- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Иттер бізді қалай...
Иттер бізді қалай көреді?
Иттердің адам тілін түсініп, тек сөйлей білмейтіндіктерін жақсы білеміз. Ит асырап жүргендеріміз бар болса, сөзбен тапсырма беріп, күнделікті орындатып көрген де болар. Ал сол иттерге біз қалай көрінеміз? Көздерінің құрылысы қандай екен деген сұрақтарға жауап іздеп, мынадай мәліметтерге кезіктім:
Иттердің жанары әлемді түрлі-түсті кейіпте көреді екен. Бірақ, дәл адамдар секілді емес. Олар қызыл түсті аса байқамайды. Бұл дальтониктердің көруіне қатты ұқсас. Ал бізге көк, жасыл болып көрінетін түстер иттерге ақ болып көрінеді. Сол себептен сары-жасыл және қызыл мен қызғылт түстердің арасындағы айырмашылықтарды байқамайды. Есесіне сұр түстің кез келген реңкін бір-бірінен ажырата алады. Мәселе алакөлеңкеде түсті айыруға көмектесетін таяқшалардың көптігінде емес, сол таяқшалардың адамдармен салыстырғанда сезгіштігінің аса жоғарылығында. Осы қасиетінің арқасында түнде де көздері жақсы көреді. Күндіз де жаман емес.
Иттің көздерін екі бөлікке бөліп қарастыруға болады: жоғарғы және төменгі. Жоғарғы бөлігі қара заттарды жер түстес заттардан ажыратуға көмектеседі. Сол жоғарғы бөліктің фоторецепторларында түстерді қабылдайтын мембрана орналасқан. Мембрана көліктің жарықшасына ұқсайды. Жоғарғы бөлігі қажет түстерді қабылдаса, төменгі бөлігі «қажеті жоқ» түстерді қабылдайды.
Бақылай келе иттердің алыстан жақсы көрмейтіндігін анықтадық. Алыстан көру қабілеті +0,5 диоптрииге сәйкес келеді. Бұл дегеніміз үйдегі ата-әжелеріміздің көру қабілетімен бірдей. Олар үшін алыс жақыннан көру маңызды емес, күндіз де, түнде де жақсы көру маңызды. Төрт аяқты жануарымыз жылжып бара жатқан нәрселерді 800-900 метр қашықтықтан көре алады. Сол нәрсе бір орнында тұратын болса, 600 метр қашықтықтан байқайды. Осы себептен де итке қарай жүгіруге болмайды. Жүгірсеңіз бірден түйсігі іске қосылып, сізді дайын олжа ретінде қабылдауы мүмкін. Тағы бір ерекшеліктері иттер ара-қашықтықты дәл анықтайды. Адамдарға қарағанда жақын маңдағы шапшаң жылжып жатқан нәрселерді толықтай қамтып үлгермейді. Біздер көз алдымызда бірнеше саниметр жерде тұрғандарды анық ажырата алсақ, иттер 35-50 см ара-қашықтықтағына көздері бұлдырып көреді. Көру деңгейіне келер болсақ, адамдікімен салыстырғанда 3 есе төмен. Итіңіздің жанарының көру деңгейін байқау мақсатымен мамандарға баратын болсаңыз, әзер дегенде үшінші жолақты ажыратады. Ал әдетте адамдар оныншы жолға дейін таңбаларды ажырата алады.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: animalspase.net
Қ. Бүйенбай