Әлемдегі ең құрғақ жер Сахара шөлі емес

Әлемдегі ең құрғақ жер Сахара шөлі емес

Жердің қай аймағын ең құрғақ деп ойлайсыз? Әрине, ол әлемдегі ең үлкен шөл – Сахара. Көптің ойы осылай. Себебі шындыққа жанасады. Ал, расында Африканың көп бөлігін алып жатқан шөл ең құрғақ мекен емес екен.

Алдымен «ең құрғақ» деген тіркестің қолданылу принципін анықтап алған жөн. Ол үшін жауын-шашынның түсу көлемін анықтау қажет. Егер осы қағиданы ескерер болсақ, ең құрғақ болып оңтүстіктегі Антарктиданы айтуға болады. Сахараға бір жылда түсетін жауынның орташа мөлшері 25 мм, ал Антарктиданың көрсеткіші одан кем болып келеді. Одан бөлек, Антарктиданың Виктория Жері атауын алған аймағында мүлде жауын-шашын болмайды екен. Расында ең құрғақ деп аталуға лайық мекен – Виктория Жері. Ғалымдардың айтуынша, аталған мекенде жаңбыр не қардың жаумағанына екі миллион жылдан асып кеткен.

Виктория Жері (Антарктида)

Антарктиданың құрғақ өлкесіндегі климаттық жағдай өте қатаң. Ол жерде есетін желдің жылдамдығы сағатына 320 шақырымға дейін жетеді. Осындай жылдамдықпен қозғалатын суық ауа массасы ешқандай жаңбырдың тамшысына жерге түсуге мүмкіндік бермейді.

Сонымен, Антарктиданың белгілі біл аймағында Сахарадан да құрғақ ауа-райы болады екен. Бірақ Сахарадан құрғақ болатын тағы бірнеше мекен бар. Солардың біреуі - Чилидегі Атакама шөлі. Латын Америкасындағы ең үлкен шөлде жылдағы орташа жауын-шашынның түсуі 0,1 мм-ге жетеді екен.

Атакама шөлі

Дегенмен, басқа көзқараспен қарайтын болсақ, Антарктиданы мүлде құрғақ жер деуге келмейді. Себебі материктің беткі қабаты толық мұзбен қапталған және ол бүкіл Жер шарындағы мұздың 90%-ын құрайды. Сондай-ақ, Антарктида мұздарында ішуге болатын барлық тұщы судың 70%-ыздық қоры сақталған. Ендеше пингвиндер елінде Жердегі су қорының ең көп бөлігі жиналса, «ең құрғақ» аймақ деп айту қисынға келмейді. Міне осындай парадокс.

Сурет: eco-turizm.net

Ж. Өрісбай