Биыл қандай мамандық трендте болды?

Биыл қандай мамандық трендте болды?
Фото: massaget.kz

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында биыл мемлекеттік тапсырыс 20 мың грантқа көбейді. ҚР БҒМ мәліметінше, Қазақстан бойынша білім беру гранттарының саны 53 000-нан асты.

Еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі Сүлейман Демирел университетінде мемлекеттік грант иегерлерінің саны екі есеге артыпты. 2017 жылы  мемлекеттік грант бойынша оқу орнына 560 студент түссе, биыл грантқа ие болғандар саны – 1168. Олардың қатарында ҰБТ-дан ең жоғары нәтижеге ие болған алматылық Шиара Құдайбергенова да бар. Ол СДУ-дың Бизнес мектебіне қабылданып, «Қаржы» мамандығын таңдады.

СДУ қабылдау комиссиясының сарапшылары аналитикалық талдау жасап, талапкерлердің арасында трендке ие болған мамандықтарды анықтады. Сараптамаға сәйкес, жеті сұранысқа ие мамандық үздік топқа енді.

Үздік жетіліктің көшін «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бастап тұр. Бұл мамандықты  290 болашақ IT кадры таңдап, СДУ-дың Инженерлік және жаратылыстану факультетіне қабылданды. Бұл – бүкіл ел бойынша грантқа ие болған  талапкерлердің 20 пайызы. Мамандыққа түсудің ең төмен көрсеткіші – 97 балл. Соңғы екі жылда «Ақпараттық жүйелер» мамандығы Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігінің рейтингі бойынша бірінші орында тұр.

113 талапкер жаңа педагогикалық «Химия-биология» саласын таңдады. Бұл мамандыққа ең төмені 81 балмен өтті. Пайыздық тұрғыдан алғанда бұл – ҚР бойынша жалпы грант иегерлерінің 48 пайызы. «Химия-биология» саласының басты артықшылығы – сабақ толығымен ағылшын тілінде оқытылады. Жаңа педагогикалық мамандық Елбасының үштілділік саясаты аясында оқу орнында бір жыл бұрын ашылған әрі бұл күні талапкерлер арасында жоғары сұранысқа ие.

Үшінші орында – «Екі шет тілі» (Two foreign languages) мамандығы. 95 болашақ лингвист өз таңдауын осы мамандыққа  жасады. Ең төменгі өту ұпайы – 119.

Сондай-ақ «Халықаралық қатынастар» мамандығына бүкіл мемлекет бойынша 47 грант бөлінсе, соның ішінде 13 грант иегері СДУ-ды таңдаған.

98 талапкер «Математикалық ғылымдар» бағыты бойынша еліміздің беделді профессоры Асқар Жұмаділдаевтың шәкірті атануға ниет білдірген. Бұл мамандыққа өту үшін ең төмені 80 балл жинаған. Бұл мамандыққа биыл Білім беру сапасын қамтамасыздандыру агенттігі ең қажетті мамандықтар тізімінде бірінші орынды берген.

22 талапкер «Қаржы» мамандығын таңдаған. Өту ұпайы – 123. СДУ Бизнес мектебінің ерекше артықшылығы – түлектерге Халықаралық АССА сертификаттарын тағайындауда, бұл бітірушілерге қосымша қызметтік құзірет береді.

«Есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы «үздік жетілікті» түйіндеп тұр. Бұл мамандыққа биыл 274 грант иесі түсті. Өту ұпайы 87-ден жоғары болды.

Жас дос, міне, көшбасшы мамандықтар тізімін білдіңдер. Сендерді болашаққа қажетті мамандықты таңдайды деп сенеміз. ҰБТ жақындағанда емес, орта сыныптан бастап қай саланы таңдайтындарыңды нақтыласаңдар, алынбайтын қамал жоқ.

Жадыра Нармаханова

«Ұлан» газеті, №34
21 тамыз 2018 жыл

Massaget.kz