Насрулла ат-Таразидің ағартушылық мұрасы

Насрулла ат-Таразидің ағартушылық мұрасы
Фото: Издательский дом «Медина

Тек қазақтың ғана емес араб әлемінің белгілі ғалымы, шығыстанушы, Тараз қаласының тумасы Насрулла ат-Таразидің есімі бүгінгі қазақ қоғамына жақсы таныс деп айта алмаймыз. Кеңес Үкіметінің солақай саясатының салдарынан елден кетіп, Ауғанстан, Мысыр елінде білімін толықтырып профессор атанған тегі қазақ азаматы жайлы деректер Интернет беттерінде де аз кездеседі. Massaget.kz редакциясының жеке поштасына ҚР Орталық мемлекеттік архивінің қызметкері Омаров Б.Б мырзадан хат келіп түсті. Насрулла ат-Тарази жайлы тың деректер осы хатқа басылыпты. Оқырман назарына дәл сол ақпараттарды еш өзгеріссіз ұсынамыз!

Насрулла ат-Тарази өзінің ағартушылық жұмысын Каир қаласында 1967 жылы бастады. Айн-Шамс университетінде парсы тілі мен түрік тілдерін және олардың әдебиеттерін, содан кейін Каир университеті мен әл-Әзһар университетінде дәрістер бере бастады. Дәрістерінде қолданылған кітаптарымен қоса, өзі қызмет жасайтын Мысыр Ұлттық кітапханасындағы қолжазба әдебиеттерін де материал ретінде пайдаланды. Бұл деректерге біз ҚР ОМА сақтаулы құжаттарды қарастыру барысында көз жеткіздік. Дәріс оқып жүріп, өзі тарапынан тіл қағидаларын үйретудің өзіндік жолдарын қарастырды. Нәтижесінде 1971 жылы араға небәрі төрт жыл салып Каир университетінің әдебиет бөлімінде «Түрік тілінің граматикасы»[1] деген 47 беттік оқулық құрастырып шығарды.

Бұл оқу құралы араб тілінде түсіндіріліп, мысалдар  түрікше (латын әрпімен) және араб әріптерімен түрікше беріледі (көне Османлы тілінде). Кітаптың басында көне түрік тіліндегі (Османлы тілі) алфавиттер саны 32 екендігін, оның 28 араб алфавиті, ал төртеуі парсы алфавитінен енгендігін және оларды көрсетеді. Екінші тақырып- қазіргі қолданыстағы түрік алфавиті, олардың араб алфавитінде дыбыстық таңбасының сәйкестіктері берілген. Бұл кітаптың грамматикалық реттілігі араб тілін оқытатын кітаптардың реттілігі секілді. Мысалы: араб тілі грамматикасы да  «сөз», «сөздердің түрлері» және есім сөздерден бастау алады. Араб тілді оқырмандар түрік тілін оңай үйрену үшін, автор сол жергілікті оқыту жүйесіне сәйкестендіріп, өз кітабында сөз және есім сөздерден бастайды. Зерделеп қараған және тіл білімінің ұстазы ретінде бұл кітапқа анықтама ретінде жеке ойымыз, түрік тілін жалғастырушы шәкірттерге арналып құрастырылған. Ұстазсыз кітапты тіл үйренуші өзі түсінуі мүмкін емес. Университет студенттерінің жоғары курстарына көне османлы тілін оқыту үшін қолданылмаса, төменгі курс студенттері үшін өте ауыр оқулық. Алайда, әр оқулықтың өзіндік әдіснамасы бар. Бұл оқулықтың артықшылығы сол, мұнда көне османлы және қазіргі түрік тілдерін бір оқулықтан алып шығуға болатындығы. Алайда, оған ұзақ уақытпен түсіндірулер қажеттігі туындайды. Алайда, ұстазымыз Насрулла ат-Тарази мырза қиыннан-қиылыстратын тұлға. Бұл кітапты құрастырудағы өзіндік тәсілдері болғанына сеніміміз кәміл. 

Профессор Насрулла ат-Тарази 1974 жылы тағы да бір 21 беттен тұратын тіл құралын түрік тілінде құрастырып шықты. Бұл оқулықтың атауы қолмен жазылған және алғашқы бетінде бір парағы, яғни «Сөйлем және оның түрленуі» деген алғашқы дәрісі қолмен жазылған. Оқулықтың негізгі қағидалары машинкамен теріліп, оған мысалдар қолмен жазылған. Оқулықтың соңында тақырып бойынша түрік тілінде мәтіндер беріліп, олардың жанына көне османлы (араб әріптерімен) тілінде қосымшалар беріледі. Бұл құрал түрік тілін білетін, бірақ көне османлы тілін білмейтін студенттерге арналған.

Келесі тіл оқулығы «Османлыжа уә Түркше өргениёрум. Мәтинлерле.» (Османлыша және түрікше үйреніп жатырмын. Мәтіндерімен бірге). «عثمانلجه  تركجه اوركرهنيوروم»[2] 1974-1975 жылдар аралығында қолмен жазылған 110 беттік тіл үйрету оқулығы. Бұл қойын дәптерге жазылған ескі түрік тілінің кішігірім  қағидаттары және османлы тіліндегі мәтіндер. Бұл құрал негізінде практикалық тіл жаттықтыруға арналған. Қолжазба жинақтың артықшылығы араб әріптерімен жазылған түрік тіліндегі мәтіндерді дұрыс оқуға машықтандырады. Тағы қосымша, қолжазба ретінде қалдыруы көне хаттарды оқуға да мүмкіндік береді. Осы мақсатқа орай, кейбір әріптер көне жазулардың үлгісінде беріледі. Мәтіндер түрлі тақырыптарда берілген. Кейбір мәтіндер латын алфабитімен (қазіргі түрік тілінде) берілген, бұндай тәсіл көне османлы мәтіндерді оқу барысында және оны түсінуде көп жеңілдіктер жасайды.

«Дустур забан Фарсия» «دستور زبان فارسى»[3] парсы тілінің граматикасы. 1978 жылы Иран ұлттық мәдени халықтық телерадиосының демеушілігімен 1000 данамен Қаир қаласында басылып шығарылды. Кітапқа кіріспені Насрулла ат-Таразидің өзі жазып, араб – парсы тілдерінің қатынасы ежелден екендігіне тоқталады. Ислам дінінің Иран жеріне келуімен екі тілдің бір-біріне деген әсерін баяндайды. Соның ішінде Құран кәрімді аудару, оған түсіндірмелер жазу, парсы тіліне араб тілінің біршама енуіне, діни терминдердің сол қалпында парсылардың арасында қолданыс табуына әкеліп соқты. Автор өз сөзінде, бұл кітап парсы тілінің ережелері араб тілінде сөйлейтін оқырмандарға арналғанын айтады. Кітап «Сағғада» баспасынан екі түрлі нұсқада бір жылы басылып шығарылды. 

Кітапты қолдану барысында араб әріптерінен өзге парсы дыбыстарының өзіндік таңбаларын латын әріптерімен көрсетеді. Мысалы:

پ(Р)   -       پدر – پارسا – پير – پشم – پنير.          

چ(tch) -       چاکر – چاچلوس – چشم – چدر – چرم.

ژ(J)  -                   ژاژ – ژوليده – دژ – گژدم – مژده.

گ(G) -        گل – گويا – گروه – گرم – گام.

Жалпы әріптермен таныстыруды аяқтап, артынша парсы тілінде сөйлемнің құрылымына көшеді. Мысалы:

مبتدأ + خبر + رابطه‘ ويا مسند إليه + مسند + رابطه.

فاعل + مفعول صريح + مفعول بواسطه + فعل

Үйренушілер үшін бұл кітаптың қиындығы сол, грамматикалық ережелерді түсіндіру барысы да парсы тілінде. Кітап негізінен парсы тілін орта деңгейде білетін университет студенттеріне арналғаны көрініп тұр. Кітапты автор негізгі үш бөлімге бөлген. Бірінші бөлім – синтаксис, екінші бөлім – морфология, үшінші бөлім – мәтіндер. Бұл екі бөлімде парсы тілінің грамматикалық ережелерін парсы тілінде түсіндіріп, грамматикалық ережелерді пысықтауға арналған жаттығулар қоса берілген. Ал соңғы бөлімде парсы тіліндегі ескі және қазіргі мәтіндер, өлең жолдарынан үзінділер, шағын қисса-әңгімелер топтастырылған.

Османлы түрік тіліндегі құжаттар (Сұлтандардың пәрмендері, бұйрықтары, шығарған қарарлары мен диуандары және т.б құжаттар таңдамалылығы) Араб тілінде, кейбір мәтіндер түрік – османы тілінде. Машинкалық және қолжазба нұсқа. Қатты қара мұқабада.

 وثائق تركية عثمانية مختارات من المنشئات والرسائل الديوانية والفرمانات السلطانية والحجج الشرعية مع نبذة من الفواتح والخواتيم [4]

Османлы түрік тілінің қысқаша қағидалары және мәтіндер. Араб тілінде, кейбір мәтіндер түрік – османлы тілінде. Машинкалық және қолжазба нұсқаларда.

النبذة في قواعد اللغة التركية العثمانية والنصوص

Бұл екі кітап бір қатты мұқабамен қапталып, 1 кітап ретінде түптелген. Кітаптың алғысөзін жазған Насрулла ат-Тарази. Кітаптағы кейбір сөздерге түзетулер мен қосымшалар енгізілген. Османлы түрік тілінде жазылған бұйрықтардың кейбір көшірмесі желімделіп, қоса жабыстырылған. Кітаптың соңында бұл еңбек Дарул-кутубте (Мысыр ұлттық кітапханасында) 7910 және 7911 нөмерімен сақталғаны жазылған. Кітаптың сыртқы мұқабасының қайырмасында Насрулла ат-Таразидің ескертпесі жазылған. Онда бұл екі кітапша асығыс әзірленгендігін жазады. Сондықтан да кей беттерде қаламмен толықтырулар мен қосымшалар енгізіп, кейін баспадан шыққанда ескерілетіндігін, бірақ осы кітапшалардың өкінішке орай қазір қолында баспадан шыққан нұсқасы жоқ екендігін жазады. Бұл екі кітапты 1985 жылы Сауд Арабиясындағы бауырым доктор Абдулла Мүбашшир ат-Тарази араб тілінде түсінік жазып басып шығарды. Кітап «Түрік тілінің грамматикасы арабша түсініктерімен» деп аталады. Ал кітаптың османлы құжаттарына қатысты бөлімі өз алдына кітап болып Каир қаласында екі рет басылды деп жазған.

1999-2000 оқу жылынан бастап әл-Әзһар университетінің гуманитарлық ғылымдар факультеті түрік тілі және оның диалектілері бөлімінің қыздар тармағында бірінші курстан төртінші курсқа дейін өзбек тілін оқыту басталды. Бұл шараны ұстаз Насрулла ат-Тарази аса құлшыныспен өз басшылығына алды. Өйткені, бұл тіл Мысыр университеттерінде алғашқы рет оқытылып отырған еді. Сондай-ақ, Айн-Шәмс университетінің әдебиет факультетінде де 2000-2001 оқу жылдары аралығында бастауын табады. Осыған орай ұстаз ат-Тарази «Өзбек тілін үйренемін» деп аталатын оқулық құрастырды. Кейін өзбек тілінің грамматикасы мен морфологиясы және мәтіндер жиынтығы бар оқу құралын әзірледі.[5]

Түйіндей келе, ұстаз ат-Тарази тіл маманы ретінде дайындалған оқыту құралдарын пайдаланып қана қоймай, оқыту құралдарын өзі құрастырып шығарды. Орталық мемлекеттік архивте сақтаулы (2300-қор) құжаттардың ағартушылық бөліміне назар аударған жан Насрулла ат-Таразидің кітап құрастыру процесіне куә болады. Алдымен бір тәсілді қолданып оқу құралы ретінде машинкалық немесе қолжазба жинақ ретінде студенттер арасында оқулықты практикаға асырады. Кемшілік тұстары болса қайта басып немесе қолжазба ретінде жазып, түзеп қайта студенттерге таратады. Ақыр соңында шыңдалып сыннан әбден өткізілген нұсқалар басылымға ұсынылып кітап ретінде шығарылады. Бұл Насрулла ат-Таразидің ағартушылығындағы өзіндік жеке әдістерінің бірі. Жоғарыда аталған архив құжаттарының арасында бір құжат екі немесе одан да көп қайталануы мүмкін. Бұндай жағдайда тіл оқыту құралдары бірінен соң бірі тәжірбиеден өткізілген деп түсінуіңіз керек болады. Және тағы бір айта кетер бір жәйт, ол 2017 жылы ҚР ОМА-ның арнайы шақыртуымен келген Насрулла ат-Таразидің мұрагері Мубарак ат-Тарази келген болатын. Сол кісінің айтуынша, қазіргі кезге дейін Мысыр университеттерінде Насрулла ұстаздың құрастырған «Өзбекше үйренемін» атты кітабымен дәрістер беріліп жүргендігін тілге тиек етті.

Насрулла ат-Таразидің ағартушылық қызметіне қатысты құжаттар

1. Түрік тілінің грамматикасы

Араб тілінде, кейбір мәтіндер түрік-османлы тілінде. 1971 жылы 48 беттен тұрады. Машинкалық нұсқада.

قواعد اللغة التركي

2. Түрік тілінің қысқаша грамматикасы

Араб тілінде, кейбір мәтіндер түрік-османлы тілінде. Қолжазба және машинкалық нұсқа. 1974 жылы жазылып 22 беттен тұрады.

النبذة في قواعد اللغة التركية

3. Османлыжа уә Туркше өгрениёрум (Мәтинлерле)

(Османлыша және түрікше үйреніп жатырмын. Мәтіндермен бірге). Түрік тілінде, араб және латын әліппесінде. Қолжазба нұсқадағы қойын дәптер. Қойын дәптердің 7 беттің қайырмасында және 8 беттерінде сабақтардың мазмұны беті және қандай тақырыпта екендігі 139 көрсетілген. Осы қойын дәптерде түрік тілінде мәтіндер, өлеңдер кейде қос әліппеде, ал кейде тек латын әліппесінде жазылған. Қойын дәптерде 32 сабақ қос тілде, яғни, бір бетте араб әліппесімен, ал келесі бетте латын әліппесінде. 6-шы сабақтан бастап, әр сабақтың соңында өткен сабақты пысықтауға арналған сұрақтар берілген. 1975 – 1976 жылдар аралығында жазылып 110 бетті құрайды.

عثمانيجه وتركجه اوكره نيورم

4. Дустур забан фариси (Парсы тілінің грамматикасы)

Парсы тілінде. Кітап жұмсақ мұқабада. Типографиялық нұсқа. Кітаптың алғы сөзін Насрулла ат-Таразидің өзі жазған. Кітапқа Насрулла ат-Таразидің жеке мөрқалыбы басылған. Кітапты автор негізгі үш бөлімге бөлген. Бірінші бөлім – синтаксис, екінші бөлім – морфология. Бұл екі бөлімде парсы тілінің грамматикалық ережелерін парсы тілінде түсіндіріп, грамматикалық ережелерді пысықтауға арналған жаттығулар қоса берілген. Ал соңғы бөлімде парсы тіліндегі ескі және қазіргі мәтіндер (өлең жолдарынан үзінділер, шағын қисса-әңгімелер) топтастырылған. Кітапшаның соңында кітап мазмұнымен қоса баспадан кеткен қате сөздердің дұрысталған үлгілері де берілген. 1978 жылы жазылып 102 беттен тұратын кітап.

دستور زبان فارسي / تأليف نصرالله مبشر الطرازي

5.1) Османлы түрік тіліндегі құжаттар (Сұлтандардың пармандары, бұйрықтары, шығарған қарарлары мен диуандары және т.б құжаттар таңдамалылығы). Араб тілінде, кейбір мәтіндер түрік-османлы тілінде. Машинкалық және қолжазба нұсқа. Қатты қара мұқабада. 1980-1981 жылдары жазылған. 

 وثائق تركية عثمانية مختارات من المنشئات والرسائل الديوانية والفرمانات السلطانية والحجج الشرعية مع نبذة من الفواتح والخواتيم

2) Османлы түрік тілінің қысқаша қағидалары және мәтіндер. Араб тілінде, кейбір мәтіндер түрік-османлы тілінде. Машинкалық және қолжазба нұсқаларда. 1984 жылы жазылып, екі кітаптың парақ санын қосқанда 78 бетті құрайды.

النبذة في قواعد اللغة التركية العثمانية والنصوص

Бұл екі кітап бір қатты мұқабамен қапталып, 1 кітап ретінде түптелген. Кітаптың алғы сөзін жазған Насрулла ат-Тарази. Кітаптағы кейбір сөздерге түзетулер мен қосымшалар енгізілген. Османлы түрік тілінде жазылған бұйрықтардың кейбір көшірмесі желімделіп, қоса жабыстырылған. Кітаптың соңында бұл еңбек Дарул-кутубте (Мысыр ұлттық кітапханасында) 7910 және 7911 нөмерімен сақталғаны жазылған.

6. Османлы түрік тілінің қысқаша қағидалары

Араб тілінде, кейбір мәтіндер түрік-османлы тілінде. Машинкалық нұсқадан көшірме. Жинақтың алғашқы бетіне Насрулла ат-Таразидің қолтаңбасы қойылған. Алғы сөзін жазған Насрулла ат-Тарази. Жинақтың соңғы жағында мәтіндер берілген. 1981 жылы жазылған және 32 беттен тұрады.

7. Османлы түрік  тілінің грамматикасы

Авторы: Насрулла ат-Тарази. Араб – көне түрік тілдерінде. Баспадан шыққан кітап. 1994 жылы басылып 62 бетті құрайды.

دراسات في البلاعة التركية العثمنية والعروض والقوافي

8. Түрік тілінің қысқаша грамматикасы

Араб тілінде, кейбір мәтіндер түрік-османлы тілінде. Машинкалық нұсқа. Бұл жинақтың жылы белгісіз, 16 беттен тұрады.

النبذة في قواعد اللغة التركية

9. Өзбек тілінің морфологиясы

Араб тілінде. Компьютерде жазылған нұсқа. Араб тілінде, бірақ мысалдары өзбек тілінде латын әрпімен жазылған. Бұл жинақтың жылы белгісіз, 12 бетті құрайды.

10. Өзбек тілінің грамматикасы

Қазіргі түрік тілінде. Компьютерде жазылған көшірме нұсқа. Өзбек тілінің фонетикасы, грамматикасы және морфологиясы жайында қысқаша мәліметтер, мысалдар беріледі. Жинақтың қай жылы жазылғандығы белгісіз. 16 беттен тұрады.

11. Османлы түрік  тілінің грамматикасы

 

Авторы: Насрулла ат-Тарази. Араб әріпімен жазылған, түрік тілінде. Қолжазба нұсқада. Бұл жинақтың да жылы көрсетілмеген. 50 беттен тұрады.

دراسات في البلاعة التركية العثمنية والعروض والقوافي

12. Өзбекше үйренемін (өзбекше араб әліппесінде жазылған)

Араб және латын әрпімен жазылған өзбек тілінде. 1999 жылы жазылып, 30 бетті құрайды.

اوزبكجية اوركانة من / أتعلم اللغة الأوزبيكية

13. Өзбекше үйренемін (өзбекше араб әліппесінде жазылған)

Араб және латын әрпімен жазылған өзбек тілінде. Қолжазба нұсқа. 1999 жылы жазылып, 14 бетті құрайды.

اوزبكجية اوركانة من / أتعلم اللغة الأوزبي

Жоғарыда аталған құжаттарды Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы 2300 қордан қарауларыңызға болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. ҚР ОМА. 2300 қор. 1 тізімдеме. 182 іс.
  2. ҚР ОМА. 2300 қор. 1 тізімдеме. 184 іс.
  3. ҚР ОМА. 2300 қор. 1 тізімдеме. 186 іс.
  4. ҚР ОМА. 2300 қор. 1 тізімдеме. 190 іс.
  5. «Түркістан өткені мен бүгіні».  

Аударған Ы.Палтөре «Орталық мемлекеттік архив» РММ. Алматы, 2017 ж.

А. Қажиев