Үй тапсырмасының пайдасы жоқ

Соңғы зерттеулер үй тапсырмасының төменгі сынып оқушыларының үлгеріміне әсер етпейтіндігін дәлелдеді. Сондықтан да оған көп көңіл бөлудің қажеті жоқ.

Бұл пайымдауды айтып отырған – аустралиялық ғалымдар Ричард Уокер және Майк Хорсли. Ғалымдар осы тақырып бойынша халықаралық зерттеулер мен сауалнамалар жүргізу арқылы «Үй тапсырмасын реформалау» атты еңбек жазып шықты.

Бұлай дейтініміз, бастауыш сынып оқушылары үй тапсырмасын көбіне ата-аналарымен бірге отырып орындайды. Тіпті, тапсырманың көпшілігін ата-ананың орындап беретіні өтірік емес. Немесе оқушы тапсырмаларды тисе терекке, тимесе бұтаққа деп орындайды. Мұндай көмек білім беру жүйесіне оң әсерін бермейді. Оған қоса, мұғалімдер оқушыларға шын мәніндегі қызықты жұмбақтарды берудің орнына, үйіп-төгіп тапсырма берудің шеберіне айналған. Бұл жағдайда үй тапсырамының мақсаты – сапа емес, сан болып тұр.

Уокер мен Хорслидің айтуынша, бұл тұжырымнан кейін үй тапсырмасын мүлде ысырып тастаудың қажеті жоқ. Оның баланың дамуына әсері айтарлықтай болмағанымен, жеке жұмыс жасап үйренуіне, өз уақытын жоспарлауға үйретеді.

Ғалымдар үй тапсырмасын мүлдем алып тастауға да қарсы. Оның есесіне, үй тапсырмасына қатысты басқа білім беру стандарттарын ойлап табуды ұсынып отыр.

 

Суреттер: byaki.net

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева