Студент: Азық-түлікті қайдан алған дұрыс?

Студент: Азық-түлікті қайдан алған дұрыс?
Фото: magnum.kz

Қоғамымызда «Студент – бейшара халық» деген ұғым қалыптасып қалған. Ақшасы болсын, болмасын, сәл жетпей қалса, «студентпіз ғой» дей салады. Әсіресе, тамақ алған кезде барынша үнемдеуге тырысады.

Үнемшілдік оймен азық-түлікті арзан, үлкен супермаркеттерден сатып алуға асығады. Ал бұл ақша экономдауда қаншалықты пайдалы? Тиімді болады, егер...

...Арзан супермаркет жақын болса. Төмен бағада сатылатын үлкен дүкен тұратын жеріңізге жақын болған жағдайда ғана сол жерден алуға болады. Ал сауда орны мен тұрғылықты мекенжайдың арасы қашық болса, барғанда қоғамдық көлікпен жеткенмен, қайтар жолға такси ұстау қажет болады.

...Жеке өзінің не танысының көлігі болған жағдайда. Алыс жердегі азық-түлік дүкеніне апарып, қайта алып келетін көлік болмаған жағдайда, қайтар жолда артынып-тартынып бірнеше қолдағы бірнеше қалтамен қоғамдық көлікке отыру ыңғайсыз, амалсыз такси жалдайсыз. Таксиге төлейтін ақша және арзанға алған азық-түлік үстіндегі ақшаны есептеп көріңіз. Мекеніңізге жақын жердегі сәл қымбат дүкеннен алмай, қашықтағы супермаркетке барғанмен, таксиге жұмсаған ақыңыз тауарға қосылған аз-маз теңгенің үстемесін өтемеуі мүмкін. Оның үстіне, күш-қуатыңыз бен уақытыңызды да жоғалтасыз.

...Тым көп тауар сатып алмаған жағдайда. Әдетте, әр айдың соңында брендті супермаркеттер атауы жазылған ондаған пакет арқалаған студенттер жиі кездеседі. Басқа кезде мұндай көрініске көп куә болмаймыз. Демек, барлығы дерлік жалақы мен шәкіртақы түскен кезде ақшаны қосып, бір айға жететін азық-түлікті бір-ақ алады.

Тағы бір ескеретін жай, «Акция», «Арзан баға» деп ашық түстермен бадырайтып жазып қойған жазулар жанына шықпай, «студентпіз ғой» деген сылтауын сүйретіп, мүмкіндігінше арзан тауар алуға тырысады. «Арзанның сорпасы татымайды» дегенді аталарымыз бұрында айтып кетті.

Соншалықты мол тағамды сақтайтын орын болса жақсы, болмаса ол жарты айға жетпей бұзылып, зая болады. Оны құнттап, алдымен тез бұзылатын тағамдарды тұтынып, жеуге жарамсыз болып бара жатқан азықтарды да кәдеге жаратып, басқа тамақ дайындай қою деген секілді ойлар кез келген студенттің қаперіне кіре бермейді.

Үлкен сауда орындарынан азық алғанда көп дегенде екі аптаға шақтап алған дұрыс. Тұратын жеріңізге жақын жерден басқаларымен салыстырғанда арзандау дүкен тауып алып, тұрақты сол жерден сатып алыңыз. Студенттер көп шоғырланған маңайдан ондай дүкен табылады. Ал таңдау көп жерден, яғни супермаркеттен алғыңыз келсе, аз-аздан, балғын түрлерінен сатып алған абзал. Үйге қайтар жолда қоғамдық көлікке отырып, ақша үнемдеуге де ыңғайлы жолы осы.

@. @assel_assanova