Ескендірдің өліміне кім себепкер болған?

Ескендірдің өліміне кім себепкер болған?

Әлемдегі тарихта аты қалған ұлы қолбасшылардың есімдерін атау керек болса, міндетті түрде Ескендір Зұлқарнайынды айтып өтеміз. Өзінің қысқа ғұмырында жарты әлемді жаулап алуға қалай құдыреті жеткенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Еуропаның пайымында Александр Македонский атымен қалған тарихи тұлғаның біз білмейтін құпиялары бар ма? Оның мезгілінен тыс уақытта, құпия түрде қайтыс болуына кім я болмаса не түрткі болған? Осыны талдауға тырысып көрелік.

Македонский жастайынан соғысқа құмар болып өседі. Ол туралы оның ұстазы Аристотельдің жазба деректерінде де кездестіруге болады. Аристотель: «Македонскийлердің үшінші ұрпағы көне грек аңыздарын тыңдап өсті. Әсіресе, Гомердің «Иллиада» дастанын қайтарып оқудан жалықпайтын. Ахиллді өзіне пір тұтатын», - дейді. Расында, Александр аты аңызға айналған батыр Ахиллдің өзге кейпін қалыптастырған сияқты.

Грек құмырасының сыртында бейнеленген Македонский, б.з.б. 331 жыл. Лувр мұражайы, Париж

Ескендірдің ерте өмірден озуының бір факторы осы дастан желісі болса керек. Әмірхан Балқыбектің «Қасқыр құдай болған кез» атты еңбегінде автордың атцтектер империясының түбіне жеткен бір кітап дегеніндей, мен де осындай пікірге келіп отырмын. Ахилл Троя соғысына бармас бұрын, анасы: «Егер Трояға қол бастап барар болсаң, сенің атың мәңгі адамзат тарихында қалады. Мыңдаған жылдар бойы сен туралы жырлар айтылып, жазылатын болады. Дегенмен, сен ол жерден қайтып оралмайсың», - деген болатын. Бұл парадокс па әлде жай ғана сәйкестік пе? Ұлы Александрдың анасы Олимпия да оның шығысқа жасағалы тұрған жорығы туралы осындай пікірін айтқан екен. Жастайынан Ахиллдің болмысын танып білген Александр ұлы жорықтар жасауды таңдауға бел буады.

Ескендірді жерлеу рәсімі, ХІХ ғасырдағы иллюстрация

Қазіргі кезге дейін, ғалымдар арасында Ескендірдің өлімі туралы ортақ пікір қалыптасқан емес. 1996 жылы Евгин Борза есімді македонтанушы ғалым АҚШ-тың Мэриленд Университетінде Александрдың көне табытын ашып, медициналық сараптама жүргізеді. Сараптама нәтижесі бойынша, оның өліміне малярия және өкпе ауруы деген диагноздар беріледі. Бірақ басқа ғалымдардың пікірі өзгеше. Қолбасшының Азияға жүрісі барысындағы климаттық белдеудің ауысуы мен шөлді аймақтардағы тұтынған судың кесірі тигенін алға тартады. Дегенмен, оны да негізгі тарихи дерек деуге келмейді. Оның әскері Орта Азияның оңтүстік бөлігіне келгенде (Қарақұм аймағы, қазіргі Түрікменстан жері) судан уланады. Бірақ Ескендір мен оның үздік құрамына қысыр су әсер етпеген болатын. Себебі элита қолданған ыдыстарының күмістен жасалынғаны оларды аман алып қалғанын македонтанушы тарихшылар алға тартады.

Ескендір Империясы, б.з.б. 323 жыл

Ал бізге жеткен аңыздардың желісіне мән берер болсақ, кейбір деректерде батыр қолбасшы Олимптің төресі Зевстің ұлы деп те келтіріледі. Оның әкесі Филипптің таппаған абыройына кенелуінің бір себебі де осы ақиқатқа айналған аңыз болған болуы керек. Одан бөлек, Македонскийдің бірінші жұбайы Роксана біздің ата-тегіміз болған массагеттердің ханшайымы болған деген тарихи дерекке сүйенсек, оны өлтірген сол Роксана деп ой түйе аламыз. Себебі Макендонский көне түркі мекенін алуға талпыныс жасаған кезде, бабаларымыздың қаншама қаны төгіледі. Сосын бейбіт шешімнің бейнесі ретінде Ескендір мен Роксананың некесі қиылады. Өз туғандары үшін кек алған Роксана ханшайымның ерлігі, оған дейін жазылған Геродоттың «Тарих» еңбегінің жетінші кітабында сақтардың ерліктері туралы мәліметтерде келтірілген болатын.

Александр табыты, Түрік Археологиялық мұражайы, Стамбұл қаласы

Мақаланы жазу кезінде сіздерге біршама тарихи деректер мен жеке тұжырымдарды беруге тырыстық. Тарихтың шынайы бейнесін табу, расында, табылған деректерге тікелей байланысты болатындықтан, Ескендірдің құпиясы әзірге жабық күйінде қалып отыр. Ар жағында қандай ой түйесіз, енді ол сіздердің жеке бастарыңыздың талдауында болады.

Автор: Жолдас Өрісбаев

Сурет: thg.ru

Ж. Өрісбай