Джетлаг деген не және оны қалай еңсеруге болады?

Джетлаг деген не және оны қалай еңсеруге болады?
Фото: latimes.com

Алыс елге барғанда сағат белдеуінің ауысынан өзімізді жайсыз сезінуіміз мүмкін. Мұның себебі – джетлаг. Джетлаг дегеніміз – адам ағзасының сағат белдеуінің ауысуына жауабы. Циркадты ырғақ ұйқының дұрыс болуы мен ағзаның өзін сергек сезінуіне жауап береді. Басқа уақыт белеуіне түскенде біздің ағза оған бірден үйренісіп кете алмайды. Ол үшін бірнеше сағат не тәулік қажет болуы мүмкін. Кейде адам өзін жайсыз сезініп, ауырсынып, тапа-тал түсте шаршайды.

"Джетлаг" термині 1966 жылдың 13 ақпанында Los Angeles Times журналында жарияланған мақалада алғаш қолданылды. Ағылшын тілінен аударғанда jet - "реактив ұшақ" және lag - "кешігу" дегенді білдіреді.

Ұйқы бұзылып, зейін жоғалып, қатты шаршау – джетлаг белгілері. Көп саяхаттай бермейтіндер, тіпті, басы айналып, жұмыс істеу қабілетінен айырылуы мүмкін. Мұндайда бірден дәрігерге асығудың еш мәні жоқ. Егер уақыт белдеуінің айырмасы көп болса, ағзаның үйренісуін күту қажет.

Джетлагқа ұшырамау үшін жолға шықпай тұрып ағзаңызды баратын жерге дайындау керек. Ұйқы режимін өзгертіп, баратын уақыт белдеуіне ағзаны үйрете берген дұрыс. Ұшақ уақытын кешке алмауға тырысыңыз. Ұшып келгенде сағаттың тілін бірден жергілікті уақытқа ауыстырыңыз, осылайша сіз физикалық тұрғыда ғана емес, психологиялық тұрғыда да күн тәртібіне тез үйренесіз.

Джетлагты еңсеруге көмектесетін кеңестер: 

Режиміңізді алдын ала реттеп, ұшуға дайындалған жөн. Кем дегенде 2-3 күн бұрын баратын жердің уақытына сәйкес тамақ ішу және ұйқыға жату уақытын өзгертіңіз.

 Мүмкіндігінше күндізгі уақытта баратын рейстерді таңдаңыз және далада күн астында көбірек болуға тырысыңыз.

 Ұшар алдында жақсылап ұйықтап алуға тырысыңыз.

 Ұшар алдында, ұшу кезінде және ұшып барғанда ұйықтататын дәрі ішпеңіз.

 Келе салысымен бірден жаңа сағат белдеуімен өмір сүре бастаңыз. Күндіз ұшып келсеңіз, бірден ұйқыға жатпаңыз, ал түнде келсеңіз, ояу жүрмеңіз. Егер қатты ұйқыңыз келсе, 1-1,5 сағатқа бір мызғып алыңыз. 

 Көп су ішіңіз, ал жатар алдында ауыр тағам жемеңіз. Ұшып келгеннен кейін энергетикалық сусын ішпеуге тырсыңыз. 

А. Рысдәулет