ҚазҰУ-дың «Ана тілі аруы» мен «Жігіт сұлтаны» анықталды

ҚазҰУ-дың «Ана тілі аруы» мен «Жігіт сұлтаны» анықталды
Фото: Автордан

Қараша айының 20-жұлдызында Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Студенттер Сенаты дәстүрлі түрде өткізетін «Ана тілі аруы және Жігіт сұлтаны-2015» байқауы өз мәресіне жетті.

Бұл байқаудағы басты мақсат – жастар бойында ұлттық тәрбие құн­дылықтарын дамыту, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту, жастардың жеке тұлға ретінде жарасымды дамуына, бүгінгі  қыздар мен жігіттер­дің шығармашылық және жоғары зият­кер­лік әлеуетін арттыру, табиғи сұлулықты насихаттау.

Қазан айының 7-8 жұлдызында сайыстың іріктеу кезеңі өтті. Байқаудың алғашқы кезеңіне әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен 400-ге жуық үміткер қатысты. Екінші кезең, «Таланттылар тартысы» 14 қазан күні болды. Бұл кезеңде байырғының бүгінге жеткен асыл мұрасын насихаттаған 70-ке жуық сайыскер екінші кезеңге жолдама алды.

Ал, ақтық мәреде қатысушылардың интеллектуалды өресі, өнері, білімі сараланған бұл сында 13 факультеттен  10 ару мен 10 сұлтан бәйгеге түсті. Екі ай уақытқа созылған бұл байқау аруларымыздың өз қолымен дайындаған ұлттық тағам әзірлеудегі шеберлегін, ал сұлтандар ат әбзелдеріне байланысты сұрақ-жауап беріп алғырлықтарын байқатты.

Сайыс әділ қазылары құрамында: Нұржан Тәжікенов, Али Окапов, Ольга Ким, Санди Бексырға, Руслан Абдразаков сынды өнер адамдары болды.

Бұл таласты тартыстың ақтық сыны да жоғарғы дәрежеде өтті.

Арулар мен сұлтандар сәлемдесу, сұрақ-жауап, өнер, ұлттық нақыштағы заманауи сән үлгілерін көрсету кезеңдері бойынша бақ сынасты. 

Дүбірлі дода көрермендерге түрлі әсер сыйлағаны анық. Күміс көмей әншілеріміз ән шырқап, енді біреуі би билесе, сахна саңлақтары әсерлі көріністер қойды.

Ақтық мәре қорытындысы бойынша, байқаудың бас жүлдесі «Ана тілі аруы-2015» филология және әлем тілдері факультетінің 3-курс студенті Жутаева Әселге бұйырды. Ал, «Жігіт сұлтаны-2015» атағы Тоқтар Дәулет, география және табиғатты пайдалану факультетінің 2-курс студентіне табысталды. 1-орын: Химия және химиялық технология факультетінің студенті Валиева Найля және де Механика-математика факультетінің намысын қорғаған Жолекен Жандос иемденді. 2-орын иегерлері: Ермұханбетова Әйгерім және Сүлейменов Серік. 3-орын жүлдегерлері: Жақан Ұлжан мен Қондыбай Медет. «Brosh» аруы атанған Қобдабаева Аэлита, «Inmode» аруы атағын Жұмахан Ұлдана қанжығасына байлады.

Шамишева Динара

Г. Берік