- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Массагет энциклопедиясы. Платон...
Массагет энциклопедиясы. Платон
Бұл ғалымның сол кездегі қалыптастырған мектебі бүгінгі таңда білім беру жүйесіне енгізілген. Оның заманындағы шәкірттері оны «Ғажап ұстаз» деп атаған. Оның шығармаларында қоғам дамуы мен мәңгілік рух туралы ойлар айтылған. Ол – Платон. Көне грек ойшылы Платон уақытқа «үнемі қозғалыста болатын мәңгілік секілді» деп баға берген екен.
Платон б.з.д. 427 жылы афиналық ақсүйектер отбасында дүниеге келген. Оның әкесі – ежелгі Аттика қаласының патшасы Кодрдың ұрпағы болса, ал анасы – заң шығарушы Солонның ұрпағы екен. Қанында бар тектілік бала Платонды да теріс айналып кетпеген.
Платон дүниеге келгенде оған «Аристокл» деген есім берілген екен. Бозбала Платон кең жауырынды болған соң, оны «Аристокл» емес, Плато деп атап кеткен. Платос – грек тілінде «ұзын» деген мағынаны білдіреді. Бұл лақап ат тарихта да осылай аталып кетті.
Платон ақсүйектерге тән тәрбиемен өскен. Ол шығармашылықпен айналысқан: өлеңдер жазған, ежелгі ғалымдардың еңбектерін оқыған, достарына хат жазған, музыкамен әуестенген, сурет салған. Гимнастикамен, еркін күреспен шұғылданып, атқа мінген және көптеген жарыстарда жеңіске жеткен. Әйтсе де талантты әрі жан-жақты болып өскен бала Платон тым ұялшақ болған. Сол себепті, ол жолдастарымен тек оңаша сөйлесіп жүріпті.
20 жасында-ақ Платон Афинаның құрметті азаматтарының қатарында болған. Ол болашағын саясатпен байланыстыратын. Қоғамға өзгеріс енгізіп, халықтың әл-ауқатын, рухани құндылығын арттыру жолында ізденгісі келетін. Дегенмен оның бұл жоспары тағдырына жазылмаған екен.
Б.з.д. 407 жылы жас ақсүйек ұлы ойшыл Сократпен кездескен. Бұл кезде Сократ жас жеткіншектерге өсиет айтып, жақсылыққа үгіттейтін. Бірақ оның сырт бейнесі, өзін-өзі ұстауы философтың тұлғасына келіңкіремейтін: жалаңаяқ, тоз-тозы шыққан киіммен жүретін. Әйтсе де осы Сократ ақсүйек баласы Платонға кемелденудің, адам болудың қағидасын үйреткен еді.
Сократтың тәлімін алып жүрген жастар қоғамға, айналадағы адамдарға басқаша әсер еткен екен. Қала тұрғындарының басым бөлігі Сократ бастаған жастарға қарсы пікір айта бастаған. Платон халықтың қараңғылықта өмір сүріп жүргеніне налып, олардың қараңғылықтан қашып, жарқын өмірге жаңа бағытпен қадам басу керектігін ойлаған. Осындай мақсатпен қоғамды өзгертуге ұмтылған Платонға Сократтың қазасы қатты әсер еткен. Күйзелістен ауырған Платон бұл жағдайдан кейін Афинадан кетіп қалған.
Елден кеткен соң, Платон көп қиындық көрген. 12 жыл бойы Грекия мен Италияның оңтүстігін аралап, Коримф шайқасына да қатысқан. Сицилияда құлдықта жүрген жерінен достары Платонды тауып, сатып алған екен. Содан соң, ол Афинаға қайтып келіп, «академия» деп аталатын философиялық мектеп ашқан. Бұл мектеп мың жыл бойы өз құндылығын жоғалтпай, мақсатшыл шәкірттерді ұлы ойшылға айналдырған. Алайда бұл мектеп б.з.д. 529 жылы Рим императоры Юстинианның бұйрығымен жабылып қалған.
Платонның философиясы әлем туралы антикалық көзқарасты өзгерткен. Ол адамның өмір сүруін екі атты арбаға балаған екен. Ақ және қара атты тізгіндеп жүретін арбакешті санаға теңейді. Ал ақ ат пен қара атты адамзаттың дұрыс және бұрыс көзқарасы деп есептеген. Егер арбакеш қара атты тізгіндей берсе, оның құрдымға кететінін, сәйкесінше ақылдың «шаршайтынын» айтқан екен.
Осындай философиялық көзқарастар Платонның «Мемлекет» атты еңбегінде де жазылған. Ол саяси білімінің арқасында осы еңбегінде мемлекет пен қоғамның ғажайып құрылымын сипаттап жазған. Ол осы еңбектерінің, ойларының жүзеге асатынына сенімді болған. Тіпті, соның жолында, сол мақсатына жету үшін 61 жасында Сицилияға барған. Мұны естіген Сиракузаның тираны (елді күшпен басып алушы) Дионисий философтың ойларына қызығып, елге реформа енгізу үшін Платонды шақырып, кеңескен. Платон Дионисийдің Сиракузаны гүлденген елге айналдыра алатынына сенген екен. Бірақ, арада келіспеушіліктер туып, Платон еліне қайтып кетеді. Араға 5 жыл салып, Платон Сицилияға қайта оралып, қоғамға өзгерту енгізуге күш жұмсағанымен, ойлағаны болмады. Бұл сәтсіздіктен кейін Платон туған елінен өмірінің соңына дейін алыстамайтын болған.
Философ б.з.д. 347 жылы өмірден озған. Артына көптеген жазбаша еңбектер қалдырған. Оның шығармалары диалогтік негізге құрылған. Оның жазу стилі қазіргі зерттеушілерді ойға салып жүр.
Солардың бірі ең ежелгі афиналық еңбек – Платонның Атлантида туралы жазғаны. Өз дәуірінде өркениетке ұмтылған бұл қаланы табиғат апатына ұшырап, су астында қалғаны туралы ой қорытқан осы Платон еді. Бұл әңгіме оның «Критий» диалогінде жазылған екен. Бүгінгі таңда осы еңбек туралы көптеген болжамдар айтылған. Зерттеушілер бұл тарихтың қай уақытта, қай жерде болғанын және оның ақиқат не жалған мәлімет екенін анықтай алмай жүр.
Вупперталь неміс университетінің докторы Райнер Кюне 2004 жылы Жердің жасанды серігі арқылы түсірілген суреттерден Испанияның Кадис қаласының маңынан селдік шалшықты көрген. Суреттен қару-жарақ қалдықтарын да байқап, бұл орындардың Платон көрсеткен мәліметтермен дәл келетінін айтқан. Зерттеуші Атлантиданы арал емес, жағалаудағы қала деп есептеген және б.з.д. 800-500 жыл аралығында су астына кеткен деп болжаған. Дегенмен Атлантиданың бар-жоғын анықтай алмай жүрген зерттеушілердің пікірі бір жерден шықпай жүр. Бұл – Платонның тарихқа жазған жұмбағы іспеттес.
Г. Берік