Даниялық балықшы Атлант мұхитын жалғыз кесіп өткен

Даниялық балықшы Атлант мұхитын жалғыз кесіп өткен
Фото: be-cause-blog.com

1875 жылы АҚШ-тың Глостер қаласының жергілікті балықшылары сыра ішіп, масайып отырған кез болатын. Оқыста балықшылардың бірі Атлант мұхитын балық аулауға шығатын қайығымен жүзіп өтетінін айтады. 27 жастағы Дания азаматы Альфред Енсеннің ержүректігі достарына белгілі болса да, достары тарапынан бұл идея ақылға қонымсыз деп табылады.

Енсен балық аулаумен айналысып, жүрек жұтқан теңізші атанған еді. Оның қайсарлығын жақсы білетін достары ақымақтық жасамауын өтінеді. Ал Альфред айтқан сөзінен бас тарту ер ісі емес екенін өмірлік ұраны деп білетін.

Ол алыс сапарына жаңа желкенді қайық құрастырады. Енсен қауіпті саяхатын АҚШ Тәуелсіздігінің жүзжылдығына арнауды жөн көріп, жаңа желкенді серігіне "Жүзжылдық" (Сентенниеэл) деген атау береді. Ол 1876 жылдың 16 маусымында Глостер қалашығынан Еуропаға мұхит асу сапарына шығады. Атлант мұхитын кесіп өту үшін Енсен 2500 миль (4023.36 шақырым) қашықтықты жеңуі тиіс болатын.

Саяхаттың басынан Альфред мұхит дауылына тап болады. Ол бар күшін салып, қайықтың бағытын ұстап тұруға тырысады. Кейде оған сапар барысында үлкен кемелер ұшырайды. Кемедегілер Енсеннің мұндай қауіпті жолға шыққанын көріп таңданады екен. Олар Альфредке кемеге мінуін ұсынғанымен, тәжірибелі балықшы алған бетінен қайтпайтынын айтады.

Дауылдардан діңкесі құрыған Енсен сапарының соңына таяп қалған кезде тағы да қиындыққа тап болады. Клир-Айленд ирланд аралдарына жақын маңда боран тұрып, дауыл көтеріледі. Ол қайығынан құлап кетіп, беліне байлап алған арқанның көмегімен аман қалады. Дауыл кезінде оның бар азығы мен тұщы суы суға кетеді. Сонда да бар күшін жинап, Альфред Енсен 9 тамыз күні Англия жағалауына аман жетеді.

Ол ағылшынның Сент-Дейвис мүйісінде екі күн аялдап, Ливерпуль қаласына бет алады. Тағы бірнеше аптадан кейін Енсен қарама-қарсы бағыттағы сапарына қамданып, Глостерге жол тартады.

Альфред Енсен Америкаға нағыз қаһарман кейпінде оралады. Достары Альфредтің ерлігіне риза болып, оны "Жүзжылдықтың Енсені" деп атайды. Ол дауылды Атлант мұхитын ешқандай техникалық мүмкіндіксіз кесіп өтуге болатынын дәлелдеді. 

Ж. Өрісбай