- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Массагет энциклопедиясы. Гомер...
Массагет энциклопедиясы. Гомер
Қазіргі заманның әдебиеттанушылары үшін ол поэзия мен философиядағы ең ұлы тұлғалардың бірі болып саналады. Ал бүгінгі ұрпақ үшін – Антика және Еуропа әдебиетінің негізін салушы. Шындығында, көне грек ақыны Гомер өмірде болған ба, әлде аңыздар желісімен қалыптасқан тұлға ма, мәселе ашық күйінде қалуда.
Гомердің жеке өміріне қатысты нақты ақпарат бізге дейін жетпеген. Геродот, Плутарх сынды грек данышпандары оның сегіз түрлі өмірбаянын жазып қалдырады. Расында көп жазбалар шындыққа жанаспайды және өмір сүрген кезеңіне де сай келмейді. Ақынның тегін Орфей және Мусей есімді мифологиялық әншілермен байланыстырады. Ал әкесін философтардың бірі Аполлон екенін айтса, бірі Милет деседі. Көне грек өркениетіндегі жеті дербес қала Гомердің туған жері болғанын дәлелдеуге тырысқан. Шындығында, бізге Гомердің туған жерінен бұрын, оның қай жылдар аралығында өмір сүргені жайлы нақты ақпарат жетпеген. Қазіргі ғалымдар оны б.з.б. VIII ғасырда өмір сүргенін шамалап тұспалдайды.
Ауызша тараған аңыздарға орай, Гомер аэд (суырып салма ақын) болған. Ол ел кезіп, көне жырларды ұрпаққа жеткізуші миссиясын атқарған. Гомер, әсіресе, грек құдайлары мен титандардың (жартылай құдайлардың) ерлігі туралы өзінің төрт ішікті музыкалық аспабының көмегімен жеткізген екен.
Көне заманның ақыны сауат ашпаған. Бірақ он мыңнан астам жыр қатарын жатқа білген. Ол дәстүрлі поэтикалық әдістердің көмегімен, эпостық жырларды ұрпаққа өз мақамында жеткізе білген. Осылай, көненің көзі Гомердің поэзиядағы қуаты ұлы «Илиада» мен «Одиссея» дастандарын кейінгі ұрпаққа жеткізеді. Гомер өз туындыларында кез келген көненің ақыны сынды гексаметр (алты қатардан тұратын өлең) жүйесін пайдаланады.
«Илиада» мен «Одиссея» дастандары б.з.б. XII ғасырда болған Троя соғысы туралы фольклорлық жанрда берілген мәліметтер желісі бойынша жазылады. Гомердің поэтикалық дарынын өлең жолдарындағы сюжеттің құрылуында қолданылған синекдоха принцибі көрсетеді. Асылы, Троя соғысы он жыл жалғасқан болса да, Гомер оны 51 күнде-ақ мардымды суреттейді. Ал Одиссейдің Итакаға қайтуы небәрі 9 күндік сапар желісінде суреттеледі. Гомер гректің Ахилл, Потрокл, Аякс және айлакер Одиссей сынды батырларының ерліктерін тамаша суреттейді. Оған қоса, троялық Гектор мен Парис ханзадаларының ерлігі де өз деңгейінде баяндалады. Одан бөлек, Троя соғысынан аман қалған Эней есімді Троялық батырдың кейінгі өмірі Көне рим ақыны Вергилийдің «Энейда» дастанында суреттеледі. Аңыз бойынша, Эней Троя отқа оранғанда, қамалдың артқы есігінен бір топ троялықтармен қашып, Карфагенге (қазіргі Тунис қаласы) жетеді. Соңыра Карфаген әміршісінен қолдау алып, Италияның жағалауына жаңа өмір бастау мақсатында жол алады. Дастанның желісі Энейдің Рим қаласының негізін қалаған Ромул мен оның өмірден ерте озған егіз ағасы Ремнің әкесі болғанын суреттейді. Демек, Рим империясының іргетасын Трояның (Бодрум қаласы, Түркия) тұқымы қалағанын ескерсек, италиялықтардың арғы тегі хеттерден (Хетт – Кіші Азия түбегінде билік құрған массагет тайпасы) тарайтынына куә боламыз.
Ахилл мен Аякс бейнесі
Кейбір ғалымдар ұлы ақынның есімі Гомер болмағанын айтады. Расында, «Гомер» көне гректің сөзі болып, «соқыр», «тұтқын» немесе «пайғамбар» дегенді білдірген. Бұл ақынның лақаб аты болғанмыс. Бір қызығы, егер ол соқыр болғанда дастандарындағы көркем суреттеулер қалайша тамаша орындалды дерсіз. Оның шамамен тоқсан пайыз ақпаратты көру арқылы бергенін білуге болады. Бұл Гомердің соқыр болмағанын дәйектейді.
Ахилл мен Гектар жекпе-жегі
Өзге бір аңызға орай, Александр Македонский түс көрген екен. Түсінде Гомер оған жол көрсетіп, Египеттің жақын маңындағы аралды нұсқайды. Ұлы македон патшасы Плутархтың кеңесімен сол аралда қамал көтеріп, оны Александрия деп атайды. Сосын қаланың орталығына Гомер ғибадатханасын салдырады. Плутарх Гомердің ұлығын көрсету мақсатында соқыр кейпінде бейнелеуді кеңес берген екен (соқыр бола ұлы шығармалардың авторы болу – ұлылық деп танылған). Содан бері Гомердің көзі көрмегені жайлы аңыз шындыққа айналады.
Көне дәуірдің халқы үшін Гомер дастандары эллиндердің ерлігін дәріптейтін ұлттық мұра болған. Трагедия атасы Эсхил Гомерді ұлы ұстаз деп білсе, грек балалары «Илиада» және «Одиссея» дастандарының көмегімен сауат ашқан.
Трояның түбіне жеткен ағаш жылқы
Кейіннен тарихи дастандардың авторлығына қатысты дау туады. Александрия кітапханасының данышпандары екі дастанның поэтикалық стиліне қарай екі автордікі екенін алға тартады. Ал 1795 жылы Гомер дауын неміс ғалымы Вольф қайта көтереді. Оның ойынша, жазу қабілетіне ие болмай, ауқымды көлемдегі жырды шығару мүмкін емес. Вольф дастандардың төрт ғасырдан кейін Афины ғалымдары жазғанын, сосын Гомердің атымен мөр басқанын айтады. Өзге ғалымдар бұл екі дастанның авторы деп Гомерді есептеген.
Гомер эпостық жанрды қалыптастырған гректің алғашқы аэд-ақыны болды. Ол туралы неше түрлі пікір қалыптасқанымен, бәрібір тарих беттерінде ұлы тұлға болып қала бермек.
Ж. Өрісбай