Экватор сызығы туралы қызықты деректер

Экватор сызығы туралы қызықты деректер
Фото: livejournal.com

Мектеп партасында география сабағынан экватор сызығы туралы әртүрлі мағлұматтарды алған болармыз. Географиялық ақпараттар кез келген жерде пайдамызға жарайтыны белгілі. Ендеше экватор сызығы туралы қызықты деректер топтамасын ұсынамыз.

• Эквадор астанасы Кито қаласынан алыс емес жерде нөлінші параллель өтетін нүкте белгіленген. Бұл жерден ең үлкен параллель экватор өтеді. Нақтырақ айтсақ, экватор сызығы белгіленген нүктеден 240 метр солтүстіктен өтеді. 
• Экватор 33 аралды кесіп өтеді. Оның 17-сі Индонезия құрамына кіреді. Оның ішінде екеуі Калимантан аралындағы көлде орналасқан. Тағы 11 арал Амазонка өзенінде болса, қалған 5-еуі Африкадағы Виктория өзенінде жатыр. 
• Заттар полюстен экваторға орын ауыстырған кезде 0,53 пайызға салмағын жоғалтады. Бұл – Жер ортасынан алыстаған кезде болатын процесс. 
• Әлемнің 14 елі экватор сызығында орналасқан. Әзірге ешбір саяхатшы экватор сызығымен саяхат жасамаған. Ол үшін небары 14 елді аралау керек болады. 
• Экватор сызығы Жер ортасынан полюстерге қарағанда 21,3 шақырымға алыс. 
• Геостационарлық орбита экватор бойында 35 786 шақырым биіктікте орналасқан. Осындай биіктікте Жердің жасанды серіктері айналады. Сигнал жерден спутникке 0,25 секундта жетеді. 
• Экватор ұзындығы – 40 075 шақырым. Қазақстандағы көліктер орташа есеппен екі жылда осы қашықтықты басып өтеді. 
• Эквадор еліндегі Каямбе жанартауы экватор сызығында орналасқан ең биік нүкте болып саналады. Оның биіктігі – 4690 метр. Бұл – экватордағы қар түсетін жалғыз жер. 

Каямбе шыңы 

• Жер экватор бойында секундына 465 метр жылдамдықпен айналады. Ол ауадағы дыбыстың жылдамдығынан (секундына 331 метр) да жылдам қозғалады. 
• Экватор Жер ортасынан алыстау орналасқандықтан, мұнда ғарыш зымыранын ұшыру біршама жеңілдеу. Аппарат бірден дыбыстан жоғары жылдамдыққа ие бола алады. Нәтижесінде орбитаға шығу үшін жұмсайтын жанармайдың 10%-ын үнемдейді. 

Ж. Өрісбай