- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Футбол туралы қызық...
Футбол туралы қызық деректер
Теріден жасалған көне футбол добы Англия мен Грецияда археологиялық қазбалар жүргізу кезінде табылған. Көне грек аңызына сенсек, адамдардың басты қызығушылығына айналатын ойынның пайда болуына махаббат құдайы Афродита негіз болған екен. Ол алғашқы теріден жасалған допты Гефестке (темірші, от құдайы) арнайы жасатып, адамдарға сыйға тартады. Әртүрлі салтқа байланысты доп Күннің, Айдың, тіпті Жердің пішіні ретінде қолданылған.
Қазіргі футболға ұқсас көне ойындар эскимостар (тунгатгак), үндістер (лакота), Рим, Мысыр, Қытай (цуцзю) және инктер өркениетінде орын алған. Ал ең көне футбол Қытайда дамыған.
Ендеше назарларыңызға қазіргі футбол тарихында орын алған қызық оқиғалар туралы мәліметтер ұсынамыз.
Ватикан футболы
Ватикан – аумағы небары 44 гектар құрайтын әлемдегі ең кішкентай ел. Рим қаласының ортасында орналасқан бұл елде де футбол ойыны өте танымал. Тіпті жыл сайын Ватикан біріншілігі өткізіледі екен. Ел чемпионатына телепошта, банк, кітапхана, гвардия, мұражай қызметкерлерінен құралған командалар қатысады.
Өзін ойыннан шеттеткен арбитр
Футбол тарихында екі ерекше оқиға болған. Матчты жүргізіп тұрған төреші өзін ойыннан шеттетеді. Ағылшын арбитрлері Энди Уэйн мен Мелвин Сильвестер Ағылшын премьер-лигасы төменгі дивизионының матчы кезінде өздеріне қызыл қағаз көрсетеді. Бірінші төреші қақпашымен түсініспестік тумау үшін осылай жасаса, екіншісі футболшымен төбелесіп қалғаны үшін өзіне қызыл қағаз көрсетеді.
Ватсон, мұның еш қиындығы жоқ
Әйгілі ағылшын жазушысы Артур Конан Дойл қылмыстық істерді әшкерелеумен айналысқан Шерлок Холмс туралы әңгімелер жазып танымал болғанын білеміз. Дегенмен оның кәсіби футболшы болғаны көпке мәлім емес. Ағылшын жазушысы ХІХ ғасыр соңында Англияның Портсмут футбол клубында қақпашы болған. Ол аталған командада А.С. Смит есімімен ойнаған екен.
Ит – футболшының досы
1966 жылы әлем чемпионаты басталуға жақын қалған кезде Англияда уақытша көрмеге қойылған әлем біріншілігінің кубогын ұрлап кетеді. Трафейді табу үшін Скотланд-Ярд қызметкерлері де жұмылдырылады. Кубок бір жұмадан кейін табылады. Оны Лондондағы орталық саябақтардың бірінде иесімен серуендеп жүрген Пиклс деген лақап атты ит тауып алады. Сол жылы Англияда өткен біріншілікті ағылшын құрамасы жеңіп алып, Пиклс футболшылармен бірге түскі ас ішуге шақырту алады.
Жалғасы бар ...
Ж. Өрісбай