Жылқы туралы мақал-мәтелдер

Жылқы туралы мақал-мәтелдер
Фото: pixnet.net

Алда жылқы жылы келе жатыр. Қазақтың қанындағы жылқы малына деген махаббаты мен оған деген сүйіспеншілігін философиялық деңгейдегі танымға ұласқан мақал-мәтелдерінен-ақ аңғару қиын емес. 

Жақсы атты тай жағалайды.

Жақсы атқа бір қамшы,
Жаман атқа мың қамшы.

Жақсы атын мақтар,
Жаман қатынын мақтар.

Жақсы аттың тісін ашпа,
Жақсы адамның жасын сұрама.

Жақсы аттың жалын сатқанша,
Жақсы жігіттің арын сақта.

Жақсы аттың терісі,
Қайыс болар, көн болмас.
Жақсы адамның баласы,
Ғарып болар, құл болмас.

Жақсы аттың артынан құнан ереді,
Жақсы жігіттің артынан ұлан ереді.

Жақсы аттың жал-құйрығы,
Әрі жібек, әрі қыл.
Жақсы жігіттің белгісі,
Түзде мырза, үйде құл. 

Жақсы жігіт ат қарыз алады,
Жаман жігіт ет қарыз алады.

Жақсы аттан жал кетсе де,
Әл кетпейді. 

Жақсы аттан жығылса,
Жаман табашыға тұрады.

Жақсы атты күдірде сына.

Жақсы айғыр бастауық болады,
Текті айғыр жеңімпаз болады.

Жақсы айғыр үйірін бөріге алдырмас,
Батыр жігіт ауылын ұрыға алдырмас.

Жақсы айғыр кіндікті келеді,
Бөкселі айғыр бауырлы келеді.

Жақсы бала қонаққа үйір,
Жақсы тай атқа үйір.

Жақсы жігіт пен жақсы ат көптікі.

Жақсы би жақынына тартпайды,
Жақсы айғыр жатырына шаппайды.

Жақсыда мін жоқ,
Жүйрікте сын жоқ.

Жақсыдан жаман туады,
Жүйріктен шабан туады. 

Жалғыз бие ғаба болмас,
Жалғыз ағаш пана болмас. 

Жалғыз аттың пайдасы көп,
Жалғыз жігіттің айласы көп. 

Жаңбыр – көктің ырысы,
Қымыз – көптің ырысы.

Жылқы туралы мақал-мәтелдер топтамасы

Жаралы болатын жігіт байталын атқа сатады,
Жалғыз болатын жігіт ағайынды жатқа сатады.

Жорға жүрісінен пұл болады,
Жаман жүрісінен құл болады.

Жорға жазда өлер, мырза қыста өлер.

Жомарт жоқтығын білдірмейді,
Жүйрік ат тоқтығын білдірмейді.

Жаман ерден жайдағым жақсы,
Жаман қатыннан бойдағым жақсы.

Жақсы ат алдынан сүрінбейді, артынан сүрінеді.

Тай атқа жеткізер,
Ат мұратқа жеткізер.

Жылқы — малдың патшасы,
Түйе — малдың қасқасы.

Теңге тиыннан өсер, 
Жылқы құлыннан өсер.

Жолға салсаң — жорға,
Жонға салсаң – жүйрік.

Атының сыры иесіне мәлім.

Алдыңғы айылдың батқанын,
Иесі білмес ат білер.

Арық атқа қамшы ауыр.


Жылқы түстері

Жылқының түсіне байланысты атаулар

M. Auelkhan