Тархан деген қандай атақ?

Тархан деген қандай атақ?
Фото: pinterest.com

Ортағасыр тарихында тархан деген танымал атау бар. Оқулықтан көп кездестіреміз. Тархан атағын алған тұлғалар да баршылық. Ендеше тархан деген нендей атау, қандай маңызы бар атақ, соған тоқталып көрейік.  

Тархан – көшпелі түркі-моңғол халықтарында ерекше сіңірген қызметі үшін кәсіби әскерилерге берілетін жоғары дәрежелі әскери атақ (титул). Түркi-монғол халықтарының тiлдерiнде "тархан (дархан)" сөзi "ұста", "шебер" дегендi білдіреді. Қазақша "дархан" деуге де болады.

Түркi-моңғол халықтарындағы ең жоғарғы әскери атақ тарханның пайда болуы осы ұсталықпен байланыстырылады. Әскери атақ ретiнде тархан сөзі де әуел баста "әскери iстiң ұстасы, бiлгiрi, шеберi" дегенді білдірген болу керек.

Көшпелi халықтарда дархан дәрежесi – ерекше әскери қызмет үшiн берiлетiн атақ, оның дәрежесi феодалдық иерархияда ханнан кейiнгi лауазым болды. Тархан титулы кәсіби әскерилерге көрсеткен әскери қызметі үшін хан тарапынан беріліп, хан тамғасы басылған арнаулы "тархандық жарлықтармен" құжатталды.

Әбiлғазы "Түрiк шежiресi" атты еңбегiнде тархан туралы былай дейдi: "Тарханның мәнiсi былай. Бұл атақты алған кiсiден ешбiр алым-салық алынбайды, ханға кiргiсi келсе, есiкте оны ешкiм тексермейдi, өзi кiрiп, өзi шығады. Егер ол кiсi кiнәлi iс жасаса, тоғызға дейiн кешiрiледi, тоғыздан кейiн ғана сұралады. Бұл артықшылық одан тараған тоғыз ұрпаққа дейiн сақталады".

Әдетте әміршілер тархан атағына ие болғандарға иелігіне жер, қалалар, қоныстар мен тұрақтар берген. Яғни бұл әмірші мен кәсіби әскери ақсүйектер арасындағы сюзерендік-вассалдық қатынасты экономикалық тұрғыдан бекітудің де бір формасы болды. Сондықтан  тархан атағы әскери ақсүйектерге әлеуметтік артықшылықтар берумен бірге арнайы міндеттер де жүктеді. Тархандар және олардың ұрпақтары өз әміршісі болған ханға және оның мұрагерлеріне өмір бойы әскери қызмет көрсетуге тиісті болды.

Тархандық институты Алтын Орда қоғамында да кең дамыған болатын, онда "тархан" деп барлық қоғамдық міндеттерден азат етілген феодалдық ақсүйекте өкілдерін атаған. Тархан дәрежесі түркi халықтарында XIX ғасырға дейiн сақталды. Орыс боданындағы кейбір түркі халықтарында (мысалы, башқұрттарда) тархандар орыс патша үкіметіне жауынгерлік қызмет атқаратын әскери сословиеге айналды.

Тархандық көшпелі қазақ қоғамында да сақталды. Кәсіби әскерилер болған қазақ батырлары тархандар тобын құрады. Қазақ елі орыс бодандығына түскеннен кейін, патша үкіметінің саясатын орнату үшін, қазақтың кейбір ықпалды рубасылары болған билер мен батырларды тархан атағымен марапаттау жүйесі қолданыла бастады. Ең алғашқы рет тархан атағы императрица Елизавета Петровнаның 1743 жылдың 11 июліндегі арнаулы жарлығымен Шақшақ Жәнібек батырға берілген болатын. Кейін орыс патшасынан тархан дәрежесін (ұрпақтарына мұрагерлікпен) Тама Есет батыр, Сырым батыр, Тіленші батыр және т.б. да алды. Осы мақсатта Жоңғар қонтайшысы да қазақ батырларына тархан атағын берген болатын. Шоқан Уәлиханов Жоңғар қонтайшасы Ғалдан-Церен Малайсары батырға тархандық грамота бергенін жазады.

Бірақ қазақ қоғамындағы бұл кезеңдегі тархандық мәнінің өзіндік ерекшелігі болды. XVIII ғасырда орыс патшалық үкіметі өз боданындағы қазақтарға ешқандай қоғамдық міндеттерді жүктемегендіктен, тархан атағы кейбір патриархалдық-феодалдық ақсүйектер өкілдеріне берілетін құрметті титул ретінде саналып, оларға еш әлеуметтік артықшылықтар бермеді. Бұл атақ тек белгілі бір дәрежеде олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын күшейту мүмкіндігін кеңейтті. Патша үкіметі тархандарға иелігіне жер беріп, орыс базарларында еркін сауда жүргізуге рұқсат берді. Кейін Жәңгір хан да Бөкей ордасында тархан атағымен марапаттау дәстүрін жаңғыртып, би-батырларға "тархандық жарлықтарды" беріп отырған. Тархандар көшпелі қазақ қоғамында үлкен меншік иелері болған әскери-феодалдық ақсүйектерге айналды. Бірақ тархандар арасында мүліктік жағдайы орташа деңгейдегілер де болды. XIX ғасырда Қазақстанда хандық биліктің жойылып, орыстың саяси-әкімшілік жүйесінің енгізілуімен тархандық институты да жойылды.

Қ. Слямбек