- Негізгі бет
- Тарих
- Көне египеттіктердің мысыққа...
Көне египеттіктердің мысыққа табынғанын білесіз бе?
Көне Египетте жануарларға табыну әдеткі жағдай болған. Соның ішінде мысық ерекше құрметтелген.
Мысықтар үшін Египетте зәулім ғимараттар салынған. Оған тағзым еткен. Ал олар өмірден озған кезде мумияландыратын болған. Археологтар Бен-Хасан қаласынан мысықтардың зиратын табады. Ол жерде 180 мыңнан астам мысықтың жерленгені мәлім болады. Матаға оранған (мумияландырылған) мысықтар бағалы тастармен көмкерілген, алтын және күміс сағаналарға жатқызылған екен.
Көне Египетте мысық өмірден озған жағдайда оның қожайыны қаралы мезгілді өткеру үшін қастарын қырып тастайтын болған. Жанып жатқан үйден ең алдымен мысықты алып шығады екен. Абайсызда біреу мысықты өлтіріп алатын болса, сол үшін басы кетуі де әбден мүмкін болған. Оларға осынша мәртебе не үшін берілді? Қызығушылық танытып, бір сәт ойланып көрдіңіз бе?
Көне заманнан бері көптеген өркениет иелері бір емес бірнеше құдайға табынатын болған. Ал әрбір құдайдың бейнесі табиғи ортамен байланысты болады. Олар көбінесе жануарлардың бейнесімен суреттеледі. Ал мысық болса бала сүю, жемісті күнге жетелейтін Ай құдайы Бастаның ресми бейнесі болған. Басында Күн құдайы (египеттіктердің басты құдайы) Раның сіңлісі болады. Оның басы мысықтың, денесі адамның бейнесі болып суреттелген екен. Ондайларды көне заманда «химерлер» деп атаған.
Египеттік абыздар мысық пен күнді көп салыстыратын болған. Алдымен оның көзі. Күн көкке көтерілген кезде мысық көзінің қарашығы кішірейе түседі екен. Сосын күн өз бағытымен батқан кезде, мысықтың көздері қайтадан үлкейетін болған (бұл қазір де орын алатын құбылыс). Египеттіктердің түсінігі бойынша, күн көрінбей қалған кезде мысық айналаға үлкен жарық көздерімен қарайды. Осылайша, мысықтың көздері екі кішірейген күн есебінде саналатын болған. Оның көздері арқылы өзге әлемге назар салуға болады деп, египеттіктер оған табынған.
Ж. Өрісбай