Тағамның дәмін тіл емес, ми анықтайды

Тағамның дәмін тіл емес, ми анықтайды

Тағамның ащы немесе тәтті екенi тіл арқылы айқындалатыны туралы бала кезімізден білеміз. Дегенмен америкалық ғалымдар көптің ойымен келіспейтіндерін айтады. Олардың пайымдауынша, тілдегі мыңдаған дәм танытқыш сенсордың бірнешеуі ғана тағамның дәмін анықтауға қатысады. Бар мәселе - мида болып отыр.

Колумбия Университеті ғалымдарының зерттеуі нақты дәмнің сипатын тілдегі рецепторлар емес, мидағы жасушалар анықтайтынын көрсетті. Олар зерттеу барысында тілдегі 8000 түрлі дәм танытқыш сенсорды тәжірибе жүзінде бақылаудан өткізген. Нәтижеде олардың кез келгені тек бес түрлі аспекті бойынша дәмді тану мүмкіндігіне ие екені анықталыпты. Зерттеу жұмыстары Nature журналында жарияланды.

Жаңалық осыған дейінгi әр түрлі пікірді жоққа шығарып жіберді. Мысалы, тілдің алдыңғы жағы тәттіні ажырататын бөлшегі деп білеміз. Ал енді ол тек дәм танытқыш құрал болып қана аталып отыр. Дәмнің ара-жігін тек мидағы жасушалар ажыратады екен.

Ғылыми гипотезаны тәжірибе жүзінде анықтау кезінде мида тілдің дәм сезу рецепторларынан шығатын сигналдарды қабылдайтын нейрондар бар екендігі анықталған. Әрбір рецепторға жауапты нейрондар саны 100-ге дейін жетеді. Әзірге мидың рецептордан алынған ақпаратты қалай өңдейтіні анықтала қоймады. Бірақ дәмнің қандай боларын шешетін тіл емес, ми екендігі нақты дәлелденді.

Зерттеу жұмыстары кеміргіштерге тәжірибе жүзінде жүргізілген. Олар тышқандарды әр түрлі дәмді беретін химиялық заттармен қоректендіріп, нейрондарды бақылап отырған. Нәтижеде ми мен тілдің өте тығыз байланыста екендігі және олардың арасында еш ақаулықтың болмайтыны анықталды.

Жалпы зерттеудің алға қойған мақсаты дәм сезу қабілетінен айырылған адамдарға дәм сезуді қайта үйрету болып табылады. Мысалы, әлемдегі ең бай тұлғалардың бірі Билл Гейтстің дәм сезу қабілетін жоғалтып алғаны туралы газет беттерінде жазылған болатын. Сонша қаржысы болса да ешнәрсені өзгерте алмайтыны миллиардер үшін ауыр болса керек. Егер Колумбия Университетінің ғалымдары үздік нәтижеге жетсе, Билл Гейтс дәмді тағамдарды рахаттана тұтына алатын болады.

Сурет: lubell.kz

Ж. Өрісбай