- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Соғыстағы қанатты көмекшілер...
Соғыстағы қанатты көмекшілер
Көгершіндер де соғыс кезінде адал ерлік көрсете білді. Олар санасыз құс болса да, көп жағдайда әскерлердің үмітін ақтады. Көбі оққа ұшып, Отанға өзінше үлес қосты. Олар басқа әскерлермен бірге сап түзеп, арнайы күрделі тапсырмаларды оқып-үйренбесе де, қолдарынан келгенін жасады. Соғыста келген жеңісте адамдардың күші басым екені рас. Бірақ сол жолда қанатты пошташылар аз күреспеді.
Көгершіндер де жауларды алаңдатты
Бұрындары әскери күштер пошташы көгершіндердің көмегіне көп жүгінді. Соғыстың бір жылында көгершіндердің арқасында 15000 "көгершінхат" қолға тиді. Ол шақта жаулар тек әскерлерге ғана емес, көгершіндерге де оқ атуды бастады. Өйткені құстар да әскери күшке айналып үлгерді. Жау әскерлер хат тасып бара жатқан пошташы құстарды атып құлатуға дағдыланды. Басып алынған шекаралардан Рейхтің шешімімен жергілікті өңірдегі барлық көгершіндерді босатып жіберу бұйырылған. Босатылған құстардың көбін атып, көбін Германияға айдаған. Қосымша «қанатты партизандарды» сақтаған иелеріне арналған тек бір ғана айып: Өлім!
Бір кемені құтқарған «Голубчик»
Бұрындары бір сүңгуір қайықтың бортында «Голубчик» есімді пошташы көгершін болды. Бірде сүңгуір айқасқа шығып, фашистердің кемесіне тарпеда лақтырды. Бірақ қайта кетіп бара жатқанда партизандар минасы бар өңірге тап келіп қалды. Мұндайда ешқандай рация да көмектесе алмады. Нәтижесінде олар хабарсыз қалып қойды. Осы кезде әлгі көгершіннің пайдасы тиді. Хатпен бірге ұшырылған көгершін екі күн ішінде мыңдаған километрден асып өтіп, діттеген жеріне аман жетеді. Сонда ол сағатына 60-100 километр қашықтықты артта қалдырып отырған. Пошташы көгершін түнде де ұшуды жалғастыра берген, тіпті түнде де жақсы ұшқан. Осы бір пошташы көгершіннің арқасында кемеге жедел түрде көмек жіберіліп, қаншама әскер ажал аузынан қалды.
Көкшіл сұр түсті «48» нөмірлі көгершін
Дұшпандардың тылындағы барлаушылар отряды жаулардың қолына түсіп қалып, өз жағынан байланыссыз қалады. Бір ғана рацияның мүмкіндігі болды. Бірақ ол да істен шықты. Әйткенмен бұл әскерилерде арнайы соғыс жаттығуларына үйретілген «48» нөмірлі көкшіл сұр түсті көгершін болды. Олардың жалғыз үміті көгершінде еді. Оның аяғына әуе байланысы орнатылды. Бірақ өз жеріне қарай ұшқан көгершінді фашистер танып қойып, атып құлатпақ болды. Көгершін жарақат алса да, жау қолына түспей, оңай сытылып ұшып үлгерді. Жарақаты үдеп кетсе де, діттеген жеріне жетуді көздеген көгершін әлі құрып, дәл кезекші жауынгердің алдына топ ете қалады. Құлап түскен көгершіннің жарақаты ауыр болғаны соншама, тыныс алуы да оңайға түсе қоймаған. Өз тапсырмасын адал орындап үлгерген көгершін мал дәрігеріне қаратылды.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: realfacts.ru
А. Әбілхан