"Болашақ" бағдарламасына уәждемелік хат жазу үлгісі

"Болашақ" бағдарламасына уәждемелік хат жазу үлгісі
Фото: tengrinews.kz

Жыл сайын мыңға тарта қазақ студентіне шетелге білім алуға мүмкіндік беретін "Болашақ" бағдарламасына құжаттар тапсыру жалғасып жатыр. Жалпы байқау 29 мамыр басталып, 15 қыркүйекке дейін жалғасын табады. 

Болашақ бағдарламасына магистратура, докторантура немесе тәжірибе алмасу мақсатында тапсыруға болады. Үміткерлердің басым бөлігі шетелде магистр деңгейін алғысы келетіндер, әдетте. Оның стандартты талаптарына екі жыл жұмыс тәжірибесі мен жұмыс беруші кісінің оқу тәмамдағаннан кейін қайта жұмысқа алуға орай берген сенім хаты бар. Десе де, бұл талаптарды орындай алмайтын болсаңыз, құжаттарды "жалпы байқау" бойынша тапсыра аласыз. Ол үшін ағылшын тілін білу деңгейіңіз IELTS стандарты бойынша 6,5 балл болуы тиіс. Сонымен қатар, бұл категорияға ену үшін бакалавр деңгейінде GPA 3,3 болуы керек.

Болашақ бағдарламасының ресми сайтына кірсеңіз, тапсыру керек құжаттар тізімін табасыз. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – уәждемелік хат. Бұл хат арқылы сіз өзіңіздің шетелде оқуға деген ықыласыңызды, жоспарларыңыз бен құлшынысыңызды дәлелдей алуыңыз керек. Жауапты мамандары осы құжат арқылы анонимді түрде сізді екінші кезеңге өткізу не өткізбеу керек екенін анықтайды. Сондықтан уәждемелік хатты жазу кезінде мұқияттылық танытыңыз.

Үлгі ретінде біз үміткерлерге осы жылы тапсырып, "Болашақ" бағдарламасының шәкіртақысын ұтып алған талапкердің жазған уәждемелік хатымен бөлісуді ұйғардық. Бұл, әрине, үлгі емес. Десе де, екінші кезеңге өткізілген нұсқалардың бірі.

Уәждемелік хат

Құрметті Жанболат Жарылқасынұлы

Қазіргі таңда кез келген салада дата мамандарына сұраныс артып отыр. Қазақстанның нарықтық экономикада белсенділігі артқан сайын, дата журналистерінің еңбегі елене бастады.

Аты-жөнім – ... ... . ҚазҰУ-ды тәмамдағаннан кейін «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқуды көздедім. Бірақ сол жылы журналистиканың нақты қай бағытын таңдарымды білмедім. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына Big Data бойынша іс-тәжірибемен барғанымда Колумбия университетіндегі "How to write story with data" атты семинарларға қатыстым. Спикерлер The Wall Street Journal мен Bloomberg басылымдарының дата сарапшылары болды. Олардан үйренетінім көп екенін аңғарып, дәл Колумбияда білім алуды мақсат еттім. Статистикалық ақпаратты қарапайым халыққа жеткізуді, әзірге, осы екі басылымның журналистерінен артық білетін мамандар жоқ. Менің таңдауым – дата журналистика.

Нью-Йорк қаласы қаржы орталығы болғандықтан, медианың басым бөлігі қаржы сараптамасына бағытталған. Сондықтан оның медиа ресурсынан мол тәжірибе алуға болады. Колумбияда оқып жүріп, Bloomberg басылымында тәжірибеден өтуді бірге алып жүру мүмкіндігін қарастырамын.

Америкалық компаниялардың 48%-ы 2016 жылы Big Data зертханаларына инвестиция жасаған. Осыдан дата анализге сұраныс артқанын білеміз. АҚШ-та білім алған соң, Қазақстандағы ақпаратты бір секторға орталықтандыратын сараптамалық институт құрамын. Ол қаржы, экономика және бизнес салаларына R&D мен Deep Learning жүйесімен талдау жасау принципі негізінде құрылады. Сонымен қатар, IT бағдарламалау тілімен Open Data ресурстарын біріктіретін зертхана құрып, дата журналистерін дайындайтын мектеп ашамын.

Оңтүстік Корея және Сингапур дамыған елдерді қалай қуып жетсе, Қазақстанның да сол деңгейде потенциалы бар. Елімізде Open Data ресурстарын көбейту арқылы "ашық экономика" саясатын жүргізіп, ел әл-ауқатын одан әрі жақсарта аламыз. Ал жасанды интеллектінің көмегімен біз прогресс жылдамдығын арттырамыз.

«Digital Kazakhstan – 2020» жобасының негізгі мақсаты да – осы Open Data экожүйесін жасау. Мен бұл жобаның дамуына өз үлесімді қосқым келеді.

Құрметпен,

... ...

Ж. Өрісбай