «Лициниясының» екі тармағы, Державинге «Құдай» одасының соңғы жолы енген. Периодтық элементтердің кестесін жасау үшін Менделеевке бір түс көру жеткілікті болса, физиолог Отто Левиді Нобель сыйлығының иегері еткен тамаша жаңалығы да түсінде көрінген.

Түс жорудың маңыздылығын ғибрат ететін тағлымды жайттар тарихта да аз емес. Әйгілі Кир патшаның түсіне аяғының астына шуағын төгіп тұрған жарық күн енеді. Ол күнді үш рет ұстамақ болып құшағына қысуға ұм-тылғанымен, күн үш рет оның құшағынан сытылып шығып кетеді де, домалаған күйі алыстай береді. Көріпкелдер мұны: «Сіз отыз жыл патшалық құрасыз» деп жориды. Шынында да Кир патша отыз жыл бойы әмірін жүргізген.

Ақпарат көзі: zhasorken.kz

@. @assel_assanova