Ғалымдар көмірқышқыл газынан алмаз дайындауды үйренді

Ғалымдар көмірқышқыл газынан алмаз дайындауды үйренді
Фото: litoart.ru

Америкалық ғалымдардың хабарлауынша, көмірқышқыл газы жеңіл әрі төзімді материал дайындауда ең ұтымды ресурс болып табылады. Бүгінде аталған газ атмосферадағы экологиялық құлдыраудың басты себепшісі болып отыр. Ғалымдар экологияға кері әсерін тигізіп жатқан газды ұтымды мақсатта пайдаланудың жолын ұсынды.

Джордж Вашингтон атындағы университет (АҚШ) ғалымдары көмірқышқыл газын ұшақ пен көлік корпусын жасауда және алмаз төзімділігіне тең элементті дайындауда қолданбақ. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі алмаздың бағасын арзандатып қана қоймай, ғаламшарымыздың климатын тазалау мүмкіндігін беретін болады.

Ғалымдар бізге мектептен таныс электролиз әдісінің көмегімен оттектің нанотолқындарын бөліп алған. Ғалымдардың айтуынша, алынған наноталшықтарды әртүрлі берік заттардың физикалық құрылымын жасауда пайдалануға болады екен. Солардың бірі – алмаз.

Көмірқышқыл газы (CO2) – Жер атмосферасының өзгеруіне алып келген негізгі фактор. БҰҰ ақапаратына орай, оның ауадағы құрамы бүгінде 350 есе артқан. Егер америкалық ғалымдардың әдісімен жаппай өндіру жұмыстары іске қосылса, алдағы бірнеше онжылдық барысында атмосфераны эволюциялық дамудың бастапқы кезеңіндегі халге жеткізуге болады екен.

Ж. Өрісбай