ҚазҰТЗУ-дағы роботты техника және автоматиканың техникалық құралдары

ҚазҰТЗУ-дағы роботты техника және автоматиканың техникалық құралдары
Фото: massaget.kz

Робот жасау десе, ойымызға әуелі Күншығыс елдері: Жапония мен Оңтүстік Кореяның оралатыны жасырын емес. Иә, аталған елдер қазіргі таңда робот жасау саласы бойынша әлемдегі өзге елдерден оқ бойы озық тұрғаны жасырын емес. Десе де, техника мен технологияның қарыштап дамыған заманында өзге елдер де бұл дүрмектен оңайлықпен қалыспайтынын байқатуда. Қазақстандық өнертапқыштар да бұл саладан қалыс қалып жүрген жоқ.

Қазақстан үшін робот жасау кенже дамып жатқан сала болып табылады. Десе де, бұл саланың болашағы өте зор. Алтын шыққан жерді белден қаз дегендей еліміз де болашағы бар сала бойынша мамандар дайындау ісін қолға алуда. Сондай оқу орындарының бірі, әрі бірегейі ол – Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Зерттеу университеті. Өткен жылы ғана еліміздегі «тұңғыш зерттеу университеті» атағын алған оқу орны елімізге көптеген инженер кадрлар дайындауда.

Бүгінде робот жасау саласы бойынша білікті маман даярлауға атсалысып келе жатқан аталған оқу ордасының «Роботты техника және автоматиканың техникалық құралдары» кафедрасы. Аталған кафедра сәуір айында «Сәтбаев оқулары», ҚазҰТЗУ-дағы ашық есік күніне, Робот жасаудан Алматы қалалық олимпиадасында бірнеше мәрте робот-манипуляторлар, мобильді роботтар, автоматты басқару жүйелері бойынша көрмелер ұйымдастырды. Көрме оқу ордасындағы РТ және АТҚ кафедрасының меңгерушісі Өжікенов Қасымбек Әділбекұлы бастаған ұстаздар қауымының ұйымдастыруымен өткізілді. Көрмеге студенттермен бірге жобаларын дайындап, басы-қасында болған кафедра оқытушылары Ешмұхаметов А.Н. пен Жалел Б. атап өтуге болады.

Көрмеге жалпы саны 15-ке жуық жобалар ұсынылып, келушілер назарына ұсынылды. Ауқымды іс-шараға университет басшылығы мен қонақтар, компания басшылары мен мектеп оқушылары қатысты.

Көрме барысында РТ және АТҚ кафедрасының меңгерушісі Өжікенов Қасымбек Әділбекұлымен тілдесудің сәті түскен еді.

- ҚазҰТЗУ-дағы «Роботты техника және автоматиканың техникалық құралдары» кафедрасы 1992 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Роботехника – болашағы зор мамандық. Елімізде бұл сала соңғы жылдары қарқын алып дамып келеді.   

Студенттеріміздің ғылыми жобаларынан биыл алғаш рет көрме ұйымдастырып отырмыз. Арнайы сайтымызда өзіміздің қыз-жігіттердің, жоба жетекшілерінің жұмыстарын фото және видео күйінде жариялап тұрамыз. Алда халықаралық көрмелерге қатысу жоспарда бар. Дегенмен студенттердің жұмысының деңгейін жоғарылату керек. Студенттер өз жобаларын әзірге өз қаржысымен жасауда. Алдағы уақытта университет тарапынан қолдау білдірудің жолын қарастырудамыз. Шағын бір жобаны жасап шығу үшін кем дегенде 25 мың теңге кетеді, - деді.

Сандық бағдарламалық басқарылатын станок

Гүлге автоматты түрде су құятын құрылғы

Робот манипулятор

Ақылды шыны

Бөгетті сезіп, айналып өтетін Робот машина

Б. Жәлел

Ө. Сансызбай