Ғалымдар дәуітке әлемдегі ең кішкентай 3D-көзілдірік кигізді

Ғалымдар дәуітке әлемдегі ең кішкентай 3D-көзілдірік кигізді

Дәуіттер жаңа роботтардың түптұлғасына айналуы және бірегей мақсаттарда қолданылуы  мүмкін.

Осының бәрі жәндіктердің көз көру шамасын зерттеуден басталды. Жалпы жәндіктердің басқа тіршілік иелеріне қарағанда көру қабілеті жақсы дамыған. Дәуіттер көздерінің доға өлшемі 70 градусқа дейін бұрыла алатындықтан көздерінің көре алу аясы кеңірек.

Тек бұлар емес, басқа да жануарлар үш өлшемді пішінде көру қабілетіне ие. Мысалы, жылқы, қыран, мысық, мешін, бақа сияқтылар. 1983 жылға дейін ғалымдар омыртқасыздардың көру қабілеті онша дамымаған деп келген. Себебі, олардың миы тым кішкене және қарапайым. Сол жылы Сэмюэл Россель (Цюрих Университеті)  дәуітті негізге алып, бұл гипотезаны жоққа шығарды. Қазірде осындай жобамен Ньюкасл Университетінің докторы Дженнифер Рид (Ұлыбритания) айналысуда. Ол дәуіттің үш өлшемді көру қабілетін зерттеу бағдарламасын жасады.

Зерттеудің мақсаты – дәуіттің кішкентай миы қалай үш өлшемді суретті өңдей алатынын табу. Адамның миында он миллиард шамасында нейрон болса, дәуіттің миындағы нейрон миллионнан аспайды.

ҒАЛЫМДАР ҒЫЛЫМИ ТӘЖІРИБЕНІ ҚАЛАЙ ӨТКІЗДІ?

Ғалымдар арнайы тәжірибе үшін микроскопты 3D-көзілдірік жасады. Араның балауызы көмегімен олар көзілдірікті дәуіттің басына ыңғайлап жабыстырды. Сосын, дәуітті экранның алдына қойып, оның басқа қимылдаған заттарға қатысты әрекетін бақылады.

Ғалымдар жоғары жылдамдықпен (секундына 1000 кадр) түсіретін камераларды қолданды. Ал дәуіттің қимылы астыңғы жақтан және оң жағынан түсірілді. Зерттеушілер толық мағлұматты жинақтағаннан кейін тәжірибені талдауға кірісті. Көзілдірікке орнатылған кідіріс электродтары жәндіктің жүйке белсенділігін де бақылап отырады.

Көзілдірікті жасауда қолданылған үш өлшемді айна фильтрленген, себебі дәуіттің көзі 70 градусқа дейін бұрылып көре алады. «Дәуіттердің көздері 3D-өлшемге арналған құралға ұқсайды. Ол бір затқа көз тастаған кезде оның басы оңға немесе солға бұрылады. Демек, ол өз еркінше көруді одан да тереңдететін секілді. Бұл біздің зерттейтін келесі мәселеміз болмақ», - дейді зертхана сарапшысы Марти Брайан.

БАР КЕРЕГІМІЗ – КӨЗДЕ

Дәуіттің көздері жәндік денесінің басқа бөліктеріне қарағанда пропорционалды емес. Ғалымдар үш өлшемді кескінді өңдеуге жәндіктің миы емес, оның көзі ғана қатысады деген пікірді де қалыптастырып отыр. Бірақ ол, әзірге, жай болжам ғана. Enderle Group компаниясының бас маманы Роб Эндерле де бұл теорияны қолдап отыр. Егер оның жүйесі айқындалса, роботтық технологияның басқа да бағыттары қалыптасады.

Доктор Ридтің әріптесі доктор Вивек Нитьянандтың айтуынша, заттарды тани білу мен оларды ажыратуда адам мен дәуіттің атқарымдары екі бөлек. «Егер адамдар осындай қабілетке ие болғанда өндіріс пен ғылым әлдеқайда дамып кеткен болар еді», – дейді Вивек.

Тағы да оқи отырыңыз:

Нанотехнология арқылы не жасауға болады?

IQ дегеніміз не?

Робототехнология қалай пайда болды?

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет:www.studiodaily.com

Ж. Өрісбай