27 желтоқсан күні ұйқыдан тұрған жұрт қаралы хабарды естіді. Алматыдан Нұр-Сұлтанға бет алған Bek Air компаниясының ұшағы жергілікті уақыт бойынша 7:22-де апатқа ұшырады. Ұшақта 95 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.
1986 жылдан бері қолданысқа енгізілген бұл ұшақ тек 1997 жылға дейін шығарылған. Әлем бойынша әуеге көтерілген 283 ұшақтың 20-сы апатқа ұшыраған екен. 1993 жылы наурыз айында Македонияда әуеге енді ғана бет алған ұшақ ұзақ уақыт өтпестен әуежайдың маңында құлаған. Ұшақ қақ жарылып, өртке оранған. Әуе кемесінде болған 81 адам көз жұмса, 16-сы жарақат алған екен. Сарапшылардың ұшақтың механизмінде өрескел қателіктің болғанын анықтаған.
Араға үш жыл салып Бразилияда осыған ұқсас апат болды. TAM Transportes Aéreos Regionais компаниясына тиесілі Fokker 100 ұшағы Сан-Паулу - Рио-де-Жанейро - Ресифи бағыты бойынша кезекті рейсін орындауы қажет еді. Алайда ұшақ әуеге көтеріле салысымен оң жақ қозғалтқыштың тарту реверсі өздігімен қосылып, оң жаққа қарай ауып кеткен. Апаттан әуе кемесінде болған барлық 95 жолаушы мен ұшақ құлаған жерде 4 тұрғын қайтыс болды.
2001 және 2014 жылдары Fokker 100 ұшақтарының шасси тіреуіші істен шығып, әуежайға мәжбүрлі түрде қонған. Ал Қазақстанда бұған ұқсас бірнеше жағдай болды. 2016 жылы Bek Air компаниясына тиесілі ұшақ Астана әуежайына алдыңғы шассисіз қонды. Сарапшылар ұшақтың механизмі істемей қалғанын айтады.
2018 жылы Ақтаудан ұшқан Fokker 100 әуе кемесі 7 км биіктікті еңсерген соң кабинадағы биіктіктің көтеріліп кеткен жайлы дабыл қосылған. Ұшақ әуежайға оралған соң мамандар оны тексеріп, дабылдың дұрыс істемей тұрғанын анықтады. Сол жылы Bek Air компаниясының ұшағы Астанадан Алматыға бет алған. Алайда техниканың істен шығуына байланысты Астанаға қайта оралды.
27 желтоқсан күні Алматы маңында апат болған Fokker 100 ұшағының әуеге көтерілгеніне 23 жыл болыпты. 1996 жылы шығарылған ұшақ Қазақстанға 2016 жылы әкелінген. Ал биыл мамыр айында ұшуға рұқсат ететін сертификатын алған. Қазіргі уақытта Bek Air компаниясына осындай 6 ұшақ тиесілі.