Микротолқынды пеш қалай пайда болған?

Микротолқынды пеш қалай пайда болған?
Фото: freepik.com

Алғашқы микротолқынды пештер азық-түлікті ерітуге қолданылған. Ал қазіргі пештер тамақты ысытып не жібітіп қана қоймай, түрлі тағамды дайындауға да көмектеседі. Massaget.kz микротолқынды пештің қалай пайда болғанын, оның о баста не үшін жасалғанын және оған қатысты өтірік-шыны аралас әңгімелер туралы баяндайды.

Микротолқынды пешті кім ойлап тапты?

Бүгінде микротолқынды пештің екі түрі бар. Бірі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде пайда болған. Неміс ғалымдары соғыс майданында тамақ дайындауды жылдамдату үшін ойлап тапқан. Кейін бұл құрылғы өзге елдердің қолына түсіп, немістің құрылғысы екені дәлелденбей қалды. 

Ал екінші түрін америкалық инженер Перси Спенсер жасап шыққан екен. "Raytheon" компаниясының инженері радар жабдығын жасау барысында магнетронмен жұмыс істеп отырғанда қалтасындағы шоколады еріп кеткенін байқайды. Содан бірнеше затқа тәжірибе жасап көріп, микротолқынды сәуленің затты ерітетін қасиеті барын анықтайды. 1946 жылы ол өз өнертабысын патенттейді. Сөйтіп тағамды тез ысыту үшін тек әскерилер қолданған бұл пеш 1965 жылдан бастап көпшілікке қолжетімді болды.

Аңыз әңгімелер мен ғалымдардың тайталасы

Жылдар бойы құрылғының зияны мен пайдасы жайлы зерттеулер жүргізіліп, ғалымдар екіге бөлінді. Бірі микро толқындардың әсерінен адамда аллергия пайда болады десе, екіншілері аса жоғары жиіліктер ағзаға еш қауіп төндірмейтінін айтады. Бүгінде микротолқынды пешке қатысты екі танымал қате пікір бар.

Сәулелендіру. Толқын тарататын кез келген құрылғының жанында үзіліссіз 8 сағат тұрсаңыз ғана сәулеленуге ұшырауға болады. Әйтпеген жағдайда еш қауіп төндірмейді. Мысалға, Wi-Fi-роутері мен микротолқынды пешті салыстырып көрейік. Барлық бөлмеге толқынын тарататын роутердің зияны болғанда қайтпекпіз?

Тамақтың құндылығын жояды. Әр микротолқынды пештің ішінде аса қуатты магнетрон атты сәуле шашқыш болады. Ол іске қосылған кезде интенсив электромагнитті өріс арқасында тағам құрамындағы молекулалар қозғалысқа түсіп, қызып және жарылады деген пікір бар. Ал негізінде микротолқынды пеш тағамның құрамындағы молекулалардың қозғалысын тездетіп, оның қызуына сеп болады. Бұдан тағам құндылығын жоғалтпайды. 

Микротолқынды пеш уақыт өте қалай өзгерді?

Алғашқы пештердің салмағы 1,5 тонна болған. Олар бастапқыда тоңазытқышқа ұқсас еді. Оған қоса бағасы да қымбат болатын. Тек 20 жылдан соң микротолқынды пеш көпшілікке қолжетімді бола бастады. Ал 1990 жылы АҚШ-та әрбір үшінші үйде кішкентай ғана микротолқынды пештер тұрды.

А. Рысдәулет