Нью-Йоркте қазақ тілін оқытатын орталық ашылды

Нью-Йоркте қазақ тілін оқытатын орталық ашылды
Фото: massaget.kz

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында білім алып жатқан жастар алып шаһарда қазақ тілін үйрететін орталық ашты. Бұл қазақ тіліне АҚШ-та да сұраныстың бар екенін білдіреді.

"Болашақ бағдарламасымен АҚШ-қа білім алуға келген кезімде балалардың жаңа мәдениетке тез бейімделіп, өз тілін ұмыта бастайтынын байқадым. Себебі, мен баланың анасымын. Балаларымның күн өткен сайын ағылшын тілін жетілдіріп, қазақ тілін ұмыта бастағанын көрдім. АҚШ-та тұратын қазақтардың басты мәселесі де осы. Олардың балалары өз тілін ұмыта бастаған. Сол үшін біз төл тілімізді үйрететін орталық ашуды үйғардық. Себебі оған сұраныс бар",  дейді Нью-Йорк Университеті журналистика факультетінің магистранты әрі орталық ұйымдастырушыларының бірі Раушан Найзабаева.

"English to Kazakh" қазақ тілін оқыту жоспарын Колумбия Университетінің студенттері Ақбота Тоқсанбаева мен Айжан Жұматаева дайындады. Ал Нью-Йорк университетінің тағы бір студенті Дархан Мұңайтпасов сабақ өтетін орынды жалға алуға көмектескен. Одан бөлек, Қазақ-Америка қауымдастығының төрағасы Қарлығаш Сәрсекеева америкалықтар тарапынан асырап алынған қазақ балаларын да сабаққа арнайы шақырумен айналысты. 

Раушанның айтуынша, балаларының қазақша үйренгенін қалайтын отандастарымыз көп. Ал балалардың ықыласы да бөлек. Сабақ барысында тек қазақ тілі емес, қазақтың тарихы мен салт-дәстүрі, мәдениеті туралы көп мәліметтермен толығу мүмкіндігі болады.

Қазақ тілінің алғашқы сабағы барысында. Нью-Йорк университеті Киммел Орталығы ғимараты

"Мұнда тұрақты әрі уақытша өмір сүріп жатқан қазақ жанұялары өз балаларының қазақ тілін біле жүргенін қалайды. Ал қазақ баласын асырап алған америкалықтар баласымен бірге қазақ тілін үйренгісі келетінін айтады. Олар үшін баланың туған жері мен өткені оның өсіп жетілуінде маңызды рөл атқарады",  дейді Раушан. 

Нью-Йорк қаласында "Болашақ" бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттер осы жоба аясында қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптейтін ұйым құруды жоспарлап отыр. Бұл туралы алдағы уақытта ресми ақпарат таратылады.

Ж. Өрісбай