АҚШ-та оқуды жоспарлап жүрген студенттерге 15 кеңес

АҚШ-та оқуды жоспарлап жүрген студенттерге 15 кеңес

1. Өзіңіз түскен ЖОО дәстүрлері мен білім алудың ережелерімен мұқият танысып алыңыз. Егер арнайы форма киюге міндетті болсаңыз, оларға қарсы келмегеніңіз жөн. Олар өз қалауыңыздағыдай жүруіңізге рұқсат етпейді.

2. Алдағы оқу жоспарында оқытылатын пәндерді таңдаған кезде қасыңызда жергілікті маман немесе американдық досыңыз болсын. Ол сізге қарағанда біршама көп ақпарат білгендіктен, сіздің дұрыс бағдар алуыңызға көмек береді.

3. Университеттің қоғамдық өміріне уақытыңыз жетпей жатқанның өзінде де барынша ат салысуға тырысыңыз. Себебі студенттік өмірдің қызығына белсенді өмір салтын ұстанған кезіңізде ғана ене аласыз. Сосын американдықтар спортқа көп көңіл бөледі. Өзіңіз сүйетін спорт түрінің секциясына қалдырмай барып жүріңіз.

4. Қарым-қатынасқа түсуден қысылмаңыз. Американдық босқа сөйлей бергенді де ұнатады. Бір жағынан тіл білу қабілетіңізді тәжірибе жүзінде дамытатын боласыз. Олардың мәдени өмірімен танысасыз.

5. Қосымша жұмысқа орналасуды ұйғарсаңыз, өзіңіздің күш-жігеріңізді 200 пайызға көрсетуге тырысуға міндеттісіз. Ақша оңайлықпен қолға түспейді. Ал шын мәнінді жақсы жұмыс таба алу да өзіңізге байланысты болады.

6. Жұмыстың жағдайына байланысты бастыққа барып уәж айта берудің де қажеті шамалы. Бұл жағдайды АҚШ-та онша қош көрмейді. Істей алмасаңыз, өзге тәуір жұмыс қарауға тырысыңыз.

7. Жұмысқа ресми орналасқанда ғана еңбектеніңіз. Ал былайша, сізге ақша төлемей қоя салуы да әбден мүмкін. Сонымен қатар, ол сіздің сабақ кестеңізге сай келетін болсын. Сабақтан мүлде қалушы болмаңыз.

8. Ақшаны барынша үнемдеуге тырысыңыз. Себебі долларыңыз таусылған жағдайда сізге өзге елде ешкім қаржылай көмектесе қоймайды. Сосын ақшаны банкте сақтаған ыңғайлы. АҚШ-та кез келген жерде төлем картасын қолдануға мүмкіндік жасалған.

9. Жол жүруге тек қоғамдық көліктерді немесе метро қызметін пайданғаныңыз дұрыс. Таксиге мінудің қажеті жоқ. Такси жүргізушілері сіздің ағылшынша сөйлеуіңізге қарап-ақ шетелдік екеніңізді анықтап, сосын төлемді бірнеше еселеп айтады.

10. Тамақты үйде жасап ішкен арзанға түседі. Шамамен айына 150 АҚШ долларын жұмсайтын боласыз. Американдықтар үшін ол әдеткі жағдай емес. Себебі олар сыртта тамақтануға дағдыланған. АҚШ-та киім-кешектің бағасы өте төмен. Ал егер жаппай сатуларға тура келіп қалсаңыз, ол тіптен арзанға түсері анық.

11. Өз денсаулығыңызға мұқият қараңыз. Дәрігерге бару бірталай соманы қажет етеді. Ал сақтандыру тым қымбат. Сондықтан денсаулықтың бақылауда жүргені маңызды.

12. Орталық барларда жалғыз өзіңіз көңіл көтеріп демалуды әзірге естен шығарыңыз. Сіз АҚШ-та жүрген шетел азаматы болғандықтан, кез-келген жағдайдың үлкен мәселеге айналуы мүмкін.

13. Егер студенттермен бірге берілетін жатақханада тұратын болсаңыз, қазақ немесе орыс тілінде сөйлейтін өзіңіз секілді ауысып келген студенттерден бөлек тұруға тырысыңыз. Себебі өзге біреулермен тұрсаңыз, сіздің қарым-қатынастағы тіліңіз ағылшын тілі болады. Нәтижеде біліміңізді шарықтап алудың мүмкіндігі болады.

14. Егер көмек қажет болса, американдықтардан еш тартынбай сұрай беруге дағдыланыңыз. Олар әрқашан көмек қолын созуға үйренген халық. Тіпті қолынан келмеген бойда біреуге айттырып амалын табады.

15. Жұмысқа орналасу үшін сізге әлеуметтік сақтандыру орталығы беретін куәлік (Social Security Number) болу керек. Оны сіздің визаңыздың түріне қарап береді. Егер студенттік визаңыз F1 немесе J1 (Work and Travel бағдарламасы) болса сіз SSN ала аласыз.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: yvision.kz, massaget.kz

Ж. Өрісбай