Желтоқсан көтерілісі туралы 10 кітап

Желтоқсан көтерілісі туралы 10 кітап
Фото: kaztrk.kz

Желтоқсан көтерілісінен кейін публицистика, деректі шығармалар, көтеріліске қатысқандардың естеліктері топтастырылған біршама еңбек жарық көрді. Massaget порталы тарихшы, жазушы, журналистердің Желтоқсан көтерілісі туралы жазған 10 кітабын ұсынады.

"Желтоқсан-86", 5 томдық
Құрастырғандар: Б.Әбдіғалиев, Б.Көрпебайұлы

1-кітап. Ұлт теңдігі көтерілісі

Кітапта әйгілі "Желтоқсан-86" оқиғасы туралы тарихи деректер мен естеліктер топтастырылған.

2-кітап. Намыс оты алаулаған

"Желтоқсан-86" жинағының "Намыс оты алаулаған" деп аталатын екінші кітап сол бір сұрапыл уақытта көз жұмған, жапа шеккен, түрлі кудалауға ұшыраған желтоқсандықтардың өздері туралы және олар турасында айтылған естеліктер берілген.

3-кітап. Тәуелсіздік осылай басталған

"Тәуелсіздік осылай басталған" деп аталатын үшінші кітап желтоқсан көтерілісінің қалай басталғаны және оның калай өріс алғандығы баяндалады. Бүгінгі ел тәуелсіздігіне сол бір кезеңдердегі талпыныстардың тигізген әсері, ықпалы болғандығы айтылады. 

4-кітап. Әділет жолындағы қасірет

"Желтоқсан-86" жинағының "Әділет жолындағы қасірет" деп аталатын төртінші кітабында желтоқсан көтеріліcінде әділет іздеп, азап шеккен ұрпақтың адал ниеті, алаң көңілі, тағдыр тәлкегі туралы кеңінен баяндалады Сондай-ақ, жастарды жаппай жазалауға әмір бергендер мен оны орындаушылардың қылмыстық әрекеттері әшкереленеді.

5-кітап. Елдікті сақтаған ерлік.

"Елдікті сақтаған ерлік'" деп аталатын бесінші кітапта Желтоқсан көтерілісінің тілді, ел аумағының тұтастығын сақтап қалудағы мәні ашып көрсетіледі. Азаттық үшін арпалысқандардың ерлік ісіне жаңаша көзқараспен баға беріледі.

"Біз білмейтін Желтоқсан"
Болатбек Төлепберген

"Біз білмейтін Желтоқсан" кітабындағы төрт бөлім бір-бірімен тығыз байланысты. Мұнда Желтоқсан дүмпуінің қалай басталғаны мен ол туралы зиялылар ұстанымы, берген бағасы және Желтоқсан қаһармандарының тізімі мен олардың естеліктері берілген.

"Алматы. 1986. Желтоқсан", 5 томдық
Құрастырған: Талғат Айтбайұлы

1-кітап

Бірінші томға 1986-1992 жылдарда жазылған мақалалар беріліп отыр. Алматы көшелеріне бейбіт ұранмен шыққан жастар неге соққыға жығылды? Қазақ жастарын Алаңға алып шыққан себеп не еді? Кітап осы сауалдарды алға тартып, жауап іздейді.

2-кітап

Бұл кітапқа негізінен 1992 жылдан кейінгі жарияланған мақалалар топтастырылған. Кітаптағы тың ақпараттар, желтоқсан оқиғасына қатысушылардың естеліктері кім-кімді де қызықтыра түсері сөзсіз.

3-кітап

Кітаптың бұл томына, негізінен, Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығы кезінде жинақталған материалдар енгізілді. Көрнекті қоғам қайраткерлері мен саясаткерлердің, ғалымдар мен тарихшылардың, қарапайым қоғам мүшелерінің ой-толғаныстары топтастырылған.

4-кітап

Бұл кітаптан естелік материалдарды, зерттеуші-ғалымдар және оқиғаға байланысты құрылған комиссия құрамында болып, азаматтық борышын адал атқарған журналистердің мақала, сұхбаттарын оқи аласыздар.

5-кітап

Кітаптың бұл томына енген материалдар негізінен облыстық зерттеуден кейінгі жылдары жарияланған дүниелерден тұрады. Оқиғаға қатысушылар мен оның куәгерлерінің естелік әңгімелері сол бір ызғарлы уақыттың ащы ақиқатын аша түсуге септігі тиетін дерек, дәйектерімен де баурайды.

"Алматы 1986: Желтоқсан", 3 томдық
Құрастырғандар: Талғат Айтбайұлы, Т. Зейнәбіл

1-кітап

Ақиқат жолы ауыр, шындықтың соқпағы шырғалаң екеніне елімізде ғана емес, кешегі Кеңес Одағында, тіпті әлемдік ауқымда айрықша бетбұрыс нышаны болған 1986 жылғы Желтоқсан котерілісі айқын дәлел. Сол бір ызғарлы уақыттан бері жиырма жыл өтіпті. Әйтседе көтеріліс құпиясы әлі анық айтылмай келеді.

2-кітап

Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын ашуға арналған айғақ-кітаптың бірінші томына бұрын жарық көрген үш жинақ енгізілсе, екінші томға негізінен 1992 жылдан кейінгі жарияланған газеттік дүниелер топтастырылып отыр. Бұрын-соңды айтылмаған ақпараттар, қанды оқиға естеліктері молынан ұшырасады. Авторлар құрамы да бай. Бұған дейін "көтерілісті кім ұйымдастырды?" деген сауал сан мәрте алға тартылып, соңы жауапсыздықпен бітетін еді. Сөйтсек, оның әуелгі қозғаушысы бар екенін "Жас Алаш" газетінде жарияланған белгілі қоғам қайраткері, заңгер-ғалым, Желтоқсанның ақиқатын ашуға барынша атсалысып жүрген Сабыр Қасымовтың сұхбатынан анық аңғардық. Кітап сол сұхбатпен үндес берілген басқа да материалдармен кім-кімді де қызықтыра түсері сөзсіз.

3-кітап

Айғақ-кітаптың бұл томына, негізінен, Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығы кезінде жинақталған материалдар енгізілді. Көрнекті қоғам қайраткері, сұңғыла саясаткер-дипломат М.Есенәлиевтің терең толғанысқа толы ойлары айтылып, қазақ жастары козғаған мән-мағынасы аса салмақты мәселелер әлі күнге шешілмей келе жатқаны кітапқа енген әрбір дүниеден анық аңғарылады. Тағы да алдыңыздан "Неге? Неге олай?" деген сауалдар атойлай шығады. Және жүздеген авторлардың жазғандарын біріктіріп, миллиондаған қайрансыз қазақтың ойын жеткізген қомақты жинақ "Неге?" деген сұрақпен аяқталады. Дегенмен Желтоқсан шындығын аша түсуге сәл болса да ілгері қимыл жасалғанына иланасыз.

"Желтоқсан қарлығаштары"
Болатбек Төлепберген

"Желтоқсан қарлығаштары" публицистикалық кітабында 1986 жылғы Алматы қаласындағы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақ қыздарының қайсарлығы турыл сыр шертілген. Желтоқсан көтерілісінің тұтануына түрткі болған жайттардан бастап, желтоқсандық қаһарман қыздардың тізімдері мен олардың естеліктері берілген.

"Қазақтың Желтоқсаны: Деректі хикаяттар мен мақалалар"
Қайыммұнар Табеев 

Кітапта XX ғасырдың соңына қарай әлемнің Еуразиялық бөлігін тұтастай алып жатқан кеңестік қызыл империяның іргесін шайқалтқан, төрткүл дүниеге серпін берген әйгілі 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасы баяндалады. Ұлт республикаларын жетпіс жылдан астам уақыт бойы тас бұғауда ұстап, сан мыңдаған адамның тағдырын күйреткен тоталитарлық мемлекеттегі ең алғашқы бас көтерген, ұрпаққа ұран болған тәуелсіздік қарлығаштары – қазақ жастарының ерлігі, оларды қолдаған бүкіл халықтың тағдыр-тауқыметі суреттеледі.

"Желтоқсаннан кейін..."
Жұмат Әнесұлы

Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастардың есімдері бертінге дейінде белгісіз болып келді. "Қанды қырғыннан аман қалған қыздар" мақаласында сол көтеріліске қатысқан қыздардың есімдері 19 жылдан кейін ғана белгілі болып отыр. Тәуелсіздік алғаннан кейін таратылған бұрынғы Торғай облысы елінің мұңы да осы кітапта біршама айтылған. Сондай-ақ халқымыздың ұлттық мәселелері де Ж.Әнесұлының басқа да мақалаларына негіз болған.

"Желтоқсан ызғары: 1986 жылғы оқиға оқырмандарына ескерткіш"
Тоқтар Бейісқұлов

Әдебиетші, журналист Талғат Бейісқұловтың бұл кітабы – 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматыда болған бейбіт шеру, елді дүр сілкіндірген оқиға, буырқанған жастардың асау толқыны, оның рухани сананы, ұлттық арнамысты астан-кестең қопарған ғаламат күш-қуаты жөнінде, әміршіл-әкімшіл жүйе кезіндегі басшылықтың адам құқын аяққа таптаған өктем істерін әшкере ету туралы публициститикалық зерттеу-толғау.

"Желтоқсан эпопеясы"
Мұхтар Шаханов

Жазушы Мұхтар Шахановтың "Желтоқсан эпопеясы" атты үш томдық деректі романында тоталитарлық жүйеге қарсы, 1986 жылы қазақ топырағында ашу-ыза жарылысы ретінде бой көрсеткен Желтоқсан көтерілісі туралы ой-толғаулары, түрлі философиялық тұжырымдары тиісті құжаттар негізінде баяндалады.

"Қасиеттім - Желтоқсан!"
Болатбек Төлепберген

Кітапта 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қалай басталғаны, шарықтау шегі, қалай аяқталғаны жазылған. Еңбекте Желтоқсан оқиғасына қатысты Конституциялық соттың 12 томдық материалдары мен мұрағаттар құжаттары пайдаланылған. Сонымен қатар кітапта сол кездегі жастардың алаңға беттеп бара жатқан суреттері берілген.

Massaget.kz