- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Леонардо Да Винчи...
Леонардо Да Винчи туралы аңыз әңгімелер
Леонардо Да Винчи (1452-1519 жж) – қайта өрлеу дәуіріндегі Италияның аса ірі қайраткері және сол кезеңнің негізін қалаушылардың бірі. Оның көркемөнердегі жетістіктері сурет әлемінен ойып тұрып орын алған. Леонардо да Винчи тек ұлы суретші ғана емес, ұлы математик, физик, астроном, архитектор және инженер болған.
Леонардо да Винчи Анкиано елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі – құжат куәландырушы, ал шешесі – қарапайым шаруа.
Леонардо жастайынан еңбексүйгіш болып өседі. Жас кезінде сурет пен мүсін өнерін үйрену үшін Флоренцияға жол тартады. Ол сурет өнерін өнердің басты түрі деп есептеген. «Адам суреттің көмегімен дүниені таниды. Тәжирибе – дүниені танудың бірден бір жолы», –деген сөзі суретшілер арасында кеңінен танымал.
Бірде әкесі өзінің бір танысы беріп жіберген дөңгелек қалқанды үйіне әкеліп, ұлынан оны өз талғамы бойынша әдемі бейнелермен әшекейлеп беруін өтінеді. Ол өзінің оңаша бөлмесіне шегірткелер мен кесірткелердің алуан түрін, жыландарды, көбелектерді, ірі теңіз шаяндарын, жарқанаттар мен басқа да жәндіктерді әкеліп толтырады. Осы мақұлықтарға қарап отырып шабыттанған ол әрқайсысының бейнесін ең бір фантастикалық үйлесімде пайдаланып, құз жартастардың арасынан өрмелеп шығып келе жатқан әлдебір құбыжықтардың бейнесін жасайды. Әкесі әлгі қалқанды көрген кезде ондағы құбыжық суреттерден қорықаннан шегіншектей берген. Кейін бұл қалқан үшін миландық бір герцог көп ақша төлеген.
Ұлы суретші инквизиция қаупінен тайсалмай, адамның дене құрылысын зерттеумен шұғылданып, мәйіттерге ота жасаумен айналысты. Көшелер мен алаңдарды аралап, адамдардың бет-әлпетіне зейін қоя қарады, ерекше бет құрылыстарын қағазға түсірді. Әсіресе, адамдардың көңіл-күйін жақсы көрсететін реніш, қуаныш, қайғы секілді халдер оны қатты қызықтырды. Ол: «Жарыққа қарап, оның нұрына зер сал, сөйтіп көзіңді қас-қағым сәтте жұмып, қайта аш, сонда саған өзің көрген жарық басқаша болып байқалады» деп жазған.
Леонардоның «Мона Лиза» (немесе «Джоконда) деген картинасы бүкіл әлемге мәлім. Жұмбақ күлкі ойнаған әйел әлдебір құпия жайдың боларын алдын ала біліп отырғандай көрінеді.
Леонардо да Винчи жасаған болжамдарымен өз заманынан бірнеше ғасырға озық кеткен. Ол Милан герцогіне былай деп жазды: «Мен ешбір дыбыс шығармастан тар және бұралаң жерасты жолдарын салу әдістерін білемін. Алуан түрлі зеңбіректер жасай аламын. Соғыс теңізде болса... Ең сұрапыл атыстарға шыдайтын киімдерді де, жарылғыш заттарды да, түтін шығармайтын құралдарды да білемін. Ал бейбітшілік уақытта қоғамдық және жекеменшік үйлерді салуда, суды бір жерден екінші жерге өткізуде, сәулетші ретінде өте пайдалы болармын деп сенемін». Оның жобасымен Миланды ауыз сумен қамтамасыз ететін канал қазылған.
Леонардо сәулет өнері, әскери анатомия, жарық пен көлеңке, құстардың ұшуы, судың ағысы мен өлшемі сияқты қыруар дүниелерді зерттеді.
Н. Нұрмаханұлы