- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- 40 санының құпиясы....
40 санының құпиясы. Ханда неге 40 уәзір болған?
Қазақ халқы қасиетті санайтын сандардың бірі – 40. Бұл санның қасиетті мәнін зерттеушілер қанша тырысса да, оның барша жұмбақ сырын, тылсым табиғатын толық ашып бере алған жоқ.
Қазақта "Қызға қырық үйден тыйым", "Бір күн ашыққаннан 40 күн ақыл сұрама", "Жақсы әке жаман балаға 40 жыл ризық", "Қырық жыл қырғын болса да ажал да өледі" деген секілді қырық санына қатысты мақал-мәтелдер аз емес. Сонымен қатар, қазекем "қырық жамау", "қырық құбылу", "қырық пышақ" деген тұрақты тіркестермен де, сөз қорын байытып отырған. Яки, бұл санмен байланысты кәде-ырымдар, наным-сенімдердің басым көпшілігіне тән көзге ұрып тұратын ортақ мағына ретінде олардың "көптік", "молдық", "сан салалық", "алуан түрлілік" сияқты ұғымды білдіретінін айтуға болады.
40 саны көне дәуірден келе жатқан ескерткіш, қолжазба, әдебиет мұраларында кездеседі. Бірақ ерекше қасиетке ие болуы жайында ешбір жазба деректер қалмаған. Себебі мифтік сандардың адам мен табиғатқа қатынасы, сиқыр мен балгерлікке қолданылуы өте құпи үйретіліп, атадан балаға мұра болып қалып отырған.
Қырық санының қасиеті мен киесі де баланың ана құрсағында қырық апта болуынан бастау алғандай. Қырқынан шығару тұрақты тіркесі, әриене баланы қырқынан шығару ғұрпынан, ескі наным-сенімнен өрбіген. Сәби дүниеге келгеннен кейінгі қырық күнге дейінгі уақытты қауіп-қатерлі кезең деп есептеген. Осы уақыт ішінде баланы көпшілікке көрсете бермеген. Қырық күн өткеннен соң, ыдыстың түбіне күміс салып, қырық қасық суға түсіріп, қарын шашын алған. Қырық шелпек пісіріп, шай берген.
Адамның дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы қырық күні қиын уақыт болып есептелсе, дүниеден өткеннен кейінгі қырық күні де ауыр мезгіл болып саналған. Жарықты өшірмей, қырқын беру де салтымызда бар.
Қырық саны Орта Азия халықтарына, оның ішінде қазақтарға арабтардың діни ықпалы арқылы еніп, өзіндік қасиетке ие болған. Ал арабтарға магия өнері ретінде гректерден Рим, Византия арқылы ауысқан көрінеді.
Қазақ тілінде 40 саны бір кезде сандар шекарасы болғанын сипаттайтын сөздер көп кездеседі: "40 шілтен", "40 уәзір", "30 күн ойын, 40 күн тойы", "Қырық құрау, қырық жамау", т.б.
"Ертеде бір хан болыпты, оның 40 уәзірі бар екен" деп басталатын ертегілерді көбіміз білсек те керек. Мұнда да қырық саны айтылады. Оның сыры неде?
Қазақтар "жыланды патшалық құрады, оның патшасы болады және қырық уәзірі болады" деп ұғынған. Бұрынғы патшалар қырық уәзір ұстауды сол үлгіден алған деген аңыз бар.
Н. Үсенова