Қызыл бананды тұтынып көрдіңіз бе?

Қызыл бананды тұтынып көрдіңіз бе?
Фото: coderscreed.co

Бананның қызыл түсті түрі де болады. Ол жуырда ғана әлемге таныла бастаған болса да, бананның қырық түрлі сұрыбының бірі бірі болып саналады.

Ғаламтор беттерінде қызыл банан туралы әртүрлі пікірді оқуға болады. Бірі жұмсақ әрі тәтті десе, тағы бірі мүлде жеуге келмейтін дәмсіз банан екенін айтады. Расында қызыл бананның құрамы қандай?

Шындығында, қызыл банандар бізге таныс дәстүрлі сары түрінен әлдеқайда дәмді болып келеді. Иісі де адамның құштарлығын шақырады. Ал оның шынайы дәмін тату үшін мұхит асу керек. Себебі әдеттегіден жұмсақ болатын қызыл банандар тасымалдау барысында бұзылып кетеді. Сондықтан әлемнің көптеген елдерінде сатылмайды. Ал сары банандар көк кезінде теріліп экспортталады. Содан соң белгілі бір уақыт мерзімінде қоймада сақтау арқылы жеміске сары түс беріледі. Демек, сіз бен біз тұтынып жүрген бананның шынайы дәмі өсірілетін елде қалып қояды екен. Қызыл бананды ең көп экспорттайтын ел — Коста-Рика.

Айта кетейік, 100 грамм салмаққа ие қызыл банан құрамында мүлде май жасушасы кездеспейді. Сонымен қатар, адам ағзасына қажет көміртектің күндік мөлшерінің 8%-ы мен 16 грамм қант кездеседі. Қабығы тоқ қызыл түске ие банандарда A (2%), C (15%) және B6 (20%) дәрумендерімен қатар, натрий, кальций, калий және темір (2%) элементтерінің көп мөлшері болады.

Егер шетелге шығып, қызыл банан сатып алу мүмкіндігіне ие болсаңыз оны бірден тұтынуға асықпаңыз. Алдымен бананды күн түсетін терезе алдына бір аптаға қалдырған жөн. Қызыл банандар күн сәулелерінің көмегімен осы уақыт аралығында толық пісіп жетіледі.

Ж. Өрісбай