SpaceX компаниясы Dragon жобасын тәжірибеден өткізді (Видео)

SpaceX компаниясы Dragon жобасын тәжірибеден өткізді (Видео)
Фото: www.theepochtimes.com

Бүгін америкалық SpaceX компаниясы Dragon ғарыш кемесінің транспорттық экипажын құтқару жүйесін тәжірибеден өткізді. Адам өмірінің қауіпсіздігіне бағытталған жоба сынағы АҚШ-тың Канаверал мүйісіндегі (Флорида штаты) ғарыш айлағында орын алды.

Тәжірибе барысында SpaceX мамандары Dragon кемесін қосалқы бөлшектерімен жоғары бағыттап, 15 секунд өткенде (1500 метр) төтенше жағдайда экипажды құтқару жүйесін іске қосқан. Ал кеменің негізгі корпусы қауіпсіз аймаққа дейін ұшырылып, парашюттің көмегімен Атлант мұхитына түскен. Қонған нүкте ұшырылған орыннан екі шақырым алыста болды.

SpaceX компаниясының экипажды құтқару жүйесі өзге де қолда бар аналогтарға қарағанда біршама ұтымды артықшылыққа ие. Атап айтқанда кез келген жағдайда жылдам іске қосыла алады және сегіз қосымша қозғалтқышпен жабдықталған.

Аталған қозғалтқыштар Dragon ғарышкерлерін екі секундта 100 метрге дейін лақтырып жібере алады. Ал бес секундта ғарышкерлер белгіленген нүктеден жарты шақырым алыста болады. Бұл экипаждың төтенше жарылыс кезінде аман қалуына кепілдік береді. 

Алғашқы сынақ тәжірибесінің сәтті болуы маңызды емес делінген. Бастысы алғашқы тәжірибеден алынған мәліметтің көмегімен жүйенің құрылымын одан әрі дамыту болып табылады. Егер жобаның зерттеу жұмыстары өз деңгейінде жүретін болса, Dragon кемесі 2017 жылы ғарышқа жол алады. 

Ұқсас жазбалар: 

Америкалық миллиардер Элон Маскті жетістікке жеткізген бес жоба

2015 жылғы ғарышты зерттеуге бағытталған жобалар

Ж. Өрісбай