Төмен баға алсам не істеймін?

Төмен баға алсам не істеймін?

Бұл жағдай әркімнің де басында болады. Мұғалімнің қайтарып берген бақылау жұмысы немесе жаттығуында сіз ойлағандай баға бола бермейді. Тіпті орташа бағаға да лайық болмағаным ба деп, «екілік» бағаны ауыр көтеруіміз мүмкін. «Жақсы көрсеткішке жету үшін не істеуім керек?», «Ата-анама қалай айтамын?» деген сұрақтар мазалай бастайды. Мұндай қателікті қайталамау үшін бірнеше кеңес беруді шештік.

Сабыр сақта

Ойыңызды басқарып алған сасқалақтау, қорқу сияқты сезімдерден арылу керек. Төмен баға алған кезде біз жағымсыз жағдайда қалып қоямыз. Біліміміз бен зеректігімізді, оған қоса дарынымыз бен қуатымызды жоғалтып алған әлсіз адамға айналғандай боламыз. Бірақ жағдайдың мүшкіл емес екенін аңғару керек. Әрбір адам орта жолдан қайтып, оқуға деген қызығушылығын жоғалтып алуы да мүмкін. Ал негізінде өмірде жасаған қателіктеріміз бізді шыңдай түседі, ақылды әрі зерек ете түседі. Қателіктен ғана келесі кезекте сабақ алып, міндетті түрде жеңіске жетуге болады.

Сабыр сақтау керек, себебі сабырсыздық стресс туғызады. Ал стресс жетістікке жету жолы емес. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, емтихан басында қорқып, сабырсызданған оқушылар төмен баға алып, ал сабырлық сақтаған оқушылар ойлаған бағаларын алған екен

Бір ғана баға өмірлік оқуға әсер етпейтінін ескер

Оқу барысында біз көптеген тесттер мен бақылау жұмыстарынан өтеміз. Ал сенің бір ғана сабақтан көңіл көншітпейтін баға алуың жалпы оқуыңа, біліміңе деген көрсеткіш емес екенін ұғу керек. Бұл мұғалім мен оқушының қарым-қатынас жағдайына да тәуелді фактор. Тағы бір фактор өзге де оқушылармен оқу деректерін меңгеру қабілетіне байланысты. Мәселен, өзге оқушылардың зеректігі сенің қабылдауыңнан басым түсіп жатса, бұл обьективті бағалау емес.

Алған бағаның дұрыстығына көз жеткіз

Өз бағаңның әділ қойылғанына көз жеткізгенің жөн, себебі мұғалім де адам болғандықтан әбден қателесуі мүмкін. Тіпті математика пәнінен сабақ беретін мұғалім де қателесуі мүмкін!

Егер қате тапсаң тағы да бір тексеріп барып, мұғаліммен сөйлесу керек. Тіпті қай жерінде, қалай қателескенін түсінсең, «Қатемді түзеп беріңіз!» деп дүрсе қоя берудің орнына мәдениетті түрде айтып көрсең болады. Ал қателікті қай жерінде жасағаныңды білмесең мұғалімнен анықтап сұрап ал, себебі келесі жолы мұндай қателікті жібермеуің керек.

Өзгелердің бағасын да білу пайдалы. Бірақ білгенде де салысып, жарысып емес, оның орнына жақын досыңнан қанша алғанын сұрап көр. Мәселен, сыныбыңдағы барлық оқушылар да «үштік» баға алып, сен де «үштікке» лайық болсаң, қатты қайғырудың да қажеті шамалы. Салыстырып оқудың жаман да, жақсы да тұстары бар:

а) мәселен, егер оқу үлгерімің нашар болса, өзге оқушылардың қалай оқып, қандай бағаға лайық болып жатқанына қарап, түзелуге болады;

ә) егер өзге сыныптастарың нашар оқитын болса, сенің де оқу үлгерімің түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан да өзгелермен жарысып оқу тиімді әдіс саналмайды.

Егер мұғалімің барлығына бірдей көңілі толмай, баға көрсеткіштеріңді қасақана түсіріп қойса және ең жақсы оқитын адамға «4-» қойып берсе, бұл автоматты түрде «бестік» ретінде саналады да, «үштік» баға «төрттікке» теңеседі деген сөз.

Көмек сұра

Жағдаятты жақсарту үшін не істеуің керектігі жөнінде мұғаліммен ақылдас, ақыл сұра. Мұғалімдер төмен баға алған оқушының оқу-білімге талпынып, алға қарай ұмтылғанын әрқашанда құп көреді. Мұндай мұғалім оқушының оқуға деген білімін толықтырып, көмек қолын созуға дайын тұрады. Мәселен, мұғалімге «Сәлеметсіз бе, Майра Жүсіпқызы, бақылау жұмысында көрсеткен қабілетім көңілімнен шықпады, келесі бақылау жұмысында қанағаттанарлықтай баға алу үшін сізден қосымша тапсырма алсам деп едім» десеңіз, қай мұғалім болса да талабыңды орындамай қоймайды.

  • Артық тапсырма орындайтын болсаң да мұғаліммен бір ғана сөйлескен соң оқу-білімге деген пікіріңді өзгертіп, бұдан былай тек жақсы көрсеткішке ұмтылатын боласың.
  • Мұғалім неліктен төмен баға алғаныңды түсіндіріп, онымен қалай күресуің керектігін айтып береді.
  • Мұғалім сенің оқуға деген қызығушылығыңды еш етпеу үшін келесі бақылау жұмыстарында ескеретін болады.
  • Төмен бағаны жақсарту үшін артық тапсырма беріп, оны орындасаң, көрсеткішіңді көтеруі де ғажап емес.

Басқа оқушылардан көмек сұра

Бақылау жұмысынан үздік баға алған оқушылармен сөйлесіп, олардан ақыл-кеңес сұра. Бала кезімізден-ақ біреуге көтектесу жақсы іс екенін ұғамыз. Сондықтан да мектепте үздік оқушылар төмен баға алғандарға көмек қолын созып жатады. Бірақ артық әңгіме мен әзілдер үшін емес, уақытыңды оқу мен білімді игеруге арнау керек. Бірақ мұны сылтау етіп, жақсы көріп жүрген қызыңа (немесе қыз болсаң жігітке) қырындаудың еш қажеті жоқ. Себебі келесі бақылауларда бұдан да төменгі көрсеткіш алып қалу қаупі бар.

Ата-анаға айту идеясы

Төмен баға алғаныңды ата-анаңа айтпауға да болады десек те, бұл қулығыңды өзің де ойластырып алған болуың керек. Бірақ егер ата-анаңмен бұл турасында отырып сөйлесетін болсаң пайдалы жақтары да жоқ емес. Бұл тіпті өте жақсы идея. Себебі сенің ата-анаң төмен баға алғаныңа әркез уайымдап, қадағалап жүреді, оның үстіне сен де бұған мән беретін болсаң, олар саған ақыл-кеңесін айтып, көмектесуі мүмкін. Ата-ананың бір ғана қолдауы жаңа бір дем береді.

Ата-анаң отырып, саған қандай қателік жібергеніңді түсіндіріп береді. Тіпті болмай бара жатса арнайы репетитор жалдауы да ғажап емес. Ал репетитор оқу-білім көрсеткішіңді жоғарылатып, кейінгі бақылауларда үздік баға алуыңа септігін тигізеді.

Келесі бақылауда үздік бол

Оқумен айналысқанда бастысы қанша уақыт айналысқаныңда емес, қанша білімді оқып-тоқығаныңда болса керек, сол үшін әрбір алған білімді қорыту керек.  

Жиі кететін қателіктерді компьютерге немесе ноутбукке жазғанға қарағанда, қолмен жазып қойғаның әлдеқайда пайдалы болады. Зерттеушілер қағаз бен қалам алып жазу компьютерге теріп жазғанға қарағанда есте сақтау қабілетін жақсартады дейді. Себебі қаламмен қағазға жазу мидың кейбір қатпарларын іске қосып, санаға толық ақпаратты жеткізеді екен. Сондықтан жазуға ерінбеу керек.

Үзілістерді жиі жасап тұр

Мәселен, бір сағаттық жұмыс уақыттан кейін 10 минуттан үзіліс жасау мидың қабылдаған оқу жоспарын қорытуға мүмкіндік жасайды. Бұл үзілісте миға салмақ түсірмейтін қарапайым жаттығулармен, жақындарыңмен әңгімелесумен, қызықты бағдарламалар көрумен өткізілсе құба-құп.

Өз бетіңше сынақ тапсырып машықтан

Жаттығуға арналған тестерді толтырған кезде ешкімнің қадағалауында болмағандықтан шпаргалкасыз, нақты білімің қандай екенін анықтауға болады. Сынақ кітапшасын толтырып біткен соң қателеріңді тексер. Қатені қай тұстарда жасағандығыңды танып білген соң, дәл сол жаттығуларды тағы да бір қайталап орындау керек. Тәжірибе – шынайы нәтижеге қол жеткізуге болатын бірден бір құрал.

Ұйқың тыныш болсын

Мұғалімдер «Мен түнгі сағат үште оятып сұрағанда жатқа айтатын болыңдар» деген сөзді көп айтады. Бірақ мұны дұрыс түсінбегендер түнде де оқып, оқу туралы түнгі уақытта да ойлап жату керек деп ұғады. Ғалымдар жасаған зерттеу бойынша, бір сағатқа кем ұйықтаған адамның стресске түсу қаупі 14 пайызға артқан. Шын мәнінде де, ұйқысыздық стресске шалдығуға алып келеді, ал өз кезегінде стресс адамның оқу үлгеріміне, ақпаратты қабылдау қабілетіне әсер етеді. Сондықтан бақылау жұмыстары немесе тестке жақын қалғанда тыныш ұйқыға мән беру керек. Ұйқысы қанған адам әрқашан да үздік нәтижелерге қол жеткізеді.  

Тест алдындағы таңғы ас. Адамның миы мен денесі алдына қойылған тапсырманы шешу үшін күш жинауы керек. Ал адамға күш ас арқылы келеді. Сондықтан да әр тест тапсыратын күні таңғы асты дұрыстап ішу керек. Тәтті қосылмаған ботқа, айран мен балауса жемістер жеу керек.

Қосымша кеңестер:

  • Жақсы үлгерім үшін тырысу керек. Үлгерімі нашар бала мен үлгерімі жақсы баланың басты айырмашылығы – қателіктен сабақ алу және сабақ ала алмау ғана. Сондықтан да орта жолда жеңіле салмай, білімге ұмтылу керек.  
  • Төмен баға алғаныңда оқу тәжірибесін жинадым деп ұқ. Кейін мұндай проблемалар інілерің мен балаларыңда болғанда өз тәжірибең бойынша көмектесетін боласың.
  • Төмен баға алған соң өзіңді жек көріп кететін болсаң, оның алдында, бұған дейін алған жақсы бағаларың туралы ойла. Жетістіктер әрқашан да жеңілістен жоғары тұрады.
  • Ата-анаң төмен баға алғаның үшін ұрысады деп қорықпа. Ата-ана әрқашан да жақсы болсын деген ниетпен ұрысады.

Ескерту:

  • Ата-анаға төмен баға жайлы айту кезінде мұғалімді немесе басқаларды кінәламау керек.
  • Әрқашан да алған бағаны әділ деп қабылдау керек.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: daryn.kz, kz.otyrar.kz, voxpopuli.kz

А. Құлтай