- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Элон Маск Марсты...
Элон Маск Марсты игеру үшін термоядролық қаруды пайдалануды ұсынды
Америкалық миллиардерді бізге "Темір адам" фильмінен белгілі Тони Старкқа теңейді. Элонның SpaceX компаниясы бір зымыранды бірнеше рет қолдануды ұсынса, Tesla концерні электромобиль құрылымын дамытуда еңбек етіп келеді. Ал SolarCity болашақта Жерді Күн энергиясымен қамтамасыз етпек.
Америкалық кәсіпкер өзінің кезекті сұқбатында Марсты игерудің екі түрлі жолы бар екенін мәлімдеді. Біріншісі көп жылдық еңбек пен қаржыны талап етсе, екіншісі отарлауды жылдам жүзеге асыру мүмкіндігін береді.
«Біз Марсты Жердің аналогына айналдыра аламыз», — дейді Маск.
Марс ғаламшары Күннен Жерге қарағанда біршама алыста орналасқан. Сондықтан Марс бедерінің орташа температурасы –40°С болып, мұздықтармен қапталған. Оның айтуынша, Марстың қалыпты атмосферасын қайта қалпына келтіру үшін жаһандық жылыну үдерісін қолдан жасау керек, яғни мұз болып жатқан көмірқышқыл газын еріту қажет. Көмірқышқыл газы Марс атмосферасы қабатын қалыңдата түспек. Ол үшін адам баласы қызыл ғаламшарға жылытатын генераторларды орнатуға міндетті. Бұл - көп қаржыны талап ететін қажырлы еңбек.
Элон Маск бұл мәселенің оңай шешімі термоядролық бомба болатынын ашып айтты. Егер бүгінгі таңдағы аса қауіпті қару Марсқа тасталса, мұз кейпіндегі көмірқышқыл газы еріп, атмосфера құрылымы өзгереді.
Айта кетсек, Элон Маск осыған дейін де ғылыми негізі бар болжамдарды айтқан болатын.
Ж. Өрісбай