Пошта маркасы не үшін керек?

Пошта маркасы не үшін керек?
Фото: Максим Томащук

Пошта маркасы – бұл пошта жөнелтілімін жіберу, тасымалдау, табыс ету ақылары төленгенін айғақтайтын белгі. Оны арнайы пошта мекемелері шығарады. Екінші жағынан пошта маркасын коллекция ретінде жинауға болады. 

Тарихы 

Ең алғаш пошта маркалары Ұлыбританияда жасалып шықты деген дәйектеме бар. 1840 жылы қолданысқа енген марканың мақсаты мемлекеттік реформаның бір бөлімі болған. Дегенмен оның авторлық құқығына байланысты дау көп. 

Кей деректерде швециялық Габриел Треффенберг 1823 жылы жазған хатына гүлді сурет салынған белгі арқылы хатының ақысын төлегенін көрсететін «марка» пайдаланған дейді. Ал басқа бір мәліметтерде 1834 жылы ағылшын Джеймс Чалмерс өз баспасынан арнайы осы маркаларды басып шығарды деген екі жақты пікір бар. Д.Чалмерс шығарған маркалар желімделетін, қазіргі маркаларға ұқсас болған. 

Тұңғыш рет тарихта ресми түрде марканың пайда болуына үлес қосқан – Роуленд Хилл. Ол 1840 жылы 6 мамырда Виктория ханшайымның суреті белгіленген, ақ-қара түсті марка шығарды. Артынан дәл осы негізде 2 пен (сомасы) есебіндегі марканы да шығарды. Бірақ бұл жолғы марка көк түсті болып шыға бастады. 

Ең алғашқы маркалар тіссіз яғни сыртқы тіс тәрізді айыр жолақтарынсыз шығарылған. Олар қағаз бетіне желімделгеннен кейін тек қиып тастау әдісімен ғана пайдалана алған. Бұл ыңғайсыздық тудырып, жұрт наразылықтарын білдірген. Марка шығарушы қызметкер Генри Арчер бірде марканы желімдеу арқылы оны қайта қайшысыз жұлып алуға болатын құрлығы ойлап тапты. Оның бұл еңбегінен кейін 1854 жылдан бастап маркалардың шеткі бедерінде тістер пайда болды. 

Әрбір шыққан марканың бетінде бейнеленетін бедерлер мен суреттерде латын тілімен жазылған сол елдің аты болуы міндетті. Ал ешқандай елдің атын көрмесеңіз бұл Ұлыбританияның маркасы деп қабылдай беріңіз. Себебі ең алғашқы марканы қолданушы ел ретінде олар бұл жауапкершіліктен босатылған. 

Әлемдегі ең алғашқы пошталық марканың атауы «Қара пенн». 

Пошта маркасының қызметі мен талаптары: 

Олар пошта жөнелтілімдеріне қағаз, бланк т.б. желімделеді; 
Марка бетінде белгілі сома көрсетіледі немесе төлеуден босатылған таңба көрсетіледі; 
Марка бетіндегі суретте немесе жазуда шығарушы елдің аты немесе белгісі болу керек; 
Марканың қайта қолданылу қаупі тумас үшін арнайы тексеріледі; 
Жалған марка пайдаланған жағдайда заңмен қудаланады; 

Пошта маркасының құрылымы: 

Эмитент болуы (текст немесе график түрінде); 
Номинал болуы; 
Желімдеу бағаны; 
Пошталық жойылым; 
Қолтаңба; 
Арнайы белгі; 
Перфорациясы.

М. Ақан