- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- Жаңа оқыту идеясының...
Жаңа оқыту идеясының кемелденуі
Қазіргі таңда білім берудің әлеуметтік құрылымы маңызды мәселе. Дүние жүзінде білімнің ролі артып, әр елдің өзіндік білім беру жүйесі тағайындалуы, Қазақстан Республикасының білім беру саласына әсерін тигізіп отыр. Осы орайда, білім сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген Педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасы іске асырылуда.
Қазіргі заман талаптары адамның тек кәсіби білімді меңгеруін ғана емес, интеллектуалдық әлеуетінің де жоғары болуын қажет етеді. Бұл жоғары білім жүйесінің алдына қойған жаңа міндеттері.
Болашақ маманның тұлғалық дамуының негізгі параметрлері оның жалпы адамзаттық құндылықтарға бағытталуы, ізгілік, зиялылық, креативтілік, белсенділік, жеке басының намыс сезімі, ой-пікірдегі тәуелсіздік болып табылады. Осы қасиеттердің даму деңгейі тұлғаның әлеуметтік қалыптасуы мен әлеуметтік біліктілігінің көрсеткіштері деп қарастыруға болады.
Қазіргі өзгермелі дүние жағдайында студенттердің тұлға ретіндегі әр түрлі қабілеттерінің жетілуінің басты факторы - оларды адамдармен тіл табыса жұмыс істеуге төселдіретін, қоғамдағы бәсекелестікке бейім адамды тәрбиелеудің өзегі саналатын комуникативтік әрекет болып табылады. Мұнда тұлғаның қарым-қатынас мәдениетіне, көпшілік ортасында өзін-өзі ұстау әдебіне, сөйлеу мәнеріне, этикеттік орамдарды дұрыс қолдана білуіне дағдыландыруға назар аударылады.
Осы орайда, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушылары да «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген Педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасын оқып, оны өз сабақтарында қолдана бастады. Осы курстан дәріс алған, Педагогика және психология институтының жалпы жас ерекшелік және әлеуметтік педагогика кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.к. Д.А.Нұрғалиева «Талантты және дарынды студенттерді оқыту барысында формативті және суммативті бағалау» коуч-семинарын өткізді. Коуч-семинарға Педагогика және психология институтының профессор-оқытушы құрамы қатысты. Коуч-семинар басталысымен қатысушылардың барлығы да қызу талқылауға кірісіп кетті. Семинар сабағында қолданған интерактивті іс-әрекеттің барысында уақыттың тез жылдам өтіп кеткені де байқалмады.
Коуч сабағын өткізу барысында ПОҚ сабақ тақырыбына байланысты тапсырмаларды қызу талқылап, орындап отырды. Әрбір берілген тапсырмаға топпен қатысып, топтық анализ жасап, өзара пікіралмасу қызу жүріп отырды. Коучинг барысында тақырыптық жұмыстарды жасай отырып, білім сапасын арттыру мақсатында критериальдық бағалау жүйесін дамытудың артықшылықтарын хабардар етті.
Жоғары мектеп дамуының қазіргі кезеңінде білім сапасын бағалау жүйесін өзгерту немесе жаңарту мәселесі неліктен пайда болды? Ол үшін ең алдымен, мәселенің туындауына себепші болып отырған мынадай қайшылықтарды қарастыру қажет:
1. Жүз пайыздық балдық жүйенің қазіргі заманға сай білім жүйесін қанағаттандыра алмауы (бағаның субьективтілігі, нақты бағалау критериінің болмауы - бағалаудың дұрыс немесе дұрыс еместігі туралы ақпараттың болмауы);
2. Студент танымындағы өзгерістер мен білім саласындағы қалыптасқан қарым-қатынастар сипаты арасындағы қайшылықтар;
3. Білім беру жүйесіндегі болып жатқан өзгерістер мен осы жүйені басқарудың сипаты арасындағы қайшылықтар;
4. Әлеуметтік сұраныстардың өзгеруі...
Қазіргі білім беру жүйесінің ерекшелігі, оның негізгі тауары - құзіреттілік, яғни білім алушының қандай да бір іс-әрекетке құзіреттілігін дамыту, арттыру, қалыптастыру. Сондықтан студенттің білімін, біліктілігін, дағдысын бағалаудан, оның құзіреттілік қасиетінің қалыптасуын бағалауын қажет етеді. Яғни, оқыту және үйрену барысында қолданылған интерактивтік іс-әрекеттің негізгі идеясы – өзара түсіністікке, ынтымақтастыққа негізделген достық ахуал жағдайындағы екіжақты және көпжақты қарым-қатынас, пікірлесім, тілдесім. Демек, қатысушылар ашық түрде белгілі бір мәселелерді талдауға, өз ойын ортаға салуға, қарама-қайшы пікірлерді салыстыруға, пікірталасқа түсуге машықтанады.
Нәтижесінде, оқыту үдерісінде:
- алдымен студенттің тілдесімдік, пікірлесімдік, сөйлеу шеберлігі деңгейі өседі,
- екінші жағынан, оның дүниетанымы, интеллектісі, мәдениеттілігі артады,
- үшіншіден, кәсіби-қатысымдық құзыреттілігі дамиды, яғни кәсіби мақсатта ақпаратты қабылдау, талдау, ойын жеткізу құзырлығы қалыптасады.
Білім беруде жеке тұлғаны қалыптастыру өзектілігі, студенттің жасампаз және творчестволық әрекет ете алуына, яғни творчестволық жасампаздық қана индивидтің жеке тұлғалық деңгейін көрсете алады. Демек, студенттің рухани дамуына және жоғары интеллектілік деңгейге жеткен, кеңінен ойлау қабілетін меңгеруіне себеп болып, шығармашылық түрде әрекет ете алады.
Студенттің құзіреттілігін дамытуда педагогикалық технологиялар мен бағалау жүйесінің алатын рөлі зор. Ал бұл өз кезегінде бағалау жүйесіндегі дамытушылықты қажет етеді.
Қазіргі 100 балдық бағалау жүйесі қалыптасқан уақытта ол студенттің білім деңгейін көтеруді негізге алып құрылған болатын, ал қазір студенттің білімділігі ғана басты рөлде емес, басты рөлде студенттің құзіреттілігін, оның жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынасу, өзін-өзі дамыту, өзіндік білімін көтеру сияқты мақсаттар қойылған.
Әлемдегі бағалау жүйелерінің көпшілігі - нормативті, яғни қандай да бір белгіленген нормамен салыстыру арқылы бағаланады. Критериалдық бағалау жүйесі нормативті бағалау жүйесіне жатады. Критериалдық бағалау жүйесі - Халықаралық бакалавриат мектептерінде кең қолданылады. Бұл бағалау жүйесі - білім алушының құзіреттілігін дамытуға, тұлғаның қалыптасуына бағытталған бағалау жүйесі.
Cурет: nis.edu.kz
Ж. Исакаев