Массагет энциклопедиясы. Цицерон

Массагет энциклопедиясы. Цицерон
Фото: massaget.kz

Марк Тулий Цицерон б.з.д. 106 жылы Арпинум аймағында дүниеге келген. Оның әкесі аса дәулетті болса да, танымал болмаған. Цицероның білімге деген құштарлығы соншалық – ата-анасы мен достары оның сабақты қалай оқитынын көру үшін мектепке әдейілеп келіп жүрген. 16 жасқа толғанда Цицерон астанаға келіп, Рим құқығы және философиясына қызығып, білім қуады. Әсіресе, шешендік өнер, пікірталас, өз сөзін дәлелдеу мәдениетін терең меңгеріп шығады.

«Ел алдына көрініп, танымал болу үшін ең ірі дау – сотқа қатысып, айыпталушыны ақтау керек немесе даттау керек» деп ойлайды. Б.з.д. 81 жылы Цицерон осы оймен Секста Росция есімді байдың дауына қорғаушы ретінде қатысады. Бұл дауда ол айыпталушыны қорғап қана қоймай, елдегі әділетсіздікті, заңдағы қателіктерді айтып, дауда жеңіп шығады. Таяқтың бір ұшы өзіне тигенін білген Цицерон сол кездегі қолбасшы Сулладан қашып, Афинаға келеді. Бұл жерде 3 жыл жатып, грек философиясымен танысып, шешендік қабілетін арттырады.

Сулла өлгеннен соң, Цицерон елге қайтып, ел алдында қызыл тілімен дау шешіп, ақыл-кеңестерін айтып жүрген. Осы қабілетінің арқасында беделі артып, таныла бастайды. Ол байдың қызы Теренцияға үйленіп, отбасын құрады. Көмекке мұқтаж жандарға қолын ұшын беріп, мәселелерін тілмен шешіп, даудан алып шыққан.

Цицерон өз кезінде-ақ шешендік өнердің ешқашан өшпейтінін айтып, шәкіртеріне білгенін үйретіп отырған. Сөздің күшімен қай-қай аудиторияны да баурап алуға болатынын айтқан.

Цицерон шешендік өнермен қоса, саясаткерлік қырынан да жақсы танылған. Сицилияның билеуші өкілі қызметін атқарып, Рим сенатында түрлі қызметте болған. Б.з.д. 63 жылы елдің консулы атанған: Римде бұл атақты ең бірінші болып осы Цицерон иемденген. Консулдыққа таласқан Цицеронның Катилина есімді жездесі  таққа отыру үшін Римді өртегелі жатқанын алдын ала біліп алған Цицерон сенат алдында сын сөздер айтады.

Оның осы жиында айтқан сөздері рим шешендік мектептерінің ұранына айналған, соның бірі де бірегейі «O tempora! O mores!» – уақыт пен мінездің ұқсастығын, олардың арасындағы кері байланысты екі ауыз сөзбен берген екен. Цицеронның қылмысты әшкерелегені ел аузында көпке дейін айтылды. Тіпті, римдік шешен Катон Цицеронды осы қабілеті үшін «Отан әкесі» деп атаған екен. Катилина дауына Цицеронның өзі «елге жаңалық ашудың қажеті жоқ, елді сақтап тұру маңызды» деп баға берген. Осыдан кейін Цицерон ел алдында өзін бірнеше рет дәлелдеген.

Б.з.д. 60 жылы Гай Юлий Цезарь, Гней Помпей және Марк Лициний Красс үшеуі бірігіп, саяси одақ құрады. Олар таққа ұмтылып, ел билігіне талас туғанда,  бұл үшеуіне қарсы тұра алмайтынына көзі жетті. Кезінде Катилинаны сот шешімінсіз өлім жазасына кескені үшін Цицеронды сынға алады. Сот алдына шақырып, Римнен қуу үкімі шығады. Цицерон сенаттан, халықтан үміт күтеді. Ел алдында дау шешіп жүрген шешен сот алдына барудан ұялып, өз шешімімен елден кетеді. Жарты жылдан кейін Цицерон жұрт рақымшылығынан Римге қайта оралады. Саясаттан алшақ болып, философияға ден қояды. «Өмірде қате қадам жасау барлық адамға тән: қателігін түзеп, орнын жапқан адам – ақылды болмақ, ал қырсыққаны – ақымақ» деген екен.

Б.з.д.44 жылдың наурыз айында Гай Юлий Цезарь өмірден озған соң, билік үшін таласқан Антонийге филиппикасын (біреуге қарсы қатты ашумен айтылған ызалы, қаһарлы сөз) айтып берген:  «Билеуші өлді, бірақ билік әлі де бар» деп қарсы шыққан. Бірақ бұл жолы Цицеронның сөзі саяси ортада көзге ілінбейтін. Осы сөзі үшін Цицеронның есімі қара тізімге жазылды. 63 жасқа таянған Цицерон даудан қашып, Кайете ауылындағы үйіне барады. Бірақ оның ізіне Антонийдің қолшоқпарлары шай ала түседі.

Б.з.д 43 жылдың 7 желтоқсанында Римде өткен жиында өзі дау шешкен залда Цицеронның басы ортаға қойылған екен. Біздің дәуірге дейін оның сот залында сөйлеген сөздері сақталса да, замандастарына жазған хаттары жоғалып кеткен. Оның «Ақын болып туады, шешен болып қалыптасады» деген сөзі қалған.

Г. Берік